Тараздың төрінде «Қазақ хандығына - 550 жыл» атты тарихи монумент ашылды (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараздың төрінде «Қазақ хандығына - 550 жыл» атты тарихи монумент ашылды (ВИДЕО)

11.10.2015
Тараздың төрінде «Қазақ хандығына - 550 жыл» атты тарихи монумент ашылды (ВИДЕО)

Осыдан 550 жыл бұрын мына байтақ далада қазақ баласы ұран салып, ірге бөлді. Бұл - ол дәуірге дейін басталған ел құрау деген үздіксіз процестің зор нәтиже берген белгілі бір кезеңі еді.

Негізі, ел құрау – алдымен топ құру, қоғамдасу, мүдделестердің ұйысуы, қалау-ниеті бір қауымдардың бірігіп, одақтасуынан туатын нәтиже. Әрине этникалық, діни-наным, тілдік, салт-дәстүр, дүниетаным үйлесімі секілді анықтамалар да ел құраудың негізгі компоненттері екеніне дау жоқ.

Дегенмен, басты әрі нақты көрсеткіш географиялық мекен. Ал, сол мекенде мемлекет құрау, мемлекет болып тұру, өшіп қалып қайта жану, дәуірлеу мен құлдырау, өзгеге үстемдік жасап, кейін есе жіберу, бұрынғы боданыңа өзің бодан болу секілді қайшылықтар заман ақырға дейін жалғаса бермек процесс. Алма-кезек дүние деп бір-ақ кесіпті қазақ ақсақал.    

Осы аптада дүние жүзіндегі иісі қазақ Тараз тойына көз тікті. Тақым қысты, ұран салды, қиқу қосты. Есі шығып қуанған да бар, еріксіз көзіне жас алған да бар, толқып, тебіренген де көп. Мұндай ала-құйын сезімдерді бір арнаға құйсақ - өткенге салауат айта отырып, бүгінгі қазақтың ел құрауына нәр беретін сүйініш өзені жайнаң қағып ағар еді.

«Біздің тарихымыз бастауын сақ, ғұн, түркілерден алып, Керей мен Жәнібек хандардың Шу алабына көшіп, Қазақ хандығының туын көтеруімен жалғасады. Біз бұл мерекені тарихымыздың терең екендігін бүкіл әлемге таныту үшін, өскелең ұрпаққа жеткізу үшін өткізіп отырмыз». Бұл - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі. 

Азаттықтың арқасында айдарынан жел есіп, алты алашқа сауын айтылған тойға ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та арнайы келіп қатысты. Елбасы алдымен Қазақ хандығының 550 жылдығы монументіне аялдап, осы жерге жиналған қауымды тарихи мерекемен құттықтады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елордамыздан бастау алып, 2 мың жылдық тарихы бар Тараз қаласында жалғасқан бұл мереке біздің халқымыз үшін, әсіресе, келер ұрпақ үшін өте керек еді. Біз - бодандық кезінде өз тарихымыздан ажырап қалған елміз. Біздің тарихымыз терең екенін жастарға көрсетпесек, мәңгілік ел боламыз деген идеямыз орындалмайды. Сондықтан, осы жылдар ішінде көне тарихымызды жер-жерден іздестіріп, тауып, жазып, жинап, есімізге түсіріп келе жатырмыз.

Тараздың төрінде орналасқан тарихи монумент «Қазақ хандығына - 550 жыл» деп аталады. Ескерткіштің негізгі діні - мына тұрған стелла.

Оның биіктігі 27 метрден асады. Ол таза ақ мәрмәрдан жасалған. Сегіз қырлы. Басындағы белгі - Ұлықбектің жұлдызы деп аталады.

Ал, стелланың екі жағында екі хан - Керей мен Жәнібек тақта отыр. Керейдің қолында қағаз бен қалам бар. Ол хандықты алғаш осы өңірде құрылғандығы туралы Жарлық етіп жатқанын білдірсе керек.

Ал, Жәнібектің қолында - найза. Тізесінде қылышы бар.

Жәнібек ол заманда жас, жас та болса - хас батыр болған. Соның қайрат, қажырын білдеретін қарулары қасында.

Ескерткіштегі найзалардың ұзындығы - 14 метр. Сәулеті дәулетіне сай бұл композициялық туындынының авторы - Серік Рүстембеков.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көне Тараз, Жамбыл облысы - әр уақытта менің ең жақсы көретін өңірім. Сонау тарихымыздан бер қарайтын болсақ, Таразды айтпай кетуге болмайды. Орталықта үлкен музей ашылып жатыр. Қазба жұмыстары жүруде. Әлі де талай-талай жаңалықтар ашылады. Жамбылда талантты жастар өсіп жатыр, көп шаруалар жасалып жатыр. Биылғы жыл ауыл шаруашылығы үшін өте жақсы жыл болды, деп санаймын. 

Болашақтың бекем болмағы - өткенді өнеге етуден басталады. Оны Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев талай жиында, сан мәрте айтып жүр.

Тектұрмастың етегін жайлаған Таразда да Мемлекет басшысы осы ойды өз сөзіне өзек етті. Қазақтың хандық дәуірінің 550 жылдық торқалы тойы - Тәуелсіздіктің тартуы деді.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз кеше ғана бола қалған халық емеспіз. Сақтардан, ғұндардан Түрік мемлекеттерінен кейін, Алтын ордадан қалған Керей мен Жәнібек артына ел ертіп, Шудың жағасына ту көтерген кезде Қазақ деген сөз сол кезде шыққан болатын.  Соны дүние жүзіне паш ету үшін, әсіресе, өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыз тарихы терең екенін білсін деп, осыны жасап отырмыз. 

Азаттықтың арқасында өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Бұған еліміздің әр жерінде бой түзеген хандар мен батырлардың еңселі ескерткіштері мен бабалардың өнегелі өмірі өрнектелген том-том жинақтар жарқын мысал.

Ұлы бабалардың асқақ арманы орындалды. Дархан дала төсін мекен еткен Мәңгілік ел ұлы істердің ұйтқысы - Ұлы дала еліне айналды. Қазір халықаралық қауымдастықта қазақпен санаспайтын, қазақты танымайтын халық кемде-кем. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осының барлығы біздің ұрпақтың ата-бабалардың аманатына адалдығы, Ұлы дала рухына тағзымымызды білдіреді. 17 мемлекеттен арнайы осы тойға келген меймандарға рахметімізді айтамыз. 

Тарихы тереңге тартатын Тараздың ескерткіштері ежелден елеулі, жәдігерлері де көп мекен. Сол жәдіргерлер қатарына Қазақтың айбынын асқақтатып, абыройын тасытатын монумент қосылды.

Ресми шараға келген халықтың қарасы көп. Бәрінің тілегі, жүрегі, ниеті бір. Ол береке мен бірлік ұстынға ұйыған.

Әшірбек Көпіш, «Өнер» баспасының директоры:

Халық болып, ел болып көтеріліп, Қазақ халқының төл перзенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың туын тігемін деген бір арманы орындалды. Дәл осындай күнде бүкіл халықтың мерейі, бүкіл елдің мықты мемлекеттілігінің үстемділігі және келешекке бастаған нұрлы жолы деп есептеймін.

Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымдарының докторы:

Тамыры терең, Еуразия кеңістігінде, Орта Азия кеңістігінде мемлекет құру дәстүрі бар ерте заманнан бергі үзілмей жалғасып келе жатқан халықпыз. Қазақ хандығының 550 жылдығы соның бір айғағы. Біздің мемлекеттігіміздің белгілі бір кезеңі. Ал, бүгінгі жаңа сұраныстарға жауап беретін мемлекетті 1991 жылы құрдық. Бүгінгі мемлекеттігіміз сол Қазақ хандығының логикалық жалғасы.

Керей мен Жәнібек хандар - Алтын орданың заңды мұрагері. Осыдан бес жарым ғасыр бұрын жеке дара қазақ хандығын құрған қаһарман ұлдар.

Арада бес ғасыр өтсе де, Керей мен Жәнібектің қолындағы байрақ әлі күнге жығылған жоқ. Керісінше, қазіргі тәуелсіз Қазақстан жеткен жетістіктің бәрі хандық дәуірмен тарихи сабақтасып, астасып жатыр.

Осы тарихи сабасқастықтың үзілмес жалғасы - хандықтың 550 жылдық мерейтойы. Қазақ Көшбасшысы «Бұл өзіміз үшін өткенді ұлықтау болса, сырт көзге байырғы ел екенімізді ұқтыру», деп сабақтады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тарихымызға үңілетін болсақ, Қазақтың тарихының бәрі - бірігу тарихы. Қазақ басын қосып, біріккен кезде ешбір жауға берілмеген. Жеңіп шыққан. Қазақтың басы ыдырап, жан-жаққа бөлініп, ел-ел болып кеткен кезде жау басып алған. Осы тәлімді еш уақытта естен шығармау керек. Біз енді өз тарихымызда көпұлтты болып қалдық. Ешкімнің кінәсі жоқ. Олардың барлығын ішімізге сыйғызып, құшағымызға алып, бір ел, бір жұрт қылып жасап отырмыз. Сонда ғана болашағымыз жарқын болады.

Кезіндегі көк базардың орнында қазір «Көне Тараз» мұражайы мен мұндалап тұр. Ат шаптырым аумақты алып жатқан нысанға Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келді.

Хандық тойына арнап салынған баққа оң баға берді. Саябақ дегенде бұл бір ғимарат емес, бірнеше сәулет ескерткіштерінің басын қосқан бірегей кешен.

Құрамында мұражай, Достық үйі, шолу мұнарасы мен Мыңбұлақ бағы бар. Кешеннің жалпы аумағы - 9,4 гектар. Археологтар мыңжылдық мәдениетті қойнауына бүгіп жатқан аумақты аршып әлек. Қазбаға құштар жандар осы жерден ортағасырлық оқу орны мен алтын көмбе тапқан.

Қазақ тарихтың қадірін білетін ел. Сән салтанаты жарасқан кең тынысты саябақ соны меңзеп тұр. Елбасы аспан астындағы мұражайды асықпай аралап, тарихшылармен  емен-жарқын тілдесті.

Қырым Алтынбеков, суретші-реставратор:

Көне Тараз археологиялық паркінде елеулі істер атқарылды. Қазба жұмыстары өз алдына, енді бұл жәдігерлерді сақтап қалудың маңызы зор. Бұл деректер біздің терең тарихымызды айғақтайды.  Мұнда әлемдік тарихтың жауһарлары көп.   

Керей мен Жәнібектен бергі иісі қазақтың бәрі тарих сахнасынан ойып тұрып орын алатын қуатты мемлекет құруды армандады. Рас, арман алдамады. Қазақтың кеудесіндегі үміт оты бірде лаулап, бірде өшудің аз алдында тұрса да сөнбеді. Әр қазақ қасық қаны қалғанша арпалысты, тәуелсіздіктің туын тігуге тырысты. Ақыры Алаш азат ел атанды.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу