Басты Жаңалықтар Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ саммитіне қатысу үшін Нью-Йоркке келді

Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ саммитіне қатысу үшін Нью-Йоркке келді

Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ саммитіне қатысу үшін Нью-Йоркке келді

Әлемнің бас мінбері қойылған Нью-Йорктегілер кешелі-бері сабылып жатыр. Біріккен ұлттар ұйымының саммиті басталды. Бұл жолғы жиынның ептеп ерекшесі бар – ұйымның биік органы Бас Ассамблея – 70 ші сессиясын шақырды.

Біріккен Ұлттар Ұйымына бізбен бірге 193 ел мүше. Әзірет Сұлтан мешітінде тұрып Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқан үш кеселдің бірі – жер дауынан біз аман болғанымызбен өзге жұрт тып-тыныш отырған жоқ.

Израиль, Палестина, Йордания, Ирак, Пәкістан, Сирия, Түркия, Кипр, Армения мен Әзірбайжан, Молдова, Украина, Ресей мен Жапон тағысын тағылар деп түгендесең тізім жалғаса береді. Яғни, жер дауы - жаһанның сыздаған шиқаны.

Бұл мәселеде әлдінің әлсізді жейтініне көзіміз анық жетті. Кейде бабаларымыз жортқан құба жон, құнарлы мекендерді, сулы да нулы, қайырлы болған жұрттарды қайтарса шіркін, әлі де қалың қазаққа құт мекен болып отырған таулы ия қыратты, көкорай шалғын жайылымға өзіміз ие болсақ ше деп біздің де арман қыларымыз, теріскейге иә күн шығысқа күн сала қарап қоятынымыз жасырын емес.

Біріккен Ұлттар Ұйымы - дәл осындай дау-шарлардан қатқан жараны жазып жібермесе де ептеп жылымық саясатқа ықпал етуге бейілді ұйым, қолайлы алаң. Бұл жолғы жиынға 150 мемлекеттен 1-ші басшы келмек.

Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жоспар бойынша сол 150 ел  ішінен алғашқылар қатарында биік мінберден сөз алады. Қазақстан үшін ұйым қаншалықты маңызды?

Жайнагүл Төлеміс, тілші:

БҰҰ ұйымын сарапшылар кейде «жаһандық үкімет» деп атайды. Бұл баламаның жаны бар. Өйткені, жүз елу көшбасшыны бір жерге жию - жаһандық тариxта сирек  қайталанатын оқиға. Халықаралық құрылымды, ұйым төрағасы Пан Ги Мунды – «әлсіздердің  арашашысы», деп те атап жүр.

Өйткені, БҰҰ қамқорлығына алған ірілі-ұсақты мемлекеттердің мүддесіне  теңдей қарайды, ешкімді бөліп жармайды, кейде әлсіз елдерге әлімжеттік көрсеткен  алыптарға қарата өктем  ой айтады.

Ұйымның басты  мұраты – шартараптағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету. Ендеше, бейбіт жолмен дамуға бағдар алған кез-келген елге  БҰҰ үлкен дос, бізге де ниеттес әрі қамқоршы. 

Қазақстан Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ әлемдегі қуаты жағынан  төртінші орында тұрған   жойқын ядролық қару  арсеналынан ерікті түрде бас тартты.

Жас мемлекеттің бұл ерлік ісін БҰҰ жер-жаһанға үлгі етеді. Нық  сенімге құрылған ұйыммен арадағы байланыстар жыл сайын жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Өйткені БҰҰ, Қазақ көшбасшысының бір де бір ұсынысын  елеусіз қалдырған жоқ.

Нью-йорктегі ұйымның штаб пәтерінде Елбасы оншақты рет болды. Бас Ассамблеяның мінберінен  әлденеше рет кесек-кесек ой айтты. Семей полигоны жабылған күн  тамыз айының 29-ын тек қазақ емес, жаһан қазір xалықаралық ядролық қаруға қарсылық күні ретінде атап өтеді. 

Қазақ Президетінің бұл бастамасына қолдау көрсетіп әлем назарын  аударған –БҰҰ. Ол – бір. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру туралы бастаманы да Нұрсұлтан Назарбаев Бас Ассамблеяның  47 сессиясында ұсынды. Бұл құрылым да өміршеңдігін дәлелдеп үлгерді.

Семей, Арал аймағын қалпына келтіру, бүтін Орталық Азиядағы елдердің экономикасын оңалтуды көздейтін БҰҰ арнайы бағдарламасын құру – бүгінде жүзеге асқан  бастамалардың бір ширегі ғана.

Нью-Йорк Ұйыммен әріптестіктің екі бағыты Қазақстан  үшін аса маңызды. Екі әріптес жылдар бойы  әлем елдерін ядролық отынды әскери мақсатқа жарату ниетінен бас тартуға  шақырып келеді.

Келісімшартқа үн қосқан елдер бар, қол қоюдан бас тартқан мемлекеттер әлі  бар. Осы игі істің тағы бір жалғасы елімізде МАГАТЭ-нің xалықаралық отын банкингі орналасатын болды. Жуырда Астанада тиісті құжаттарға қол қойылған.

Чарльз Мартин, АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі:

Қазақстан – жаһандық  жаппай қырып  жою қаруын таратпау саласындағы сөзсіз көшбасшы мемлекет. Бұл көшбасшылыққа 25 жыл толды. БҰҰ саммиті аясында осы тақырыпта да қызу талқылаулар болады. Біз сіздермен ынтымақтасатынымызға және тәжірибе жинақтайтынымызға қуаныштымыз.

Екінші іргелі бағыт – лаңкестікке, есірткі тасымалына қарсы күресте күш біріктіру. Қазақстан БҰҰ осы мақсаттағы он үш xалықаралық  конвенцияға қосылды. Нью-Йоркте бұл жолы Даиш xалықаралық лаңкестік ұйымына  қарсы тұру шараларын ойластыру үшін мемлекет басшылары тағы бір саммитте бас қосады.

Елбасы осы жиында Ауғандағы аxуалды баяндайды.  Ирак, Сирияда талай бейбіт шаһарды талқандаған қылмыстық топтар Ауғанстанға жетіп, шекаралас елдердің берекесін алуға әрекеттенеді, деген ақпар да жоқ емес. Ендеше бізге ұйымның әлі де қамқорлығы керек.

Сонымен, БҰҰ жаһан көшбасшыларына өзара өкпені ұмыт, дейді. Сондықтан, Нью-Йоркте  Америка Құрама Штаттарының президенті  Барак Обама мен Ресей президенті Владимир Путин оңаша жолығуы да мүмкін.

Саммитте күн тәртібінен  тыс бес жүздей кездесу жоспарланған. Келіссөздердің саны тіпті мыңға да жетуі мүмкін. БҰҰ бітімгерлер үшін қырық ғимарат дайындап отыр.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Бөлісу