Халықаралық нарықтағы мұнай ахуалы қалай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық нарықтағы мұнай ахуалы қалай?

27.09.2015
Халықаралық нарықтағы мұнай ахуалы қалай?

Біздің ел үшін, көршілеріміз үшін де тіпті, біздің тұтас аймақ үшін мұнай нарығының сипаты өте маңызды. Сарапшылардың кейбірі мұнай бағасы 2016 жылы 100 долларға дейін қымбаттауы мүмкін, деп болжайды. Әрине, бұл экономика үшін жағымды болжам.

Александр Разуваев, ТМД және Қазақстандағы «Альпари» инвестициялық компаниясы сараптамалық департаментінің директоры:

Қазір мұнай тасымалдаушы елдер ұйымы мен АҚШ арасында текетірес жүріп жатыр. Бұл жағдайда ОПЕК мұнай бағасына қатысты соғыста жеңіске жетері белгілі. Мұны біз байқап отырмыз.

Ал, бұдан америкалық компаниялар шетінен банкротқа ұшырап, бағаның бұрынғы қалпына келу мүмкіндігі туады, деп сенеміз. Бүгінде мұнай бағасының төмендігінен біраз елдер зардап шегуде.

Алайда, Қазақстан, Иран, Ресей және Венесуэла азаматтары сәл сабыр етсе, нарықтың «көрінбейтін қолы» осы саладан америкалықтарды шеттететіні анық.

Сонда мұнайдың баррелі 100 долларға жетеді деген сөзіміз шындыққа айналады. Шынайы мұнай бағасының қайта оралуы Қазақстан макроэкономикасы мен бюджет  бүйірінің толуына жол ашады.

Әрине, мұнай құны қымбаттаса, біздің пайдаға шығарымыз даусыз. Алайда, Американың «Wall Street Journal» газеті бір бөшке «қара алтынның» келесі жылғы құнын 53 долларға бағалап отыр.

Негізі дәл осы «қара алтын» нарығының күйреуіне жуан мемлекеттердің өзара құпия пәтуасы себеп деген де пікір бар. Бұған «теория заговора» деген айдар тағып, Ресейдің кейбір саясаткерлері ашық айтса, сарапшылары кәдімгідей зерттеді де, тіпті дәледеген тезистер де жарық көрді.

Бұл пікірдің түп төркіні былай, АҚШ пен Батыс ыңғайға көнбеген Ресейді титықтату үшін өзара келісіп, мұнай құнын қасақана құлдыратып отыр-мыс. Сол үшін Ираннан саңкцияларды сыпырып алып тастады, мұнай қоры мол Саудиямен келісті, ОПЕК-ті де ыңғайға көндірді деген пікір.

Негізі бұл жөнінде біздің сарапшылардан да сұрау салғанбыз, кесіп айтуға дәлеліміз жоқ десті. Кім білсін. Ал, дәл қазір мұнайдың тым арзан екені факт. Былай қарасақ, қазақ мұнайы қосақ арасында кеткен секілді.

Яғни, ірі ойыншылардың есебі біздің шикізат саудасына қырын келгендей. Бірақ, біз өзі көршіге мінгескен жұртпыз, ал ескі қазақ «әуелі мінгеспе, мінгескен соң үндеспе», деген нақыл қалдырыпты.

Қай болжамның бұрыс, қай болжамның бұрыс екенін алдағы 12 ай нақты көрсетіп береді. Ал, Америка экономикасы екінші тоқсанды өсіммен аяқтап, Федералдық резерв долларды қымбаттатуға бір қадам жақындатты.

Осы аптада мұнай нарығының минусынан плюсы көп болды. Мәселен, жұма күні екі мәрте өткен саудада да «қара алтынның» құны өсті.

Оның техастық маркасы Нью-Йорк биржасында шамамен 1 пайызға жуық қымбаттап, 45 доллар 34 центке сатылды. Ал, «Бренттің» 1 баррелінің құны Лондонда 48 доллар 17 центке дейін көтерілді.

Бірақ, бағаның ертең қандай болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Өйткені, қазір әлемнің энергетикалық шикізат базарында тұрақтылықтан тұрақсыздық басым болып тұр.

Лео Келли, экономикалық сарапшы:

Мұнай – өз бағасын өзі реттеп отыратын шикізат. Оның нарқы өссе, компаниялар көп пайда табу үшін өндірісті арттырады. Ал, шикізат көбейсе, бағаның түсетінін білесіз. Баға төмендейтін болса, сұраныс артады. Демек, мұнай қайта қымбаттайды. Бүгінгі жағдайды осылай ғана түсіндіруге болады.

Соңғы күндері шикізаттың қымбаттауына әлемдік нарықтағы отын қорының азая бастағаны себепші. Оның үстіне, Құрама Штаттарда сақталған мұнай көлемі 2 миллионға жуық  бөшкеге кеміген. Ал, апта басында дәл осы Америкада бұрғылау қондырғыларының саны азайғаны анықталды.

2016 жылы қара «алтынның» бағасы қанша болады? Бұл сауалға жауап іздеп жақында «Wall Street Journal» газеті банкирлер арасында сауалнама жүргізді.  Зерттеу қорытындысына қарағанда,  келесі жылдың соңына дейін энергетикалық шикізат құны 53-64 доллар аралығында болады.

Мұнай нарқын шарықтатпай тұрған негізгі факторлар – Иранның санкциядан босап, саудаға отынды бұрынғыдан көп шығару мүмкіндігі және ОПЕК елдерінің өндірісті азайтпауы. Бұл шикізаттың арзандауы мұнай экспорттаушы елдердің экономикасын әлсіретіп, дүниежүзілік сұранысты төмендетіп, тіпті ғалам экономикасының дамуына қауіп төндіріп тұр.

Кристин Лагард,  Халықаралық валюта қорының директоры:

Өсім төмен. Әрине, дамудың бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, ол мардымсыз. Ғаламдық экономиканың қарқынын төмендететін қауіпті факторлар бұрынғыдан жоғарылау болып тұр. Сол факторлардың бірі – шикізат бағасының арзандауы. Дамуға кері әсер ететін екінші жағдай  – Қытайдағы өсімнің ойдағыдай болмауы.

Қытай демекші, оның экономикасының қарқынының бәсеңдеуі жапон тауарларының айлақтарда тұрып қалуына себепкер болып отыр. Осы аптада жарияланған деректерге жүгінсек, Жапония экспорты былтырғы жылмен салыстырғанда 4,6 пайызға төмендеген.

Ал, Құрама Штаттарда екінші тоқсандағы өсім болжамдағыдан жоғарылау болып, 3,9 пайызға жуықтады. Мұнда экономиканы алға сүйреген -  халықтың тауарға ақшаны көбірек жұмсауы және  құрылыстың қарқын алуы. Бірақ, Америкадағы өндірістік  ахуалдың жақсаруы өзге елдерге жақпайтыны белгілі. Өйткені, доллар қымбаттайды.

Осыдан екі күн бұрын АҚШ Орталық банкінің басшысы мәлімдеме жасап, экономика күшейіп келе жатқандықтан, пайыздық ставканы көтеруге бағыт алғанын ескертті. Федералдық резерв жүйесінің жетекшісі Джанет Йелленнің айтқаны келсе, Америка ақшасының нарқы өсіп,  халықаралық қаржы институттарынан несие тарту қиындайды.

Джеймс Беван, инвестиция жөніндегі сарапшы:

Мені Йеллен ханымның жыл соңына дейін пайызды көтеру идеясынан бас тартпаймыз дегені таң қалдырды.  Федералдық резерв ел сыртындағы жағдайды да ойлауы тиіс қой. Мұндай мәлімдемелерден кейін ғаламдық экономикадан жағымды жаңалық күту дұрыс емес.

Доллар апта соңында еуроның қасында 0,23 пайызға, ал жапон уеніне қатысты 0,41 пайызға көтерілді.

Ал, мынау Үндістанның Сурат қаласындағы әлемге әйгілі кәсіпорын. Мұнда дүниежүзіндегі гауһартастың 80 пайызы егеліп, тегістеледі. Былтыр бұл компания жұмысшыларға бонус ретінде автокөлік үлестіргенді. Биыл жағдай қиын.  Қытайдың экономикасы әлсіреп, сұранысы төмендегендіктен, үнді гауһартастарының экспорты 35-40 пайызға қысқарған.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу