Басты Жаңалықтар Экономистер: Экономикалық ахуал түзелгенше, үнемшіл болған абзал

Экономистер: Экономикалық ахуал түзелгенше, үнемшіл болған абзал

Экономистер: Экономикалық ахуал түзелгенше, үнемшіл болған абзал

Сөйтіп, өз экономикамыз бар, әлем экономикасы бар, доллар жыры бар сіздерді ептеп ойлантып қойғандаймыз. Енді қайттік демеңіз, тағы бір рецепт бар. Ол - үнем. Абай атамыз айтқан, «бес дұшпанның бірі – бекер мал шашу».

Мақтан үшін, баянсыз мадақ үшін, сондай-ақ бір өзіміз де жете түсіне бермейтін «ұят болады» үшін ақшаны оңды-солды жұмсап жүре береміз. «Дүние бір пұлдан», деуші еді бұрынғылар.

Төрегелді Шарманов, Қазақ Тағамтану академиясының президенті:

Әртүрлі көріністер бар. Біреулері нан алып жеуге ақшасы жетпейді. Кейбіреулер мүмкіншілік, тоқшылықтың әсері де болар, бірақ тоқшылықты асыра түсінбестік бар. Осындай жағдайда тұрған уақыттарда біздің қазақ үнемдейтін болады.

Үнемшіл деген сөз ол қатыгез немесе бір басқа ұғым емес, үнемшіл деген өте бір жақсы ұғым. Күнделікті киіп тұратын костюмің болса, пальтоң болса жылы, енді оны артықтан кереметке тырыса берудің қандай қажеті бар? Көркемдік сырт бейнеде емес, көркемдік адамның терең ойында, пікірінде, адамның тартымдық қасиеттерінде.

Біздің қоғамның әсіре тойшыл екенін қазір екінің бірі айтады. «Тарта жесең тай қалар, қорқа жесең қой қалар, қоймай жесең нең қалар» деген мәтел қалдырыпты соңына атам қазақ.

Балғайша апа осы үйдің бас есепшісі. Балалары жұмыста. Олар табыс табады. Жан бағуға жетеді. Ай соңында апамыз қолына қалам алып, кіріс пен шығысты есептейді.

Балғайша Тұрғанәліқызы, зейнеткер:

Отбасылық шығынымыз 200 мыңның ар жақ, бер жағы болып қалатын шығар. 200 мың. Пәтерақы мысалы ай сайын, қыста қымбаттау, 30 мыңдай төлейміз. Ал жазда 20, 23 солай. Әртүрлі. Одан кейін енді ішіп-жем тамақ, немерелерімнің жүріп-тұруы. Қыдыруы, ойыншықтары, балабақшасы оған енді 150 мыңдай кетеді. Қызымның машинасының өзіне 20-ның сыртында ақша кетеді.

Бұл бір отбасының 1 айлық шығыны. Мұның сыртында дәрі-дәрмек, келімді-кетімді қонақ тағы бар.

Балғайша Тұрғанәліқызы, зейнеткер:

Бір табақ етіңнің өзі 15-20-ға барып қалады кейде. Шайдың жабдығы өзінше ғой. Кісісіз отырмаймыз. Кісі шақырамыз. Шақырған жерден қалмаймыз. Зейнетақыны  алып соған, кейде жетпей қалып жатады, Аллаға шүкір жеткізуге тырысамыз.

Балғайша апа асты ысырап қылмаймыз, бәрінің есебі бар, дейді. Тіпті кірген дүкендерінен чек алып, оны да ұқыптап жинап қояды. Осылайша, баға саясатын үйде отырып-ақ бақылайды.

Тағы ескертейік, бұл Астанада тұратын, орта табысты отбасының шығыны. Ал басқа халықтың жайы қалай? Айлық шайлыққа жетпейді деп шағымданатындар көп. Қалалықтардың көбі пәтер жалдап тұрады, одан қалса, бас-басында бір емес, бірнеше несиеден бар.

Айнұр Омар, тілші:

Қазақ пен несие. Біздің қоғамда бұл түсінік егіз сияқты болып кеткен. Үй аламыз-ипотека, жиһаз аламыз несие, соңғы үлгідегі телефон алғымыз келеді, қолын созып банк дайын тұрады, жаңа көлік алғымыз келеді тағы несие, құндыз ішік киеміз-несие аламыз. Тіпті құда шақырып қонақ күтсек те, несие алуға дайын тұрамыз. Банк бізге тегін беріп жатқан сияқты. Бірақ, алмақтың салмағы бар.

Төрегелді Шарманов, Қазақ Тағамтану академиясының президенті:

Той деген нәрсе қауіпті нәрсе. Ат шаптырып, көлік тігіп, жұрттар жетіспей жатқанда неғылған дүние бұл? Мен білемін, нан алуға мұршасы келмей жатқан, балаларының тойын өткізу үшін несие алып, пәтерінен айрылып жатқан адамдар көп.

Той үшін несие алу-шығын мен ысыраптың шарықтау шегі. Қазақ жомарт, қазақ мәрт. Жомарттың қолын жоқ байлайды деген мәтел қазір өзекті емес, елден қалмау синдромы асқынып тұр.

Айнұр Өмірова, психолог:

Біздің халық көрсеқызар. Өзінің шамасын бағамдай алмайды. Бір-бірінен қалыспау үшін қарызға өмір сүру – біздің қоғамның дерті болып кетті. Менің алдыма ажырасуға арыз айтып келетін отбасылар көп.

Басым бөлігінің проблемасы – несие. Психологияда «комплекс неполноценности», деген ұғым бар. Бұл біздің ұлтымыздың жалпы болмысына келеді, өзін басқадан кем сезіну.

Бала кезінен «жұрттың баласы сондай», «елдің баласына қарашы»  деп баламызға өзге біреуді үлгі қыла  берудің соңы осыған әкеп тірейді.

Қазақтың бақуатты өмірге ұмтылғаны жақсы. Сәулетті үйде тұрып, дәулетіне сай қымбат көлік мінсін. Бренд киім кисін. Құнарлы тамақ ішсін. Жақсы демалсын.  Әр адам ұмтылуға тиіс армандар.

«Адам ең көп қажеттіліктің астында қалған бейшара»,-деген бір ғұламаның сөзі бар. Біздің қоғам дәл осы қажеттіліктерге жетуге тым тыраштанып кетті. Кедей бай болуды, бай құдай болуды көксейді.  Кей қазақтың салтанат сүйгіштігі араб шейхтерінен де асып түседі.

17 миллион ғана халық. Ішкені алдында, ішпегені артында. Мінгені - «майбах». Мына деректі қараңыз. Қазақстанда 2555 - «Porsche», 261 - «Bentley», 78 - «Maybach», 48 - «Rolls-Royce», 20 - «Ferrari», 11 - «Lamborghini», 1 «Bugatti Veyron» көліктері бар.

Ол аз десеңіз 180 мың еуро тұратын «Tesla Model X»  маркасына 10 адам тапсырыс беріп қойған.  Жыл санап салынып жатқан «элиталық» үйлер. Іші Италияның еменін иіп жасалған жиһаз, соңғы үлгідегі техника мен технология.

Айнұр Өмірова, психолог:

Мұндай адамдар туралы тек  бір нәрсе айтуға болады. Олар өзіне сенімсіз, өзін өзгелерден кем санайтын жандар. Мақтанатын, үлгі қылып көрсететін басқа ештеңесі болмаған соң  тек байлығын көрсетеді. Өкінішке қарай, бізде қазір қаржылық емес, руһани дағдарыс белең алды.

Қоғамның «руһани дағдарысын» көргіңіз келе ме? Тойға барыңыз. Апта сайын, себепті, себепсіз жасалатын той көп. Ниетіміз түзу, қазақ тек тойда жиналсын деп тілейік. Бірақ...

Баянды Сахария,  асаба:

Әр кез сайын, әр жыл сайын бір ерекшелігімен, әр жыл сайын бір аспа-төкпелігімен ерекшеленіп келе жатыр той. Ол экономикалық ауытқулар кері зиянын тигізіп немесе бір тартынып жатқан қазақты көрген жоқпыз.

1990 жылдары тоқырау кезінде де 4 жерден қант, 2 жерден майын қойып дастарханын гүл жайнатқан қазақ қазіргідей мамыражай кезде одан да керемет мықты-мықты тойлар жасап жатыр.

Баянды 12 жылдық асабалық қызметінде тойдың түр-түрін көрген. Тіпті, тойбастар мен кәдесый деп «айфон» таратқан ағайлар, қазақ тойына келіп ән салған Шакирамен бірге бұрала билеген апайлар.

Соңғы кезде той деген екі жастың үйленуі ғана емес, бесік тойдан басталып, мерейтоймен қосталып кете береді. Ал, үйлену тойлары қуаныш пен ақ тілектен гөрі құда-құдағилардың бәсекесіне айналған. 

Бота Серікқызы, той ұйымдастыру агенттігінің директоры:

Бізге ұзату жеке, ұлдың жағы жеке, негізгі той деп келеді. Бірақ, екеуі шпион сияқты. Бірінші ұзатуға тоқталайық, дейді. Безендіру бойынша осындай-осындай керек дейді де, шоу бағдарламасына қатысты  үндемей қалады.

Баянды Сахария, асаба:

Егер ұзату той жақсы болып кетсе, онда жігіт жақта ұйқы жоқ деген сөз. Өйткені, ұзатудан бір саты жоғары болу керек дегендей. Құдаларға бір кезде бантик байлады, бір кезде мынандай белгі байлады, енді төсбелгілер «Құдалар» деген. Қазір үкі тағып кіргізіп жатыр. Бұрын  Үкілі Ыбырай, үкілі домбыра болса, қазір үкілі құдағи бар.

Қазақтың бәсекеге қабілеттілігі де осы тойда көрінеді.

Бота Серікқызы, той ұйымдастыру агенттігінің директоры:

Қазіргі тойлардың көбі еуропалық жаңалықтарды жақсы көреді. Тойға барамыз.  Маған клиенттер келеді: «Ана тойда анау болыпты,  менің тойым бұдан да жақсы өтсінші», деп. Жаңа бір нәрсе көрсе, бірден соны қалап тұрады.

Орта деңгейдегі той шамамен 200-300 мыңға шығады. Яғни, бұл тамақ емес, тек қана безендіру, шоу бағдарламаға ғана. Ал, қымбат тойлардың бағасы бір миллионға дейін барады.

Қазақ тойының түрленгені сонша, қазір тақырыптық тойларға көштік. Тойхана ішін Англия, Венеция стилінде әрлеу, Оскар тақырыбында қонақтарды қызыл кілеммен жүргізу, Тиффани стилінде безендіру. Қыз бен жігітті театрландырылған көрініспен алып шығу. Қысқасы, ысырапта есеп жоқ.

Баянды Сахария, асаба:

Мейрамхананың  ішін әуе компаниясы сияқты үлкен әуе кемесі ұқсатып істеген. Тамада шықпас бұрын «Тың-тың, құрметті қонақтар!» деген секілді. Содан бәрі отырғаннан кейін жігіт пен келін «Жар-жар» айтқан кезде өздерінің жүк сөмкелерін сүйретіп кіреді. Кешігіп келген адамдай.

Орта есеппен алғанда, қазақ қазір тойына кем дегенде 2 миллион теңге шығындайды. Бірақ, қаржылық дағдарыстан қысылып-қымтырылған ешкімді көрмейсің.

Гүлнар Зинашева, мейрамхана иесі:

Қазақтар жалпы балалар үшін өмір сүреді, балалар үшін жинайды. Негізгі тойларды жасап жатыр. Енді былтырға қарағанда биыл той аз өтті деп айта алмаймын.

«Күнде жиын, күнде той», деген осы. Той өз шығынын өзі өтейді деп қонақтарға сеніп, көрпесіне қарамай көсілетіндер  де көп. Үнемшіл болыңдар дейді, экономистер, үнемдеуді үйреніңдер деп Президент те талай айтты. Үнемшілдік – сараңдық емес, сараң болмаудың өз -  байлық. Ал үнемдегеннің ұпайы түгел.

Айнұр ОМАР

Бөлісу