Қазақ хандығының 550 жылдығы – ел болып күткен ұлық мереке
«Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ...». Бұл – Президенттің сөзі. Кеңестік саясат қазақтың арғы шежіресін жоққа шығарып, Қазан төңкерісінен бері ғана тарих түзді. Ол уақытта ғалымдардың да қолы байлаулы болып, төл тарихқа қосылар соны мұралар тұралап қалды.
Ел егемендігін алғаннан кейін ғана бұл сең қозғалды. Тарихқа деген жаңа көзқарас қалыптасты. Қалыптастырып жатқан, әрине тарихшыларымыз. Бұрын ары кетсе Мәскеу кітапханасын аралайтын ғалымдар үшін енді шартарап ашық.
Қазақ хандары мен би-болыстардың бейнелері де өзге қырынан көріне бастады. 24 жыл деген аз, әрине. Төл тарих әлі де қатталып жатыр. Басты мұрат – келешектің қазағына ұлтымыздың бай тарихын, таным-мәдениетін қаз-қалпында аманаттау.
Осы апта мерекеге орай түрлі шаралар өтті. Соның ең сүбелісі Назарбаев университетіндегі ғалымдар басқосуы. Және «Барыс» мұз сарайында өткен «Мәңгілік ел» театрландырылған қойылымы.
Айнұр Омар, тілші:
Тәуелсіздік және тарих. Бір-бірін толықтырған қос ұғым. Олай дейтініміз, ел егемендігін алғаннан бері ұлт тарихы қайта жаңғырды. Осы уақыт аралығында Абай, Құрманғазы, Сәкен Сейфуллин, Жамбыл Жабаев, Мағжан Жұмабаев сынды тұлғалардың мерейтойлары кең көлемде аталып өтті.
Бұдан бөлек, 2000 жылы ЮНЕСКО шешімімен Түркістан каласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде, Тараз қаласының 2000 жылдығы, күні кеше ғана Абылай ханның 300 жылдық тойлары ел көлемінде өткізілді.
Ел болып күткен ұлық мереке Қазақ хандығының 550 жылдығы. Қазақтың қазіргі ордасы - Астана той-думанға кенелді. Бұрындары үлкен аста сауын айтылып, әр жүз, әр ру өз өнерпазымен, өзінің салтанатымен келіп, той болған ауылға үйін тігетін. Бұл жиын да сол кезді еске салды. «Қазақ елі» монументі алдында әр облыс өз қосынын тікті. Өнерлерін көрсетті.
Этноауылды Елбасы да аралады. Ақындар, өнерпаздар, игі жақсылар - Қазақ ауылының қонақтары. Мұндағы әр отаудың тойға өз тартуы бар. Мереке аясында түркі жұртының ғалымдары бас қосқан «Мәңгілік ел» ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Тарихшылар бір ауыздан ұлттың жадын жаңғыртқан, санасын оятқан мұндай мерекенің өтуін тарих бетіне қатталып жазылатынын қадап айтты.
Дария Қожамжарова, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры:
Біз бастау алып жатқан Бумын қаған да, Семі қаған да, осы Күлтегін, Тоныкөк жазбаларындағы айтылған сөздердің барлығы бүгін біздің бірлігімізді паш ететіндей, Тәуелсіздігімізді тәу ететіндей кезең, осы жаңа Қазақстанның тұсына келіп тұрғаны үшін біз бақытты ұрпақпыз.
Тарих қайта түледі. 24 жыл тарих үшін қас-қағым сәт. Бірақ, Тәуелсіздіктің арқасында осы аз уақытта көп жұмыс тындырылды.
Алдан Смайыл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ресейден, Жапониядан, Италиядан, Қытайдан, Египеттен, Түркиядан 5 миллионнан астам тарихи көшірмелер әкелінді.
24 мыңнан астам құнды деректер жиналды. 600-ден астам көне ескерткіштерімізге реставрация жасалды. Жаңа деректерді жинап, біз 600 атаулы атаумен көптеген том-том кітаптар шығардық.
Осылайша, тарих қайта жаңарып қана қоймай, зерттеліп, ұрпақтың жадын жаңартуға зор үлес қосты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындыққа қарамастан, Елбасы 1998 жылды «Халықтар тұтастығы мен мен ұлттық тарих жылы» деп жариялады. Содан бері тарихты ақтаңдақтардан аршып алу, әлем аралап дерек жинау, өткенді қайта зерттеу саласында көптеген жұмыстар жүргізілді.
Хангелді Әбжанов, тарих ғылымдарының докторы:
Ұлт тарихы жаңадан жазылып жатыр дегенде, біз үш нәрсені ұғуымыз керек. Бірі –ғаламдарға методологиялық еркіндік берілді. Теориялық еркіндік берілді. Бұрын марксизм-ленинизм, партияның идеологиясына байланып қалған едік. Қазір ондай байланып қалған шектеу жоқ. Ақиқатқа апаратын ғылымның жолын іздеуге толық мүмкіншілік берілді.
Тәуелсіздік тарихымызды қайта түлетті. Ұлттық тарихымыз ұлттық мақтанышқа айналды.
Мұрат Жұрынов, ҚР ҰҒА президенті:
Кеңес дәуірінде қазақ халқын 16-17 ғасырда пайда болған халық деп жазды. Бұл бір жағынан тарихи сауатсыздық. Екінші жағынан бұл дөрекілік. Қалай бұл 3 ғасырдан бұрын үлкен 10 миллионнан тұратын қазақ халқы пайда болады.
Тарих қайта жазылып жатыр, жазылып, зерттеле де бермек. Ендігі парыз – бабалар салған сара жол, Қасым салған қасқа, Есім салған ескі жолды ұрпақ санасына сіңіру.
Бейбіт Мамраев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры:
Уақыт әрқашанда өзінің талабын қояды. Сондықтан, меніңше әлі де болса жаңа бір ортақ оқулық керек сияқты. Классикалық тұрғыда жасалған. Себебі, жаңа құжаттар, деректер ашылып жатыр. Соның бәрін сараптап жүйелі түрде жасаған дұрыс.
Бір сәт және тұтас тарих. Қазақ мемлекетінің тарихы бастау алған ғұн мен сақ тайпаларынан тәуелсіз Қазақстанға дейінгі кезең. Мереке қарсаңында «Барыс» мұз сарайында «Мәңгілік ел» театрландырылған қойылымы өтті.
Шараны Елбасымен бірге көрші елдердің президенттері тамашалады. 7 тараудан тұрған көрініс Керей мен Жәнібек құрған хандықтан басталып, Қазақстанның осы күнге дейінгі тарихи сәттерінен сыр шертті. «Көрген де арманда, көрмеген де арманда», деп осындай қойылымды айтса керек.
Сахналық көріністің өзіне 2500-ден астам адам қатысты. Бір ғана «Хан көтеру» қойылымына 200-ден астам адам жұмылдырылған. Ал, бір сәтте 500 өнерпаз шығып Құрманғазының күйін күмбірлеткенде Елбасы қошемет көрсетті.
Тарихты шоуға айналдыруға болады. Оны біздің өнерпаздар дәлелдеді. Дайындық уақыты тығыз болған, небәрі 3 ай. Бірақ, жаңа мұз сарайының мұндай күрделі композицияларды жасауға мүмкіндігі зор.
От шашу, атылған зеңбірек дауысы, аспанға ұшқан көгершін, көкке көтерілген ғарышкерлер. Тіпті, қазақ сахарасында самғаған экрандағы қыран тура төбеңнен ұшып өткендей әсер қалдырады.
Қазақтың қарт тарихының алдында кешегіміз үшін қарыз, ертеңіміз үшін парыз көп. Сондықтан, қазақ тарихында қазақ ұялатындай ақтаңдақ бет жоқ. Ендігі тасқа басылып, хатқа түсіп, ғасырлар қойнауына кететін тарихи аманат осы.
Айнұр ОМАР
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы