Қазақ хандығы құрылған кездегі қалалар туралы не білеміз? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ хандығы құрылған кездегі қалалар туралы не білеміз?

06.09.2015
Қазақ хандығы құрылған кездегі қалалар туралы не білеміз?

Биылғы жыл - ұлттық тарихымызды ұлықтап, бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі мерзім. Қазақ хандығының 550 жылдығы. Осы айтулы датаға орай, Астанада  11-ші қыркүйекте  «Мәңгілік Ел» театрландырылған көрінісі қойылады. Қайда өтеді десеңіз, «Барыс» сарайында.

Білуімше, көріністі 2 мыңнан астам адам дайындап жатыр. Ал, Қазақ хандығы туралы «Қазақ Елі» фильмінің алғашқы сериялары желтоқсанға қарай шығарылмақ.

Осы орайда, ел үшін еңбегі ерен, есімі қасиетті екі тұлға бар. Олар – Қазақ хандығының іргесін қалаған, мызғымас мемлекет құрған Керей хан мен Жәнібек хан. Бұл екі тұлғаны бір-бірінен ажырата бағалау артықтау болар. Екеуі де елі үшін басын бәйгеге тігіп, ұлтының ұлылығын асыруда аянбаған парасат иелері, халық сүйген перзенттері.

Қазақ хандығы құрылғанда жасы үлкен Керей хандық тізгінді ұс­таса, одан кейін Жәнібек билік жүр­гізді. Қазақ Ордасының іргеленуі мен іріленуі Жәнібек хан тұсында болған. Ал, хандықтың құрылуынан сыр шертер оқиғалар Шу мен Қозыбас аймақтарында болған. Бүгінгі Жамбыл облысындағы шұрайы мен шырайы келісті мекендер. 1465-ші жылдары халық сол аумаққа қоныс теуіп, қала тұрғызып, өркениетке ұмтылған.

Қазақтың алғашқы хандары салған Қойшыман қаласы бүгін де бүтін күйінде жатыр. Төбе әлі ашылып, терең зерттелген жоқ. Егер қазба жұмыстары жүретін болса, тарихтың ақтаңдақ беттері ашылары хақ.

Аңызда айтылатын Ақтөбеден 4 шақырым төмен жүрсеңіз, ескі Шәрі қаласына тура келесіз. Сол аумақты біз барған кезде Мадияр Елеуов бастаған археологтар зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатты. 

Дөкей Талеев, тарих ғылымдарының кандидаты:

Айта кететін нәрсе, жалпы, Қазақ хандығының қалыптасуына байланысты, бізде барлық қолда бар деректерді бір жүйеге тоғыстарамыз. Ең біріншісі Мұхамед Хайдар Дулатидің жазба дерегі, Шу бойында Қазақ хандығы қалыптасты деген.  Екіншісі ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер, үшіншісі археологиялық материалдар. Осы жерден табылған заттардың барлығы 15-ші ғасырды көрсетіп тұр.

Тоқымдай жерді қазғанда құмыра, қоланың қалдықтары, қыш ыдыстар табылды. Ал, қаланың барлық аумағын ақтарар болса, хандыққа қатысты тың мәліметтер әлі де табылары сөзсіз. 

Мадияр Елеуов, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Мен осы уақытқа дейін осы төңіректен 10-ға жуық ортағасырлық қала аштым. 1987-1989 жылдарда сол аңызға сүйене отырып, алдымен Қойшыманды аштым, одан кейін Шәріні аштым.

Сол 18 ортағасырлық қаланың ішінен тек екеуінде ғана Қазақ хандығының мәдениеті бар. Демек, осы екі қалада Қазақ хандығының үйлері болған кесенелері болуы керек. Осы жерде өмір сүрді деген сөз.

Тарихшы Мадияр Елеуов қазақтың алғашқы хандары тек бұл екі қаланы мекен етпегенін алға тартады. Біз тұрған жерден 30 шақырымдай жерде Керейдің қыстауы барын айтты. Археологтар тобымен бізде халық аузында Керейдің шатқалы аталатын мекенді бетке алдық.

«Керейдің қыстауы» жер жағдайына қарай қорғанысқа ыңғайлы орналасқан. Оны сырттай қоршап жатқан тастан қаланған қабырғаның қалыңдығы - 2 метр. Қыстаудың орнында көлемдері әртүрлі  7-8 бөлме және шыға берістегі қақпамен жалғасып жатқан алаң сақталған.

Мадияр Елеуов, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Ең астынан анау ошақтар, оның бәрі емес кейбірі тандыр ошақтар солардың ішінен және солардың қасынан 15-ші ғасырдағы ыдыстардың сынықтары табылды.

Қозыбасы жер аяғы шалғайдан мен мұндалайды. Тарихи мекенге бізде ат суытып, аз-кем аялдадық. Ал, етегіне келіп тұрып, ең басына шықпай кетуді сын санадық.

Сәкен Сейітханұлы, тілші:

Тарихи Қозыбас. Тарихшылардың пікірінше, дәл осы Қозыбас шоқысында Керей хан мен Жәнібек сұлтан хандық құрып, кеңес өткізген. Рас шығар. Өйткені, айналаға сөз тастасаңыз, 40 шақырымдық жер. Оңтүстік, Солтүстік, Батыс, Шығыс барлығы көзге тегіс көрінеді. Сондықтан, дәл осы жерде Қазақ хандығының туы тігілді, деу әбестік болмас. 

Тарихшылар Қозыбасыны соғыс амалдарына ыңғайлы мекен санайды. Өйткені, айналасы алақандағыдай тегіс көрінеді. Әрі шоқыдан 50 шақырымдық жердегі таулардан қарауылдың мұнаралы табылған.

Мадияр Елеуов, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Осыдан 20-30 шақырым жерде Сарыбұлақ деген жер бар. Мысалы, сол жерде кезінде Мамаш ханның қыстауы болған дейді. Кемел Әкішов жазып кеткен кезінде. Сондықтан, бұл төңіректе жақсы зерттеу жұмыстары жүрсе құнды деректер табылуы ықтимал.

Қазақ тарихының тамыры терең. Оны зерттеп, зерделеп, келер ұрпақтың жадына тоқу қазіргінің міндеті. Ал, біз кездескен археологтар қолдан келгенше ізденіп, ілкімді істер атқарып жаттыр.

Айтыстарына қарағанда, бұл аймақ тарихи танымдарға тұнып тұр. Тек соны дүниені елге танытуға табандылық пен күш-жігер берсін деп қояды өздері.

Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу