Конституцияның қабылдану тарихы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Конституцияның қабылдану тарихы

30.08.2015
 Конституцияның қабылдану тарихы

Жалпы, Конституция - латыннан тәржімаласақ, түп төркіні «құрылым» деген сөзден шыққан. Парсы шығанағындағы Сауд Арабиясы, Оман секілді кейбір абсолютті монархияларда ғана Конституция жоқ, олар шариғат ережелеріне бағынады.

Қалған мемлекеттер тұрақты және уақытша деп бөлінетін конституциямен өмір сүреді. Артық етпес, біле жүргейсіз, жаһан тәжірибесінде басты Заң - парламент, құрылтай жиналысы, референдум арқылы қабылданады. Мысалы, Украина, Молдова, Грузия, Өзбекстанның қолданыстағы Конституциялары парламенттік жолмен қабылданған.

Болгарияның, Румынияның, Камбоджаның, Бразилияның, Колумбияның Конституциялары Құрылтай жиналысында қабылданған. Ал, Арменияның, Әзірбайжанның, Литваның,  Тәжікстанның  Конституцияларын парламент қабылдап, кейін ол референдумда бекітілді.

Ал, мына Ресейдің, Беларустің негізгі Заңының қазіргі редакциясы ел Президенттерінің басшылығымен әзірленіп, бүкілхалықтық референдумда қабылданды.

Біздің билік азаттық алғалы екі рет Ата Заң қабылдаған.  Дегенмен, 1993 жылғы Конституция жерге жекеменшік мәселесін шеше алмады, тіл мәселесі де түбегейлі шешімін таппады.

Ақыры ақылдаса, 1995 жылдың 30 тамызында референдумға қатысқан адамдардың 90 пайызға жуығы жаңа Конституциямызды қабылдауды жақтады. Осылайша, Ата Заңымызды бүкіл Қазақстан халқы болып таңдауға зайырлы түрде қол жеткіздік.

Кез-келген елде ұлтты ұйыстыратын мерейлі мереке болады. Күнтізбеге қызыл әріппен жазып, ұлықтайды оны. Конституция мерекесі, сондай күн. Басты Заң барлық елде бар. Құқықтық мәселелерді сол құнды құжат реттейді.

Батыста конституция 17-18 ғасырларда өмірге келді. Ал шығыста, оның ішінде қазақ жерінде ежелден қалыптасты. Қасым ханның «қасқа жолы», Есім ханның «ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы». Бұлардың қай-қайсы да қоғамның саяси әлеуметтік қажеттілігінен туып, дала демократиясын дамытқан құнды құжат.

Гүлнәр Мұсабалина, тарих ғылымдарының докторы:

Дала конституцияcы арқылы  көп мәселелер шешілетін. Ол жер дауы, жесір дауы сынды қазақ қоғамына тән неше түрлі мәселелер.

Хан билігіндегі заңдық құжаттар көшпелі жұрттың алыс-берісін реттеп, тұрмысын түзеді. Жер дауы, жесір дауы дегендер дуалы ауыз билердің бір ауыз сөзімен шешілді.

Түрмесіз-ақ тентек тыйылды,  кінәлі жазаланды. Бәрі біртұтас жүйеге бағынды. Кейін... Кейін Кеңестік дәуір. Қазір құқықтану ғылымы Ата Заңымыздың шежіресін осы дәуірден бастап жүр.

Пернебек Өмірзақов, заңгер:

ҚР тарихында Конституция 5 рет қабылданған. Оның үшеуі Кеңес одағы құрамында болған кезде қабылданған. 1926 жылы. Қазақ Автономия Кеңестік Социалистік Республикасының кезінде қабылданған, онан кейін, 1937, 1978 жылы. ҚКСР кезінде қабылданған конституцияларды кезінде әрине, Кеңес одағы кезіндегі кемелденген конституция деп те айтып жүрдік.

Бірақ шынын айту керек, ол конституция сол Кеңес одағы аумағынан шыға алмады. Ол сол кездегі мәселелерді ғана шешетін болды. Ол кездегі конституция мен қазіргі егемен елдің Конституциясының айырмашылығы жер мен көктей.

1991 жыл. Қазақ- азат ел атанды. Тәуелсіз мемлекетке құқықтық қоғам орнату қажет болды.  1993 жылдың 28 қаңтары. Мынау сол бір тарихи сәттің таспадағы нұсқасы.

Нұрсұлтан Назарбаев,  Қазақстан Республикасының Президенті, Конституциялық комиссияның төрағасы (1993 жыл):

Құрметті халық депутаттары бүгін міне, сәрсенбінің  сәтті күні Қазақстанның тұңғыш Конституциясын қабылдағалы отырмыз. Іске сәт, тағдыр осы күнді көп көрмегей.

Сөйтіп, азат елдің алғашқы Ата Заңы да қабылданды. Елең-алаң шақта өмірге келді. Содан шығар алғашқы Конституцияның ғұмыры қысқа болды. Екі-ақ жыл. Өйткені, демократиялық қоғам мен нарықтық экономиканың екпініне ілесе алмады. Жаңа өмір талабына жауап бере алмады.

Пернебек Өмірзақов, заңгер:

1993 жылғы Конституция  екі  жылдың ішінде өзінің қажеттілігін толық қолданып бітті деп ойлауға болады. Себебі бірінші Конституция  1993 жылғы ол парламенттік модельдегі Конституция  болатын.

Бірақ егемендік алған кезде, мемлекетке күшті атқару билігі керек болды. Сол кезде біздің әлеуметтік-экономикалық мәселелерімізді шешу керек еді.

Осылайша Ата Заң 1995 жылы қоғам талқысынан өтіп, жалпы халықтық референдум арқылы қайта қабылданды. Елдің ең басты құжатын халықтың 90 пайызы қолдады.

Амангелді Айталы, философия ғылымдарының докторы, профессор:

Біздің Конституциямыз - өміріміздің түйіні, негізі, ішкі де сыртқы саясатымызды айқындайтын үлкен бір маңызды саяси құқықтық құжат. Сондықтан, бұл өзгерістер біздің елімізге біраз жаңалықтар әкелді, жағымды ықпал етті.

Заңгерлер соңғы Ата Заңның алғашқысына қарағанда айшықты екенін, мән-мазмұны сауатты екенін, заманға сай екенін айтады.

Әділ Ахметов, қоғам қайраткері:

Бұл Заң халық үшін қабылданған Заң. Ең алдымен, азаматтың еркіндігі, бостандығы, сөз бостандығы, бәрі қамтылған бұл жерде. Содан кейін бұл Ата Заңның ең керемет жері ұлттық құндылықтарға негізделген. Мысалы бізде «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», деген сөз бар. Бұл - әділеттіліке негізделген. Әділетілік болмаған жерде ешнәрсе болмайтыны белгілі.

Құқықтық мемлекет құруды мемлекеттің өзінен бастау керек. Бұл міндет Ата Заң арқылы жүзеге асырылып жатыр.  20 жылдан бері. Бастысы- Конституцияда көзделген мақсат пен мүдде бір арнаға тоғысты.

Әділ Ахметов, қоғам қайраткері:

Конституцияда ешкімді ешкім шеттетпейді. Ешкімді ешкім кемсітпейді. «Ырыс қайда барасың десе, ынтымаққа барады». Міне, өзіміздің ұлттық құндылыққа негізделген Конституция  бұл.

Расында Ата Заң үшін елдің ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Ол сіздің қалау еркіндігіңізге кепілдік берді. Ол біздің елді біртұтас мемлекет деп жариялады да, Мемлекеттік тіл қазақтың тілі деп бекітті. Ол 9 тарау, 98 баптан тұрады.

Алдан Смайыл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біріншіден, Конституция - елдің саяси-экономикалық дамуына бірден-бір серпін берген құжат. Конституцияның екінші ерекшелігі - Қазақстан көпэтносты ел болғандықтан, сол түрлі ұлыс өкілдерінің ынтымақты өмір сүруіне, әр қайсысының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамытуға, қазақ халқының жанына топтастыруға негіз қалаған құжат. Үшіншіден, жаһандану заманында халықаралық қауымдастықпен байланыспай тұрмаймыз. Сондықтан, Ата Заң арқылы біз дамыған мемлекеттермен саяси-экономикалық қарым-қатынасқа бара аламыз.

Әр салада қалтқысыз қызмет етіп, мемлекеттің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген сыйлы азаматтардың еңбегі еленді. Мерекеге орай «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медальдарын тақты.

Ерлан Біләл, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

Елімізде болып жатқан осындай жақсылық, қуаныш Ата Заңымыздың арқасында. Сол себепті әр азаматқа Ата Заңды ардақтай білсін дегім келеді.

Ыбырайхан Мұсабаев, қалалық мәслихат депутаты:

Бұл үлкен мереке, киелі мереке. Ата Заңымыз Қазақ елін, егемендігімізді, ынтымақ-бірлігімізді бүкіл дүниежүзіне таныстыра білді, 20 жылдың ішінде.

Қазақстан 20 жылда талай жетістікке жетті. Осы толағай табыс пен елдегі тұрақтылықтың кепілі Ата заң. Осы Ата Заңның арқасында біз қазір сырткөз қызыға қарайтын, қызғана қарайтын  ТМД мен Орталық Азияда ғана емес, әлемге әйгілі, зайырлы, заманауи - Ұлы дала еліне айналдық. 

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу