Бүгін ел Президенті Бейжіңге ұшып барды. Н.Назарбаев бұл жолы көрші елге мемлекеттік сапармен барып отыр. Күні ертең Мемлекет басшысы Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездеседі.
Екі көшбасшы қазақ -қытай қарым-қатынасының келешегі туралы пікір алмасады және тараптар оншақты жілікті келісімге қол қояды, деп жоспарланған. Біздің Президент сондай-ақ, Бейжіңде үлкен шараға қатысады.
Ол - II Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 70 жыл толуына орай, 3 қыркүйекте болатын әскери шеру. Барлығы 10 мың жауынгер, 500 ауыр техника, 200 әскери ұшақ қатысатын шеру арқылы алып көрші жаһандағы жуан елдерге Қытайдың әскери қуатын паш етпек.
Жайнагүл Төлеміс, тілші:
Бейжіңнің төрінен, Азия, Еуропа тіпті Африкаға дейін бұл тауар белгісін танымайтын жан жоқ. «Made in China» яғни, «Қытайда жасалған» өнімдер бүгінде жаһанды жаулап үлгерді.
Мемлекет енді саннан сапаға көшуді жоспарлап отыр, сол себепті «Ұлы Жібек жолын» жандандырмақ. Бағдарламаға қатысуға әлемнің алпыс елі келісті. Арасында Қазақстан да бар.
Қытай - кез-келген тауардың арзан көшірмесін жасай алады. Жаһандық өнімнің жиырма пайызын қамтып отыр. Бірақ, биыл сапасы ортаңқол тауарларға сұраныс кеміді. Мемлекеттің сыртқы сауда көлемі азайды. Содан елдегі жеке сектор, тіпті кейбір мемлекеттік компаниялар банкрот болды.
Қаржы нарығы әлсіреп, ұлттық валюта біршама арзандады. Дағдарысқа көршінің жауабы «Қытайда жасалған» деп аталатын мемлекеттің ішкі жоспары. Бұл бағдарлама өндірісті жаңалауды көздейді.
Сю Тао, халықаралық қатынастарды зерттеу институтының ғылыми қызметкері:
Дәл қазір Қытай экономикасы үшін ауыр кезең. Ішінара кейбір салалар дағдарысқа ұшырады, жедел реформалауды қажет етеді. Өндірістік кешендерді күшейту, технологияны дамыту, Қытайдың жаңа брендтерін қалыптастыру, жасыл экономиканы жолға қою – жаңа бағдарламаның басты мақсаты.
Алайда, Қытай сел соқса да асықпайды, байыппен дамиды. Енді бір он жыл ішінде индустриалды сала түгелдей жаңаланып бітеді. 2035 жылға қарай өндірістер жоғары технологиялы өнім шығаруға көше бастайды.
Тек 2045 жылы ғана көршіміз жаһандағы инновациялық технология лидеріне айналады. Бір қызығы, өткен жылы Қытай микрочиптер өндірісіне 210 миллиард доллар қаражат құйды. Есесіне, қат болса да мұнай сатып алуға осынша қомақты қаражат жұмсаған жоқ. Бұл да сапаға ұмтылудың қамы.
Жоғары өнімділікке жетуге ішкі бағдарламалар көмектессе, сыртқы бағдар «Бір белдеу, бір жол» деп аталатын жаңа бастама. Қытай ертедегі ұлы керуен -«Жібек жолының» 21 ғасырдағы жаңа баламасын түзіп жатыр. Егер жоспар жүзеге асса, Тынық мұхитынан Балтық теңізіне дейінгі аралықта төрт жарым миллиард тұтынушысы бар нарықты қамтиды.
Чжан Нин, Қытай академиясының «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын зерттеу институты директорының орынбасары:
Қазақстан біз үшін маңызды сауда алаңы, еуропаға барар жолдағы өткел. Сіздің Мемлекет қабылдаған бағдарламалардың барлығы біздің «Бір белдеу, бір жол» жоспарымызбен үйлеседі. Әсіресе, инфрақұрылымдық бастамалар тоқтап қалмауы керек.
Қытай үшін жаһан елдерімен үздіксіз сауда жүргізуге еш кедергі болмауы керек. Жүк, шикізат тасымалданатын бағыттардың қауіпсіздігі, жолдың қысқалығы, шығынның аз болуы - басты назарда.
Еуропаға төте жол Қазақстан салып жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі. Біздегі «Нұрлы жол» мен «Жібек жолы» келешекте қабысып кете барады.
Үлкен жоспар жолында Қытай «Еуразиялық дәліздің» бойындағы инфрақұрылымды дамытуға, индустриалды аймақтарды қалыптастыруға барын салып жатыр. Бұл жолы Елбасының Қытайға мемлекеттік сапары кезінде жаңа келісімдердің келешегі талқыланады.
Дин Сяосин, Қытайдың заманауи халықаралық қатынастар академиясының басқарма басшысы:
Қытай үшін жай ғана әріптес және стратегиялық әріптес елдер бар. Ал, Қазақстанның жөні бөлек бұл ел көпжақты стратегиялық әріптес мемлекет. Екі мемлекеттің көшбасшылары да жиі кездесіп тұрады. Әрі бұл келіссөздер нәтижелі.
Қытай жағы Шымкенттегі мұнай-газ саласындағы жобаларды, Өскеменде металлургия, ал оңтүстікте ауылшаруашылығы, құрылыс саласын дамытудың мүмкіндіктерін қарастыруға дайын. Екі ел үшін шешуші сала – энергетика.
«Атасу-Алашонкоу» құбыры арқылы өткен жылы Қытайға жеті миллион тонна «қара алтын» жөнелтілген. Көрші елдің инвесторлары мұнай компанияларындағы үлесті арттыруға ниетті, қазір «Қарашығанақтағы» кеніштен үлес алу үшін келіссөз жүргізіп жатыр.
Сунь Ли, Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты директорының орынбасары:
Қытай соңғы жылдары Таяу шығыстан «қара алтын» тасымалдау көлемін қысқартты. Сондықтан, шикізаттың бұл түріне деген қажеттілік бар. Жылына жиырма миллион тонна «қара алтын» тұтынамыз. «Атасу -Алашонкоу» құбырының мүмкіндіктерін пайдалану керек.
Келер аптада Бейжіңнің Тяньаньмэн алаңында үлкен шеру өтеді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Жапон армиясына қасқая қарсы тұрған Қытай халқы Жеңістің 70 жылдығын атап өтпек.
Қытай әскерилері әлемге әлеуетін паш етеді. Басты алаңға бес жүз техника, екі жүздей ұшақ-тікұшақ түрлері, жетілдірілген танктер, заманауи ракеталық кешендер, баллистикалық зымырандар шығарылады. Әуеде түрлі маневрлар орындалады. Кейбір техникалардың мүмкіндігі күні бүгінге дейін құпия. Қазақ Президенті шерудің құрметті қонағы.
Шараға Қытайдың күш құрылымдарымен қоса, он жеті елдің әскерилері қатысады. Арасында қазақстандық жауынгерлер де бар. Қорғаныс министрлігінің Құрмет қарауыл ротасы шараға қызу дайындық үстінде. Қазақстандық құрлық, әуе, теңіз күштерінің таңдаулы сарбаздары қыркүйектің үші күні көп алдында сап түзеп өтеді.
Мақсат Байжігітов, ҚР Қорғаныс министрлігінің Құрмет қарауыл ротасының командирі:
Шеру құрамында 76 адам болады. Күннің ыстығына қарамастан, беделді ел екенімізді әлемге көрсетеміз, деп сенемін.
Шараға 25 елдің көшбасшылары қатысады. Халықаралық ұйым жетекшілері де шақырылған. Бірақ, президенттер арасында Қытайға мемлекеттік сапармен келетін тек Қазақ көшбасшысы ғана. Нұрсұлтан Назарбаев Бейжіңде Қытай төрағасымен және ірі бизнес қожайындары, инвесторлар кездеседі, деп күтілуде.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС