Нұрсұлтан Назарбаев: Дағдарыс – дамушы және дамыған елдерді де қамтыды
Ал, бейсенбінің таңында Қазақ Үкіметі валюта дәлізін жойып, теңге бағамын еркін айналымға жіберді. Қазақстан қор биржасында таңертеңгілік саудада 1 АҚШ доллары - 255 теңге 26 тыйыннан сатылды. Үкіметтің айтуынша, ұлттық валютаға өзгерістер енгізу – алдын ала күтілген шара. Әйтпесе, қаржылық ахуал күбірткедей ушығатын еді.
Әрине, құр қарап отырып, жағдайдың жақсарғанын күтіп, теңге бағамын ұстап тұруға болар еді. Бірақ, мұның соңы - өндірістердің қысқаруына, жұмыссыздықтың белең алуына соқтырар еді. Ал егер теңге бағамын біртіндеп әлсіретсе, алтын-валюта қоры таусылады. Не істемек керек? Сондықтан, билік жеті рет өлшеп, бір кесіп, теңгенің еркін айырбас бағамын енгізуді жөн деп шешкен.
«Көк ақшаның» құны өсіп, экономикалық ахуал құбылған соң, Мемлекет басшысы елдегі ірі бизнес басшыларын Ақордаға жедел шақыртты. Ақылдасты. Осы жиында Президент «теңге бағамының еркін айналымға жіберілгенін пайдаланып, халық арасында іріткі салуға әрекет етушілер мен арандатқандарға кешірім болмайтынын» қатаң ескертті.
Ал, банктерге ақшасын теңгемен жинаған салымшылардың ұтылған тұсы қайта есептеліп, мүмкіндігінше қайтарылады. Шенеуніктерге келсек, оларға штат ашып немесе жалақыларын көбейтуге әзірге мүмкіндік жоқ. 2018 жылға дейін мораторий.
Ақордадағы жиында доллардың өсуін елдегі ірі экспортерлер қалай қабылдады? Олардың пікірінше, доллардың өсуі - бұл бірінші кезекте елдегі үлкен бизнесті, үлкен өндірістерді қолдаудың қамы.
Бұл шара түптеп келгенде жұмыс орындарын сақтап қалудың, еңбекшілердің санын қысқартпаудың ең тиімді жолы. Елдегі бизнес орта бұл шешімді асыға күткендерін айтты. Енді қандай қам керек? Жағдай тұрақтала ма?
Құрлықтағы екі ел мен тұтас бір аймақтың әлеуеті Қазақстан үшін ерекше маңызды. Біздегі жүк, тауар айналымының 75 пайызы ЕуроОдақ, Ресей мен Қытайдағы ахуалға байлаулы.
Қашсақ та құтыла алмайтын бір ақиқат, осы үш өңірдің бірінің күйі тайса, бізге оңай болмайды. Ал, үш өңір бірдей дабыл қақса, арғысын болжаудың өзі қиын. Өткен жеті айда елімізде ішкі жалпы өнім көлемі бір жарым пайызға құлдырады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Алдымызда не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Ешбір сарапшы да дөп басып ештеңе айта алмайды. Болжам емес, есеп бар.
Қазақстанның Еуропалық одақ елдерімен арадағы алыс-берісі 43 пайызды құрайды, Ресейге сыртқы сауданың 19 пайызы тиесілі, Қытайдың үлесі- 14 пайыз. Алайда, біз сауда жасауға келіскен серіктестердің қай-қайсысының да қазір халі мүшкіл.
Жағалай дау, айыптаулар, партиялар арасындағы текетірес, саясаткерлердің шетінен биліктен бас тартуы, қаржыгерлер мен экономистердің дәрменсіздігі. Сарапшылар қазір «Еуроодақтың күйреуі», деген терминді көбірек айтып жүр.
2017 жылы бұл аймақта экономиканың дамуы нөлге теңеліп, стагнация болады деген болжам да бар. Асқынған дертке - дауа жоқ. Өңірдің қазір сатып алу, сауда жасау қабілеті төмендеп кетті, алтынға бергісіз біздегі шикізат сыртқа тиынға кетіп жатыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры жаһандық экономиканың өсіміне қатысты болжамын өзгертті. Бұрын үш жарым пайыз өсім болады деген-ді. Енді 2,8-2,5 пайыз төңірегінде деп отыр. Мұнайдың әлемдік бағасы құлдырай түсуде.
Ол өткен жылғы 115 долларлық шекті мөлшерден 48,5 долларға дейін төмендеді. 2011 жылы басталған металл құнының құлдырауынан баға индексі 45 пайызға төмендеді. Тек биылдың өзінде мыстың бір тоннасы 6300 доллардан 5100 долларға дейін азайды.
Қауіпті алыстан іздеудің қажеті жоқ. Көрші Қытай да әлемдік рецессияны қоздыруы мүмкін. Жылдар бойы АҚШ пен үнсіз тайталасып келген алып экономика – алдағы екі жылда жаһандағы ең әлсіз елге айналады.
Шикізатқа бағаның төмендеуі, доллардың күш алуы, юаннің арзандауы Азиядағы елдердің қаржы нарығын бірден 40 пайызға құлдыратты. Малайзия, Вьетнам, Тайланд, Индонезия қазір соның зардабын тартып отыр. Қытайдағы дағдарыс түгелдей Азия елдерін ілестіріп әкетеді, деген болжам да жоқ емес. Біздің экономистер енді дабыл қаға бастады.
Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Жаһандық экономика негізінен сұранысқа сай жұмыс істеп келді. Сәйкесінше, ұсыныс артып кетті. Қазіргідей Қытай секілді жетекші экономика құлдырай бастағанда бізге ойлану керек. Бұдан он бес жыл бұрынғы негізгі принциптерімізді түбегейлі өзгертуіміз қажет.
Көрші Ресейдің де экономикасы шикізатқа тәуелді. Ал, бағаға әмірін жүргізе алатын бір ғана ел бар жаһанда. Азулы АҚШ біздің көршіге көптен бері өкпелі. Содан «қара алтын» бағасын ең төменгі шегіне дейін түсіруге барын салып бақты. Ол жоспары жүзеге асты да.
Бүгінде Қытайға да, Ресейге де оңай соқпай тұр. Екеуі де шикізат сатушы ел. Олар алдымен өз нарығын қорғаштайды. Ресейде қазақстандық тауарлар ығыстырылып жатыр. Мұны «демпинг» деп атайды, тауарлар әдейі төмен бағамен беріледі.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ұлттық банк мәліметіне сай, экспорт көлемі өткен алты айда 73 пайызға төмендеді, импорт та қысқарып келеді. Ресей экономикасының құлдырауы 2 есе күшейе түсті. Қытай экспортының көлемі 8,3 пайызға қысқарды.
Ал, шикізат бағасы барған сайын арзандай береді. Айлакер алпауыттың ( АҚШ) қасқая қарсы тұра алатын алып экономикаларды әбден күйретпек ниеті бар. Мұнай бағасы 2016 жылы 40 долларға дейін төмендейді, деген болжамды осы аптада Үкімет мүшелері растады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Дағдарыс барлық бағытта шикізаттық тауарлар, валюта және қаржы нарықтары бағытында да дендеп барады, дамушы және дамыған елдерді де қамтыды. Бұл «дауылдан» ешкім сырт қалмады.
Іргедегі екі елде де бізге дейін төл валюталарын арзандатты. Доллар ешкімге дес бермесін тағы да дәлелдеді. Жалпы, биыл әлем бойынша ондаған елдің өз ақшасы құнсызданған. Ал, біздегі инфляцияны ұстап тұру үшін Ұлттық банк ішкі резервтерін жұмсап келді.
Бірақ, нарықты қолдан тежеу ірі өндірістерді тұншықтырумен пара-пар. Қысқа мерзімде экспортерлер шығынға бата бастады. Сосын олар Үкіметке ұсыныспен шықты. Елде теңге бағамының өзгеруі – ең алдымен іскерлік ортаның талабы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ештеңе істемей, теңге бағамын ұстап тұрып, жағдайдың жақсарғанын күтуге болатын еді. Алайда, мұндай саясаттың өтемі өндірісті қысқарту, жұмыс орындарынан айырылу және алтын-валюта қорын түгесу болады.
Екінші нұсқа – теңге бағамын біртіндеп әлсірету. Сыртқы нарықтардағы ахуал нашар әрі белгісіз болып тұрғанда мұндай жол да алтын-валюта қорын көп шығындайды.
Сондықтан, бар мүмкіндіктердің бәрін есептей келе, мейлінше дұрысы – теңгенің еркін айырбас бағамын енгізу және инфляциялық таргеттеуге көшу болмақ.
Жағдайдың қаншалықты ушыққанын мына есеп түсіндіріп бере алады. Елімізде «қара алтын» өндіруші 57 компания бар. 39 компанияның тиімділігі өте төмен. «ҚазМұнайГаз» АҚ-да биыл кіріс 70 пайызға дейін төмендейді.
Елдегі ең көне мұнай компаниясы «ЕмбіМұнайГаз» өткен жылы – 345 миллиард теңге табыс тапты. Мемлекетке 197 миллиард теңге салық төленді. Енді биыл бұл өндірістің кірісі 175 миллиард теңгеден аспайды. Салық 97 миллиард теңге көлемінде ғана.
Құрманғазы Есқазиев, «ЕмбіМұнайГаз» АҚ бас директоры:
Біз шығындарды барынша қысқартып жатырмыз. Бірде-бір жұмысшыны қысқартқан жоқпыз. Үкімет пен Ұлттық банк шешімі отандық экономиканы күшейтуге әсер ететін болады.
Түсті және қара металлургия саласындағы кәсіпорындардың шығыны шаш етектен. Аллюминий бағасы биыл мың жарым доллар тұрады. Ал, фючерстер нарықта 1 100-1200 долларға саудалануда.
Демек, екі жылдан кейін шикізат бағасы тағы 10-20 пайызға дейін арзандауы мүмкін. Сондықтан, Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы құны 100 миллион доллар тұратын шикізатты қоймадан шығармай отыр. Ал, ферроқорытпа тіпті өтпей жатыр.
Украиналық кәсіпорындар бұдан да арзан шикізатпен нарықты тартып алды. Экспортерлер мемлекет доллар құнын өсірмей ұстап отырғаннан өндірістер шығынға белшесінен батты, дейді.
Александр Машкевич, «ERG S.a.r.l» директорлар кеңесінің төрағасы:
Біз жылда Қытайға 6 миллион тонна өнім сататын болсақ, биыл сауда жоқ. Магниткаға бұрынғыдай 11 миллион емес, бес миллион тонна ғана жеткізіп береміз. Сондықтан, сізге үлкен рахмет. Бүгін біздің өндірістерді бәсекеге қабілетті еттіңіз.
Елдегі өнімін сыртқа сататын көп кәсіпорын банкрот болудың әзер алдында. «Сарыағаш» серіктестігінің директоры сүтті халыққа тегін таратуға тіпті, өнім өтпеген соң төгуге мәжбүр болғанын айтады.
Өтеген Нұртазин, «Сарыағаш» ЖШС директоры:
Соңғы 20 жылда бірінші рет сиырлардан көп сүт сауылғаны мені қуантпады. Ресей нарығын арзан ұнтақ сүт өндірушілердің өнімі жаулады. Өткен аптада соңғы тапсырыс берушілеріміз бізден бас тартты.
Енді міне, елде теңгенің еркін айналымға жіберілгенінің арқасында мен өз тапсырыс берушілерімді қайтара аламын. Сөйтіп, жұмыс орындарын сақтап қала аламын.
Осы аптада Мемлекет басшысы алпыс шақты ірі экспортер компанияның басшысымен кездесті. Бизнес өкілдерімен әңгімелесті. Айырбас бағамының өзгеруі – бұл ірі компаниялардың – экономикалық ахуалын түзейді. Ал, биліктің талабы – өндірістер бірде-бір жұмысшыны қысқартпауы керек. Және әлеуметтік міндеттемелерден бас тартпауы тиіс.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бәсекеге қабілеттілікті қалпына келтіру арқылы біз шамамен миллионға жуық адам жұмыс істейтін кәсіпорындардағы жұмыс орындарын сақтай аламыз. Отбасылық коэффициентті ескерсек, бұл 3,5 миллион қазақстандыққа әсерін тигізеді.
Кәсіпорындардағы жағдайдың жақсаруы жұмысшыларыңыздың еңбекақы деңгейіне де әсер етуі тиіс. Келешекте ахуал жақсарады деп күтеміз, бұл дағдарысты еңсеруге, экономика өсімін әрі қарай қамтамасыз етіп, рецессияны болдырмауға мүмкіндік береді.
Келер жылдан бастап азаматтық қызметкерлердің жалақысы, студенттердің шәкіртақысы көтеріледі. Үкімет 2017 жылы болуы тиіс өзгерістерді жеделдетті.
Сонымен қатар, банктерге жиған-тергенін теңге түрінде салып, қысқа мерзімде ұтылып қалған салымшылардың кейбіріне шығындары қайтарылады. Және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» салымы бар азаматтардың да шағымдары қарастырылады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Азаматтарға олар салымдарын арнаулы есепшоттарға қайта ресімдеп, оны банктерде бір жыл бойы сақтаған жағдайда өтемақы ретінде айырбас айырмасы төленетін болады. Бұл шара 1 миллион 700 мың адамды немесе барлық салымшының 86 пайызын қолдауға көмегін тигізеді.
Ендігі Үкімет назары бағаны негізсіз өсірмеуде. Елбасы аймақ басшыларына осындай тапсырма берді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл маңызды мәселе. Біз әкімдерге және саудамен айналысатындардың барлығына ескерттік. Бағаның өсуіне ешқандай да жол бермеу керек. Әсіресе, Қазақстанда өндіріліп жатқан азық-түлік тауарларына баға өспеуі тиіс. Жағдайды пайдаланып, бағаны көтергендерді ұстасақ, қатаң жазалаймыз.
Мемлекет қазір көп шығысты ықшамдауға мәжбүр. Сондықтан, жаңа құрылыс басталмайды, жаңа жобаларға да қаражат тапшы. Бар салада кешенді түрде үнемдеу басталады.
Сын сағатта айрандай ұйыған елдің тыныштығына сына қаққысы келетін бөтен пиғылдылардың да болуы мүмкін. Балақтан тартып, халық ішінде ірікті салар арандатушылар болса, ешкімге кешірім болмайтынын ескертті Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір экономиканың жағдайы, Тәуелсіздіктің тағдыры тұр. Ешкім ойнамауы керек.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы