Қайбалды Орынбаев - 27 азаматты өлімнен құтқарып қалған батыр
Ол – көлбеңдегенді, көлгірсігенді ұнатпайтын, көлеңкеде қалған бейбіт күннің батыры. «Батыр» деп біз айтып жатырмыз. Әйтпесе, тасадағы тарланды елеп-ескерер ешкім болмай тұр. Ол - Қайбалды Орынбаев дейтін бірінші санатты ұшқыш, командир-эскадрилья. Қызылорда қаласында тұрады.
Ол кісі осыдан он алты жыл бұрын көзсіз ерлік жасады. Көкарал бөгеті бұзылып, жұмысшылар ағын судың ортасында ажалмен алысып жатқанда басын қатерге тігіп, тікұшақпен төбеден төніп келіп, 27 азаматты өлімнен құтқарып қалған. Ойлап көріңізші, олар, 27 азамат бір-бір үйдің асыраушылары еді. Ұшқыштың арқасында аман қалды.
Осы Қайбалды да, қызыл судың құрбаны бола жаздаған жұмысшылардың басым бөлігі де Көкаралдағы Қаратерең ауылының тұрғындары болатын. Қаратерең - Сырдарияның Арал теңізіне құяр жеріне ең жақын орналасқан ауыл. Білесіз бе, сол Қайбалды секілді қайсар ұлдардың ерлігінен кейін аядай ғана ауылдан ұшқышы бар, әуе технигі бар, отызға жуық авиатор шыққан.
Сонымен, сұмдық оқиғадан бері он алты жыл өтіпті. Әрине, ол уақыт ақпараттың бүгінгідей елдің батысынан шығысына, түстігінен теріскейіне тез тарайтын кез емес. Сондықтан, бұл жағдайды халық тұтас білмеуі де мүмкін. Қысқасы, біз «бейбіт күннің батыры» атап отырған ұшқышқа сол кездегі Үкімет жаман төсбелгі де берген жоқ. Ол сұрамады да. Біз ғой, «ел білсін, ұрпақ көрсін» деп отырған. Ендеше, оқиға қалай болып еді, Қайбалды деген қайсар кім?
Арал жұртшылығын абыржытқан бұл оқиға – 1999 жылы болды. 20 сәуірде жойқын желдің күшімен оянған тасқын су сапасыздау салынған Көкаралдағы бөгетті бұзып өтеді. Бірақ, бұл хабар билікке ертесіне жетеді, байланыстың жоқ кезі. Тапсырма түседі де, МИ-8 тікұшағына мініп, экипаж командирі Қайбалды Орынбаев Көкаралды бетке алады.
Қайбалды Орынбаев, І санатты ұшқыш, зейнеткер:
Біз Көкарал бөгетінің үстімен ұштық. Бөгет үш жерден жарылған екен. Ұзындығы 13 шақырым. 3-4 шақырымда жарық бар. Судың ағысы өте қатты. Теңізге қарай құйылып жатты.
Дәл бөгет қақ жарылатын күні сол маңда техникаларын дүрілдетіп, отызшақты механизатор жұмыс істеп жүрген. Оларға сол кездегі Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, бүгінде зейнеттегі мына Сайлаубай ақсақал жолығыпты. Жүрегі бір сұмдықты сезгендей, жігіттерге ескертіпті.
Сайлаубай Әбішев, зейнеткер:
Бөгеттің басында жылғалап су ағып жатыр екен. Сосын мен механизаторларға кездестім. «Бұл не су», дедім. «Бұл жай су», деді. «Бұл жай суға ұқсамайды», деп едім. «Бұл солай болады. Арғы жағынан теңіз ұрып жатыр», деді. «Онда қандай жағдай болып қалар, механикаларыңды алсаңдаршы», десем, жанармай жоқ. Ол кезінде айтылған да жоқ. Мен өз көлігімдегі жанармайды бердім.
Сайлаубай Әбішев өз жөніне кетеді. Кешкісін қалың толқынымен жүйткіген Аралдың ағын суы бөгетті бұзып өтеді. Бірақ, бәрі кеш еді. Көліктеріне міне, қашқан жұмысшылар сәуірдің салқын түнінде тасқынның тап ортасында қалады. Ал, теңіз бетін ұзақ шолып, жұмысшыларды таппаған ұшқыштың көзіне келесі күні әзер дегенде қарайған нүктелер ілігеді. Қаратерең жақтан.
Қайбалды Орынбаев, І санатты ұшқыш, зейнеткер:
Судың деңгейі кузовтан биік. Тек кабиналары ғана көрінеді. Кузовтары судың астында. Өйткені, ағыс күшейген сайын машинаны тереңге тарта береді. Бәрі біртекті КамАЗ машиналары. 20 шақты машина сондай жағдайда. Үстіндегі адамдарды көрдік.
«Қалың нөсер. Жел секундына 20 метр жылдымдақпен соғып тұр», деп еске алады ұшқыш. Тастайтын темір арқаны да жоқ. Көзалды жаңбырдан бұлдырап көрсетпейді. Ұшқыш әбден әуреленеді.
Қайбалды Орынбаев, І санатты ұшқыш, зейнеткер:
Содан жалғыз шешім қалды. Жігіттерге айттым, мен тәуекел етемін. Тікұшақты алдыңғы дөңгелекті капуттың үстіне қоямын. Траппен түсесіңдер де жігіттерді ішке лақтырасыңдар. Басқа жол жоқ.
Бұл аса қауіпті шешім еді. Көнбегендер де болды. Бірақ, амал жоқ...
Қайбалды Орынбаев, І санатты ұшқыш, зейнеткер:
Бүгіннен қалса, бұл кісілер өліп кетеді. Жел өткір болды. Сәуірдің аяғы қатты салқын еді. Содан бірінші рет қиындау соқты. Әрең қондым. Спортпен айналысатын екі ағамыз жүгіріп түсті де 7-8 адамды алып шықты.
Сөйтіп, жүрек жұтқан ұшқыш басын қатерге тігіп, әр көліктің төбесіне қонып жүріп, барлық жұмысшыны ажал тырнағынан құтқарып қалады.
Қайбалды Орынбаев, І санатты ұшқыш, зейнеткер:
Адамдардың жағдайы қиын. Білмейді, не болып жатқанын. Суыққа тоңып қалған. Киімдері су. Сөйтсе, олар көлікпен былай қарай қашқан. Ағын су айнала береді ғой. Ағын су алдарын жауып тастаған. Содан барлығы суға түседі. Одан терең болған соң кері қайтады. Ағын су. Түн іші. Жағдайлары нашар.
Олардың барлығы да бала-шағалары күткен бір-бір үйдің әкелері еді. Сол сұмдықтың бел ортасында болып, ажалдан аман қалғандардың бірі - мына Алтай.
Алтай Назашев, Қаратерең ауылының тұрғыны:
Біз өмірден күдер үздік. Хабар жоқ. Баратын жеріміз болған жоқ. Астымызда КамАЗ, су бетінде қалқып жүрдік. Содан екінші күн дегенде тікұшақтың дауысы шықты. Үміт оянды.
Тікұшақтың экипаж командирі Қайбалды Орынбаев ағамыздың ерлігін ұмыту мүмкін емес. Тікұшақпен КамАЗдың үстіне тура дәлдікпен қону дегенді ерлік, деп білеміз.
Дегенмен, құрбандықсыз болмады. Қайбалдының командасы келмей тұрып, екі жұмысшыны ағын су алып кеткен. Қайтыс болды.
Сайлаубай Әбішев, зейнеткер:
Сол екеуімен кездескен едім мен. Екеуі де орыс еді, Тереңөзектен. Екеуімен қол алысқанмын сол күні. Сол екеуі де кетіпті ғой.
Кейін шолақ белсенділер ерлік жасаған ұшқышты керісінше, «сен жаңа, қымбат техниканы бүлдіре жаздадың, ережеге бағынбай тәуекел еттің, жазалау керек», деп жазғырыпты.
Қайбалды Орынбаев, І санатты ұшқыш, зейнеткер:
Әнуар Молдабаев деген ағамыз болды. Сол жақтасты. Бірінші сыныптағы пилот. «Ертең ана адамдар қырылып жатса, қалай қарамаймыз? Одан да наградаға ұсынайық», деп.
Ал, сол Көкарал оқиғасына куә Сайлаубай Әбішев кейін кітап жазып шықты. Ондай мынадай жолдар бар...
Сайлаубай Әбішев, зейнеткер:
Теңіз табанында қалған адамдарды құтқару Қайбалды бастаған ұшқыштардың көмегімен іске асты. Асқан шеберлігімен. Бұл үшін Қайбалдағы мемлекеттік нагрданың қайсысын берсе де лайық еді...
Алайда, 30 жыл көкте самғаған командир-эскадрилья Қайбалды Орынбаев мемлекеттік наградалардың біреуіне де ұсынылған жоқ. Алпыстан асқан ұшқыш күні кеше ғана ешкімге елеусіз зейнеткерлікке шықты.
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы