Елбасы БРИКС және ШЫҰ саммиттеріне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы БРИКС және ШЫҰ саммиттеріне қатысты

12.07.2015
Елбасы БРИКС және ШЫҰ саммиттеріне қатысты

Башқұртстан астанасы Уфа шаһары осы аптада саяси салмағы басым екі бірдей саммитті өткерді. Біріншісі - БРИКС елдері лидерлерінің кездесуі, екінші - Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер құрылтайы.

БРИКС-ке 5 ел кіреді, ал Шанхай ұйымына 6 мемлекет мүше еді. Осы жолғы саммитте Үндістан мен Пәкістанды да Шанхай ұйымына кіріктіру процесін бастау туралы шешім қабылданды.

Енді саясилау тұсына келейік. Әуел бастан ресейлік журналистер БРИКС пен ШЫҰ саммиттерін «Үлкен сегіздік» деп бағалап, Батыстың қаржы-экономикалық институттарының үстемдігімен күресу үшін Ресейдің дипломатиялық клуб құру жөніндегі идеясының жүзеге аса бастағанын жаһанға жар сала жазды, көрсетті.

Саясатшылар да сала-құлаш пікір айтты. БРИКС-ті тірілтіп, «Даму» банкін ашу арқылы Ресей «Үлкен жетілікке», яғни, АҚШ пен Ұлыбританияға, Германия мен Францияға, Италияға, Канада мен Жапонияға қарсы блок құруға ұмтылып отыр деді.

Бірақ, Ресейдің мұндай астыртын қыр көрсетуі - біздің ойымызша, бекер тәрізді. Себебі, БРИКС-ке мүше өзге елдердің Ресей секілді Батыспен жұлдыздары қарсы емес қой. Демек, олар әлдебір тартыс-талапайға бола, Батыспен ат құйрығын кесісіп, экономикалық мүдделерін құрбандыққа шала алмасы анық.

Тағы бір астар. Батыстың санкциясынан сансырап отырған Ресей БРИКС-тің де, ШЫҰ-ның да мінберін пайдаланып, оны Батыспен диалогта өзінің харизмасын көрсетіп, ұстанымын күшейткісі келеді деген де пікірлер қылтиды.

Бірақ, БРИКС-тің өзге мүшелері мұндай саяси мүддені қолдай қоймасы анық. Қолдаса, Халықаралық валюта қорына балама бола алатын ортақ құрылымды қолдауы мүмкін. Яғни, олар ұйымға тек - экономикалық тұрғыда қарайды.

Енді өзіміз туралы. Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы екі саммитке де қатысты. Қазақ елінің қалауын жеткізді. Ынтымақ, бірлік, экономикалық интеграцияны тереңдету, жаһандық деңгейдегі қауіп-қатерлерге көппен бірге қарсы тұру - Қазақстанның негізгі ұстанымдары.

БРИКС саммитінде болашақта ірі қаржылық орталыққа айналуды көздеген Астананың мүмкіндіктерін пайдалануды, ұйымға ортақ қаржылық институттармен қарым-қатынасты мықтауды ұсынды, қазақ Президенті. Ал, Шанхай ынтымақтастың ұйымының саммитінде терроризммен күресті күшейту мәселесін көтерді.

Экономика, саясат, геосаясат! Жаһандағы жуан елдер арасында басталған ерегестер, текетірестер жұқа елдердің уайымына айналды. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан көр», дейді қазақ нақылы.

БРИКС пен Шанхай саммиті осындай бір дүбәра кезеңде өтіп жатыр. БРИКС 2006-жылы, ШОС 2001-ші жылы құрылған. Бір қарағанда, бұрыннан бар ұйымдардың бейкүнә бір кездесуі секілді. Астарына үңілсең, өзге мықтыларға Ресей бастаған үлкен шоғырдың өз қайратын дәлелдеу, біз де бармыз дегенді ыммен түсіндіруі секілді де әсерін аңғарасың.

Бірақ, екеуі де ерікті, шешім тек консенсус арқылы қабылданатын ұйымдар екенін және екі ұйымға да мүше мемлекеттердің жеке-жеке алғанда АҚШ, Еуропа одағы секілді озықтармен жеке-жеке қатынаста екенін ескеру ләзім.

Уфа – Башқұрттың астанасы, Башқұрттың түбі – түркі. Тілде ұқсастық, дінде ұқсастық, дәстүрде қазаққа ұқсастық бар, қалайда. Аңғару қиын емес, мысалы, асхананы - ашхана, дәріхананы - дәрухана дейді, солай-солай кете береді. Саммитке мықты әзірленген. Әуежайдан бастап жөндеген, әрлеген, қаланы сәндеген. 180 миллион  АҚШ долларына тең қаржы жұмсапты.

Енді екі саммитке келейік.  Негізі Қазақстан БРИКС-ке кірмейді, бірақ халықаралық мәселелерде белсенді мемлекеттердің бірі. Ал, БРИКС-тің екі мүшесі қазақтың қос көршісі Қытай мен Ресей.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өңіраралық, аймақтық және халықаралық дәрежедегі мәселелерге қарата пікірін білдірді, елдің ұстанымын жеткізді. 7-ші саммиттің жаңалығы ұйым мүшелері бірігіп «Даму» банкін құрды.

Капиталы 100 миллиард АҚШ долларына тең болмақ. Қазақстан Президенті аймақаралық әріптестікті қаржылай қолдау үшін біртекті жүйе құрудың да маңызын айтты. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жуырда біз дүниежүзілік EXPO-2017 көрмесінің тұғырында Астанадан халықаралық қаржылық орталығын құру туралы шешім қабылдадық. Орталық - Қазақстанның қаржы инфрақұрылымының негізіне, одан әрі тұтас Орталық Азия аймағының қаржылық хабына айналмақ.

Аймақта инвестициялық, қаржылық климаттың тартымдылығын күшейту үшін: Азия банкі, Еуразия банкі, БРИКС даму банкі секілді қаржылық құрылымдар жұмысын үйлестірудің мүмкіндіктерін қарастыру қажет.

Қазақ басшысы терроризммен күрес, аймақаралық интеграцияны тереңдету, көлік қатынасында әлемдік жүйеге кірігу мәселелері біздің мемлекеттер үшін өте маңызды екенін айтты.

Қазақстан, Қытай, Қырғыз, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан алтау еді бұрын Шанхайдың мүшелері. Енді Үндістан мен Пәкістан кірікпек. География да кеңейеді, салмағы да арта түседі, әрине.

Бір кілтипан, Үндістан мен Пәкістан арасы онша емес, бірақ, Шанхай ұйымы дүрдараз елдер үшін диалогтың алаңына айналады. 2001-ші жылы құрылған ұйым Уфа саммитінде бірінші рет Стратегиялық құжат қабылдады. Меже он жыл - 2025-ші жылға дейін.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шанхай процесі өз қызметінің бастағаннан-ақ ашық, теңгерімді және көпсалалы құрылым екенін көрсетіп келеді. Сол себепті де біз Үндістан мен Пәкістанның ұйымға мүше болуы үшін қажет процедураны бастау туралы шешімді толық қолдаймыз.

Үндістан мен Пәкістанның халықаралық беделі мен тәжірибесі, экономикалық мүмкіндіктері біздің ұйымның болашағына зор ықпал етеді. Екіншіден, Шанхай ынтымақтастық ұйымы дамуының 2025-ші жылға дейінгі Стратегиялық жоспарын бекіту біздің алаңның эволюциялық дамуының айқын дәлелі саналады.

Құжатта алдағы он жылдың жоспары толық түзілген. Әлемде болып жатқан оқиғаларға қарағанда, Шанхай ұйымы аймақтағы мемлекеттердің қауіпсіздігі мен дамуының кепілі болып қалуы тиіс.

Стратегиялық құжат түзу ісін бастаған Ресей, ал қалған мүшелер қоштады. Әрине, Шанхай ұйымы таза консенсустік тәртіптегі, ерікті қауымдастық. Яғни, Стратегиялық құжат бір елдің ғана сойылын соқпайды, көпке ортақ.

Сол көпке ортақ мәселенің бірі – терроризм. 2000 жылдан бері әлемде содырлар қолынан опат болғандар 5 есе көбейген. 150 мың адамға жеткен. Солардың 80 пайызы Азия, Таяу Шығыс, Африка елдерінде екен. Санадағы обырға айналған дерт біртіндеп меңдеп келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің азаматтарымыздың террористер жағына шығып, соғысқа қатысуы үлкен проблемаға айналды. Сондықтан, бұл қауіпке қарсы тұратын ортақ халықаралық тәртіп-талапты енгізудің уақыты келді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы зорлықшыл экстремизммен қарсы күресуге әзір халықаралық қауымдастық мүшелерімен диалог орнатуға әсер етуі керек. Бұл ретте  терроризммен күрестің бірыңғай жүйесін жасау туралы ұсынысты БҰҰ-ның алдағы ассамблеясының күн тәртібіне енгізу маңызды.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризммен, экстремизммен, сепаратизммен күрес бағдарламасының қабылдануы бұл бағыттағы біздің ортақ іс-қимылымыздың нақты көрінісі және серті болады.

Шанхай ұйымы бүгін терроризммен күрестің ортақ құжатын қабылдады. 2016-2018-ші жылдарға межеленген. Сондай-ақ, Уфа декларациясы  бекіді.

Еркін Таңатқанұлы, тілші:

Шанхайға мүше алтау біріне-бірін жалғап жатыр. Географиялық тұрғыдан қарасаң үлкен ұйым. Ал, экономикалық есептен озық деп кесіп айта алмаймыз, ала-құла. Бірақ, әлемде инвестиция мен технологияның біртіндеп осы аймаққа жылжып жатқанын да жоққа шығаруға болмайды.  Яғни, Үмітсіз емес. Ұйымға төрағалық міндеті осы жолы Ресейден Өзбекстанға өтті.

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу