Президент БРИКС саммитінде сөз сөйледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент БРИКС саммитінде сөз сөйледі

24.08.2023

Президент әлем елдерінің басшыларын экология мәселесіне ден қоюға шақырып отыр. Мемлекет басшысы БРИКС саммитінде видеобайланыс арқылы сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылды «экология жылы» деп жариялап, осы бағытта күш біріктіру керектігін айтты. Жиында Президент тағы қандай мәлімдеме жасады?

Бразилия, Ресей, Үндістан мен Қытай және Оңтүстік Африка. Әлемдік экономика мен саясаттағы салмақты елдерден құралған бестік. БРИКС жиыны биыл геосаяси ахуал шиеленіскен күрделі кезеңде өтіп жатыр. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының қазіргі төрағасы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев сөз алып, бірқатар бастаманы көтерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің БҰҰ Жарғысына негізделген лайықты формуласын іздеуіміз керек. Осы мақсатта мен биылғы ШЫҰ саммитінде «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастама көтердім.Бұл бастама жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау ісін ілгерілетуге, сондай-ақ анағұрлым рационалды әлемдік саяси және экономикалық тәртіпті қалыптастыруға бағытталған.

Мемлекет басшысының пікірінше, ШЫҰ мен БРИКС елдері цифрлық орта, киберқауіпсіздік салаларындағы әлеуетін біріктіріп, ақпарат алмасуды кеңейткені жөн. Осы орайда әріптестерін келер жылы Қазақстанда өтетін Цифрлық форумға шақырды. Тағы бір маңызды бағыт сауда-саттық пен логистика.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Аса маңызды «Бір белдеу – бір жол» бастамасын толықтыратын Транскаспий халықаралық көлік дәлізі сауда саласындағы ынтымақтастыққа кең мүмкіндік ашады.Мұндай ықпалдастық өңіраралық сауда-саттықтың дамуына және біздің аймақтардың көлік-транзит әлеуетін толық танытуға септігін тигізеді.

Президент әлемдік көш басшылар қоршаған ортаны қорғау мәселесінде үлкен қозғау жасау керектігін айтты. Соңғы бірнеше жылда Оңтүстік және Орталық Азия елдерінде қуаншылық белең алып барады, басқа да табиғи апаттар жиілеген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осыған орай Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымында 2024 жылды «Экология жылы» деп жариялауды ұсынып, осы өзекті проблеманы шешу жолындағы ортақ күш-жігерді ұйымдастыруға дайын екенін білдірді.ШЫҰ-ның Экология жылын өткізу жөніндегі іс-қимыл жоспары уақтылы көтерілген бастама. Бұл бастама БРИКС-ке мүше мемлекеттер тарапынан да қолдау табады деп үміттенемін.

Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де әлемді алаңдатып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елдеріміз арасындағы азық-түлік теңгерімсіздігін азайту үшін тиісті шаралар қабылдауымыз қажет. Біз әлемдегі азық-түлік пен тыңайтқыш жеткізу ісіне саясатты араластырмай, оларды кез келген санкциялар мен шектеулер ықпалынан босатуымыз керек.

Сөз соңында Президент Қазақстанның БРИКС ұйымына қосылуға ниеті бар екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше жаһандағы қауіпсіздік пен тұрақты даму тек бірлесе әрекет еткенде ғана жүзеге асады.


Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу