Жарқырайды Астананың шамдары!
Ерекше сәулетпен салынған зәулім ғимараттар, қайталанбас архитекторлық шешімдер Астананы өзге астаналардан оқ бойы озық көрсетіп тұр. Бұрындары қала қыдырып келген қонақты «Бәйтерекке» ғана апаратынбыз. Қазір алуан түрлі демалыс орындары да көбейді.
Күндіз Астана қандай көркем болса, түнгі қала тіпті ажарлы. Қала көшелерінде жанып тұрған барлық шамдарды «Астана қалалық Жарық» мекемесі бақылайды.
Мекеме мәліметтерінше, Астанада 45 мыңға жуық жарықтандырғыш бар. Қала көшелері, саябақ аумақтары, үй-үйдің арасындағы жарықшам, яғни, лампалардың барлығы осы мекеме қарамағында. Қаланы жарықтандыру үшін айына 25 миллион теңгенің электр энергиясы кетеді.
Бұл шығын қалай ақталады? Бүкіл қаланың жарығын кім өшіріп, кім қосып отыр?
Айнұр Омар, тілші:
Астана уақыты 21.50. Дәл қазір осы шағын бөлмеде небәрі екі оператордың көмегімен елордадағы барлық шамдар жанады. Қала көшелері әп-сәтте жарқырап кетті. Әдетте көпшілігіміз Астана шамдарының нешеде қосылып, нешеде сөндірілетінін біле бермейміз.
Қаладағы жарықтың өшіріліп-жануына мына аппарат жауапты. Бір жылдық уақыт мерзімі алдын ала белгіленіп қояды. Барлығы автоматты түрде жүзеге асады. Ал, диспетчер тұманды күні не табиғаттың райына қарай жарықты 5-10 минут ерте-кеш беруіне құқы бар.
Халық үйреніп қалғандықтан ба, жарықтың нақты жанған уақытына қарай бермейді. Жарық па, жарық. Солай болуы тиіс сияқты. Ал, қаланың жарығы - жүздеген жанның табан ет, маңдай терінің жемісі.
Нұржамал Қаманова , диспетчер:
Жұмысым ауыр, бірақ, өзіме ұнайды. Астананың жарығын жағамыз, сол мақтаныш бәрімізге. Ол тұрғындарға қуаныш сыйлайды.
Диспетчердің сұхбат беруге уақыты тапшы. Түнімен жұмыс істейін 25 бригада көшедегі ахуалды телефон, рациямен тынымсыз хабарлайды. Міне, тағы бір хабар түсті.
Тәуелсіздік даңғылында екі бағанада тұрған жарық лампасы жанбай қалыпты. Дәл жанынан өтіп бара жатсақ та, мыңдаған жарық арасынан небәрі екі шамның өшіп тұрғанын байқамаймыз да. Бірақ, мекеме қызметкерлері үшін ол - үлкен ақау. Дереу бригада аттанады.
Асай-мүсейін көтерген электр монтері Ердос деген азамат бұл. Қазір әп-сәтте өшіп тұрған шамды жарқ еткізеді. Бағана түбінен өздері ғана білетін тетікті ашып, сымдарды тексеріп көрді. Ақау осыдан. Демек, бағананың басына шығудың қажеті жоқ. Ал, көшенің келесі бетіндегі жарық лампасы күйіп кетсе керек. Биікте тұрған лампаға арнайы көтергіші бар көлік жеткізе алады.
Ердос биіктен де, «электрик бір рет қана қателеседі» деген әзіл-шыны аралас сөзден де қорықпайды.
Ердос Нұрымбетов, электр монтері:
Күніне 15-20 жарық лампасын ауыстырамыз. Осылай 15-20 рет шығамыз. Үйреніп қалдық, жұмысымыз осы. Қазір 15 метр биіктікте тұрмыз.
Жарық лампасын ауыстыру соншалықты қиын емес. Тек 15 метр биікте, әрлі-берлі қозғала беретін көлік үстінде тұрғаның болмаса, күйіп кеткен шамды үйдегідей ауыстыра саласың. Әрі биіктен түнгі Астана әдемі көрінеді.
Айнұр Омар, тілші:
Түннің бір уақыты болды, бірақ, Астананың қызған тіршілігі әлі тоқтаған жоқ. Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, ал, біз электрик Ердос екеуміз қаланың жарықтарын ауыстырып жүрміз. Қала көшелерінде «Астана тазалықтың», жалпы, демалып жүрген халықтың көлктері әрлі-берлі ағылуда. Осылайша, Астанада 24 сағат бойы қайнаған тіршілік үзілмейді.
Ердос мамандығын жақсы көреді. Өзін осы қаланың түнгі күзетшісіндей сезінеді. Өйткені, ол жаққан жарық қаланың тұрғындарына қуаныш сыйлайды.
Ердос Нұрымбетов, электр монтері:
Астана әдемілігімен ұнайды. Біз халыққа жарық беріп отырмыз. Түнде өте әдемі.
Бригаданың жұмысы - осы. Таң бозарып атқанша өшіп қалған жарықтарды жағып шығады. Күндіз бақылау қиын, өйткені, шамның жанып, не өшіп тұрғанын білмейсің. Ал, түнде бірден көрінеді. Қазір Астана қалалық жарық мекемесі энергия үнемдегіш лампаларға көшкен. Сапа - бірінші орында. Әрі нарықта түрлі ұсыныс көп, түр-түрі шығып жатыр.
Айсұлу Сыздықова, «Астана қалалық Жарық» ЖШС өндірістік-техникалық бөлім басшысы:
Бүгінгі күні қала көшесінде 29 250 дана жарықшам бар. Ал, саябақтарға 17 510, кварталдар ішіне 2 542 жарықшам сияқты жарық беруші құралдар қойылған. Қала жарығы жаз кезінде 21.50-де қосылып, таңғы сағат 04.00-де өшіріледі. Қыс мезгілінде кешкі 17.00-де қосып, таңғы 09.00-де өшіреміз. Жазда күн жарық. Сондықтан, оған кететін шығын аз.
Мекеме тек қала көшелерінің жарығын жағады. Соның өзінде электр энергиясына кететін шығын жаздыгүні 25 миллион, қыста 60 миллион теңге. Көше шамдары жарық болуы керек. Кемінде 250 ваттық жарық лампалары қолданылады.
45 мың шамшырақ жазда 6-6,5 сағат жанып тұрады. Ерекше жарқырайтын Орталық алаң, «Нұржол» бульвары, «Бәйтерек» кешенінің маңы. Бұл жерлер күндіз-түні қонақтан арылмайды. Серуендеген халықтың арасында депутаттар да жүр екен.
Құттықожа Ыдырысов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Не нәрсені жақсарту үшін алдымен шығынданасың. Соның есебінен қала дамиды. Шығынды есептей берсең, ешқашан дамымайсың. Шығынсыз кіріс болмайды. Ертең бүкіл халық келеді, туристер тамашалайды.
Депутат «Ел имиджі қазір Астана арқылы қалыптасуда», дейді. Демек, Астананың көркі үшін жұмсалатын қаржының өз өтеуі бар.
«Бәйтерек» маңында қыдырып жүрген тағы бір қонақ ағынан жарылып сұхбат берді. Өзі Санкт-Петербургтен келген қазақ.
Октябрь Болатхан, турист:
Қазақстанды бұлай өркендейді деп ойлаған жоқпын ешқашан. Жақсы болыпты. Дубаймен бірдей деп айтуға болады.
Ержан Абыл, Астана қаласының тұрғыны:
Жаңа стильде, Еуропадағыдай. Жарығы керемет. Кешке жүрсең де, күндіз жүргендей боласың.
Дубай, Еуропа, кейбірі «енді 10 жылда Париж боламыз», деді. Астананың климатын да, қаладағы тынымсыз тіршілігін де, әсіре қымбатшылығын да 17 жастағы шолжаң бойжеткенге ұқсатады кейбірі. Рас та шығар. 17-дегі қыз барын киіп, құрбы-доспен әзілдесіп кешқұрым сейіл құрмаушы ма еді?! Ендеше, шырағың сөнбесін, Ару Астана!
Айнұр ОМАР
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы