Индустрияландыру бағдарламасының экспорттағы үлесi 14 пайызға жеткен
Біздің елде жаңадан жұмысқа тұрған 10 адамның 9-ы индустрияландыру картасы аясында кәсіп тапқан. Қазір бағдарлама бойынша іске асқан нысандарда 1 миллионнан астам адам еңбек етіп жүр.
Ал, индустрияландыру бағдарламасының экспорттағы үлесi 14 пайызға жеткен. Бүгінгідей нарықтар тарылып, сұраныс төмендеген, негiзгi экспорттық тауарлардың бағасы құлдырап, бәсеке күшейген уақытта экспортты жүзеге асыру оңай емес. Алайда, бұл біздің қолымыздан келді.
Жалпы, сыртқы нарықта еліміз тұрақты орынға жайғасқан. Қазақстан жаһандағы iрi 50 экспорттаушы елдің қатарына кiрiп, 43-ші орынға тұрақтаған. Бұған қоса, елiмiз әлемге сары фосфор мен уранның нөмiрi бiрiншi жабдықтаушысы ретiнде танылғанын және ұн экспорты бойынша Түркиядан кейiнгi екiншi орында екенін ұмытпағанымыз абзал. Индустрияландыру бағдарламасының екінші бес жылдығы да берекелі болмақ.
«Біздерде анадай бар, мынадай бар». 1990 жылдардың тұсында ауыз толтырып дәл осылай айта алмас едік. Кеңес одағы кезіндегі көп кәсіпорынның шаруасы шатқаяқтады сол тұста.
Қазір жағдай басқа, жақсарған. Зәулім зауыт да, ірі кәсіпорын да көп бізде. Индустрияландыру саясатының жемісі бұл.
Жарты жыл сайын Мемлекет басшысына жауапты министрлік есеп береді. Бағдарлама бойынша жүзеге асқан жобалардың жайын айтады. Олардың өндірген өнімдерінің көрмесін ұйымдастырады.
Бұл жолы көрмеде негізгі 5 салаға назар аударылады. Олар: машина құрылысы, металлургия, химия және мұнай-химия, фармацевтика және құрылыс индустриясы.
Машина құрылысы Қазақстанның индустриялық дамуының келесі кезеңінің локомотиві болуы тиіс. Президент солай деген. Соңғы 4 жылда Қазақстанның машина жасау саласы қарқын алып келеді.
Индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығында саладағы өндіріс көлемі екі еседен астам артқан. Ал, келесі бесжылдықта бағдарлама басымдық беретін 14 саланың 6-ы осы машина жасау саласына қатысты. Яғни, көрсеткіш көбейе береді.
Көрмеде көптің назарына ұсынылатын жобаның бірі – «АтырауНефтеМаш». Мұнай-газ саласына қажетті машиналарды құрастырып шығаратын зауытқа қосымша екі үлкен цех салынғалы жатыр. Бағдарлама шеңберінде, әрине. Пайдасы орасан.
Мақсот Ишаев, «АтырауНефтеМаш» ЖШС Бас директорының орынбасары:
Бұрын біздің «АтырауНефтеМаш» зауыты мұнай пеші, сеператор, мұнай саласына қажетті бұйымдар шығарды. Қазіргі инновациялық даму бағдарламасына сәйкес, біздің ұжымда үлкен өндіріске екі цех қосылғалы жатыр.
Ол – ауыр машина құрастыру цехы. Мұнда мұнай саласына байланысты үлкен габаритті жабдықтар өндіріске шыға бастайды. Бұл өндіріс іске қосылған кезде зауытқа тағы қосымша 50-60 жұмысшы қабылдаймыз.
Кез-келген елде өз экономикасының тірегі саналатын саласы болады. Бізде - металлургия. Көрмеде көпке көрсетілетін тағы бір кешен ол - кешенді қорытпа зауыты.
Қарағандыда «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында салынады. Жылына 75 мың тонна ферро-силиций-алюминий қорытады. Сондықтан, өңірдің өміріне керек кешен, ерек кешен.
Жоба жүзеге асса, аймаққа алыс-жақын шетелден 83 миллиард теңгедей инвестиция тартылады. 3 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Химия саласында біз жең түріп, жөнді жұмыс істегеніміз жоқ. Жасырмайық. Бірақ, химия, темір, көмір, мұнай менен газдағы аз да болса бар байлығымызбен пара бар, пайдалы сала. Бағдарламаның екінші толқынында осы себепті салаға басымдық берілді.
Жамбыл облысында құны 2 миллиард доллар тұратын кешенді минералды тыңайтқыштар өндірісі өркен жайған. Бұл бүтіндей бір оңтүстік өңірдің өміріне өзгеріс берді. Енді жанынан бөлім ашылады. Құрылыстың шамамен, 40 пайызы аяқталды.
Болатхан Көптілеу, шебер:
Қазіргі таңда біз 130-140 мың тонна өнім өндіру үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Қазір бізде реконструкция. Экстрактілі фосфор қышқылының көлемін арттыру үшін жаңа жоба ашылып жатыр. Яғни, бұл бөлім іске қосылғаннан кейін өнім көлемі 400-500 мың тоннаға дейін артады.
Қазір ауру көп, дәрі-дәрмектің түрі одан да көп. Алайда, еліміздің фармацевтика саласындағы отандық өндірушілердің үлес салмағы 20-ақ пайыз. Қалған 80 пайыз өнім - шетелдікі.
Демек, отандық фармацевтиканы оңалту керек. Сала индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығынан сырт қалған жоқ. Бұйыртса, 2018 жылы Алматыда туберкулезге қарсы препараттар өндіретін зәулім зауыт бой көтереді.
Жоба құны – 18,2 миллиард теңге. Жылына 200 тонна өнім шығарады. 120 адамды жұмыспен қамтиды.
Төбесі көк тірейтін зәулім ғимараттардың болғаны жақсы. Ал, құрылысқа қажетті заттар отандық болса, одан да жақсы. Құрылыс саласында қазақстандық өнім ішкі сұраныстың 80 пайызын қамтиды. 2010 жылы көрсеткіш 63,2 пайыз болған. Ал, 2009 жылы 55,2, өткен жылы 75 пайызға жетті.
Сандарға қарап, тоқмейілсуге болмайды. 2017 Қызылордада шыны зауыты іске қосылады. Жоба жүзеге асқанда жылына 200 мың тоннаға жуық өнім шығарылады.
Қазір құрылысы басталды. 11 техника жұмыс істеп жатыр. Бүгінде белгіленген жерге су жүйесі тартылды, газ келіп тұр, бір сөзбен айтқанда, инфрақұрылым мәселесі толықтай шешілген.
Ғалым Әміреев, облыс әкімінің орынбасары:
Шикізаттың барлығы 90-95 пайызы- жергілікті шикізаттар. Сырттан келетін тек қана кальцийленген сода. Бірақ, болашақта біз «Аралтұз» компаниясының қатысуымен сондай жобаны қарастырып жатырмыз. Техникалық экономикалық негіздемесі жасалып жатыр. Сосын құрылыс Қызылордада да, өзімізде де болады.
Индустрияландыру, инновация, инвестиция. Үш ұғым Қазақстан экономикасының құралы. Біз - Еуразиялық экономикалық одаққа мүшеміз. Таяуда Дүниежүзілік сауда ұйымына кірдік.
Енді экономиканың қозғаушы күші саналатын кәсіпкерлерімізге бәсеке күшейді. Сол бәсекеде әттеген-ай, деп қалмауы үшін қарекет керек. Ал, индустрияландыру бағдарламасының осы тұста игі боларына шүбә жоқ.
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы