Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы. Кемел тұлғаларға кенде емеспіз, солардың соқталысы – Абылай хан. Абылай – Керей мен Жәнібектен бергі «Қазақ хандығы» деген байтақ жерімізді жаудан азат етіп, еліміздің етек-жеңін бүтіндеді.
Алмағайып аласапыран заманда биік тұлға парасаты мен саясаткерлігінің арқасында қазақ халқын жойылып кетуден сақтап қалды. Тарихта «Абылайдың ақ туы» деген бар. Бұл жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыста көтерілген ханның туы. Қыл шашақты, көлемі 2 шаршы метрлік ақ жібек матадан тігілген. Бірақ, сақталмаған.
Және 20 ғасырдың басында Алашорда жетекшілері де халықты бірлікке шақырып, «Абылайдың ақ туы астына жиналайық», деп үндеу тастаған екен. Немесе әлі күнге Қызылжарда «Абылайдың ақ үйі» тұр. Яғни, ханның резиденциясы.
Заманында Ресей патшалығы ханға тарту есебінде салып берген. Бар ғұмырын ат үстінде өткерген құрметті хан туралы керек деректің барлығын дерлік сол үйден табасыз. Және ел арасында «Абылай аспас сары бел» дейтін тіркеске қатысты әфсана көп. «Е, хан шыға алмаған бір биік бел шығар», дейміз де қоямыз.
Аңыздарда қалың қардан Абылай хан жүре алмай кері қайтқан деседі. Ол жер бүгінгі осы Сарыарқаның сары жазығы. Білетініміз, сол сары бел, кезінде тың көтергендердің тіл орамына орай – «Осакаровка» аталып кеткен. Түпкі мағынасы «аса қарлы» деген екен. Ал ,іздің бүгінгі айтпағымыз «Абылайдың қара жолы». Естуіңіз бар ма? Бұл жол әлі күнге жатыр.
Мейіржан Әлібекұлы, тілші:
Мынау көркем келбет Арқаның көк моншағы Көкшетау мен елорданың бел ортасы. Тұмса табиғат. Түгін тартсаң, майы шыққан жер. Мынау тал-терегі, шоқысы керемет мекеннің ғажабы - бұл жерге Абылайдың табаны тиген, тұлпарының ізі қалған.
Бұл – Ақмола облысына қарайтын Сәуле ауылының маңы. Жол шиырлай осы ауылдың жанымен өтеді. Қара жол әлі сайрап жатыр. Қалың жасағын ертіп, хан Абылай бұл жермен талай өткен.
Қабиден Омаров, Сәуле ауылының тұрғыны:
Осы Көкшетау өлкесінде ұлы бабамыз хан Абылай 48 жыл өмір сүрді. 48 жыл ел басқарды. Содан мына көріп тұрған жолыңыз «Абылайдың қара жолы» деп аталады.
Сонау Түркістаннан бері қарай Ақмола жерін басып өтіп, содан Бурабайға тікелей тартып, одан Тайынша деген аудан бар Көкшетаудың әр жақ бетінде. Сол бетпенен жүріп отырып, бір кездерде Қызылжардың өзінде де тұрды ғой.
Тұлпарлардың тұяғымен түзілген қара жол солтүстіктен оңтүстікке төтелей тартады. Профессор Серік Негимовтің айтуынша, бұл жолдың Абылайдан қалғанына, хан заманынан бері келе жатқанына еш күмән жоқ.
Серік Негимов, филология ғылымдарының докторы:
Мұны 1832 жылы орыс тарихшысы Левшиннің «Қырғыз-қайсақ ордаларына және сахара өлкесіне сипаттама» дейтін еңбегінде айтылған. Бұл мынадай мақсатта пайдаланылған.
Біріншіден, 18-ғасырда Абылай хан Орта жүз бен Ұлы жүз қазақтарының қарым-қатынасын күшейту мақсатында, екіншіден, әскери қуатын сақтау жолында хан жолы, «Абылай жолы» деп аталған.
Ерлігі мен батырлығы бір бөлек, ақыл-парасаты биік хан о бастан бұл жолды стратегиялық мақсатта пайдаланған. Саяси мақсатта да, экономикалық мүдде тұрғысынан да.
Серік Негимов, филология ғылымдарының докторы:
Абылай хан - мемлекет басшысы. Оның әскері бар, сақтайтын аумағы бар. Мәдениеті бар. Сондықтан, Қазақстанның ол шетінен бұл шетіне дейінгі жол байланыс жолы, сауда жолы, керуен жолы болуы мүмкін.
Ұрпақтан ұрпаққа жеткен деректерге сүйеніп, ауыл ақсақалдары айтады: стратег Абылай ханның бұл жолды таңдауы бекер емес. Күндік қашық жерлерді қысқартқан ең төте жол осы.
Қабиден Омаров, Сәуле ауылының тұрғыны:
Сол кезде кіре тартқан қазақ. Кіре деген сауда-саттық. Өгізбен, атпен жылдап-айлап жүрген ғой осы жолмен. Ол кезде кіре тартқан қазақ шөлдейді, сусын керек, сол шөлдері қансын, малдарын суарсын деген оймен бірнеше құдық қаздырады екен осы жол бойына.
Әрине, одан бері сан ғасыр өтті. Ол құдықтар сақталмаған. Егін өсірген ел, қолайсыздық тудырған соң құдықтарды жауып тастаған. Ал, жол кәдеге жарап тұр.
Қабиден Омаров, Сәуле ауылының тұрғыны:
Бұл - киелі топырақ. Мынау ата-бабамыз Абылай ханның жүріп өткен, тұлпарының ізі қалған, керуендердің ізі қалған топырақ. Қасиетті жол шаруашылықтарға өте қолайлы. Өйткені, қысы-жазы осы жолмен жүріп тұрады.
Филологтар Абылайдың жолын айғақтайтын Левшиннің еңбегін алға тартса, тарихшылар деректердің аздығын айтады.
Қадыржан Әбуев, тарих ғылымдарының докторы:
Ақмола шекеміне барған соң, қара жол екіге бөлінеді. Біреуі Жоңғарға қарай кеткен жол, біреуі Түркістанға қарай. Енді нақты осындай жолдың маршрутын анықтап, оны зерттеу керек. Бұл маңызды тақырып, оны ары қарай жалғастыру қажет.
Жаугершілік заманда ханның жеке басын қорғау өте маңызды болды. Мысалы, атақты Шанышқылы Бердіқожа батыр Абылайдың сенімді оққағары болған деседі. Қазір батырдың денесі Қарқаралы мен Шұбартаудың түйіскен жерінде жатыр. Бір маңыз берер тұс, ханның оққағарлары осы топырақтан таңдалған.
Серік Негимов, филология ғылымдарының докторы:
Абылай ханның оққағарлары болған. Әсіресе, Шанышқылы руынан шыққан. Олар өте жауынгер, қыран мінезді және ұрыста шапшаң, көргіш болған. Оққағарларын хан жеке, құпия ұстаған.
Шөбі көк майса, ауасы саф, ну орманға жақын жатқан Сәуле ауылы алмағайып Абылай заманына куә. Осы топырақта ғұмырын ел игілігіне жұмсаған талай әулие-әмбие жатыр. Мысалы, мына бейіт Мұхамед-Салық әулиенікі.
Серік Негимов, филология ғылымдарының докторы:
Ел Салық хазіретті сыйлайды. Басына дұға оқиды. Абылайдың «қара жолының» бойында тұр. Қасиетті адам болған. Бір жігіт алтын тауып, хазіретке апарып не істеймін, дейді. Сонда мұны елге, білім алуға жұмса, дейді.
Қара жолдың бойында тұрып, Абылайдың қалың жасағына куә болған Байкөбек ата да осында жатыр. Бұл кісі туралы да деректер көп.
Гүлбаршын Төлеуова, Сәуле ауылының тұрғыны:
Ол кісі Абылай ханның керуен тартқан жолындағы тастарды теріп жүреді табандарына батпасын деп. Сол кісінің басында шырақ жанып тұрады.
Ауыл іргесінде батысы қарағаймен көмкерілген Құрттыкөл дейтін көл жатыр. Бір кездері жаз түссе, жағасында 400 бала демалатын лагерь болыпты. Қазір жетім күйде. Құрамында кремнийі көп көл талайды сырқатынан сауықтырған. Жарнама жоқ, игілігін пайдалана алмай отырмыз.
Қайрат Сүлейменов, Сәуле ауылының тұрғыны:
Бұл көл Абылай хан заманынан бері бар. Емдік қасиеті бар. Небір ауруларға ем. Адамның денесіне шыққан жараларға ем. Мұның астында саз бар. Сол ем.
Солай. Бытыраған үш жүздің басын қосамын, деп шырылдаған Абылай осы жол арқылы ру мен руды қосты. Талай мемлекеттік мәселені шешті. Қазақ халқының жұлдызы жарық ел болуын аңсап, жауға найзаның ұшын ғана емес, дипломатияның күшін де жұмсады. Мұның бәрінде осы «қара жолдың» атқарған маңызы ерен екені анық.
Қабиден Омаров, Сәуле ауылының тұрғыны:
Түркістаннан осы Қызылжарға дейінгі аралық оңтүстік пен солтүстіктің арасы 4 мың шақырым болады. Бабаларымыз осыншама жерді атпен жүріп сақтап қалған ғой.
Зерттеушілер мен ақсақалдардан тілек біреу. Абылайдың «қара жолына» мемлекеттік деңгейде маңыз берсе. Бұл Қазақ хандығының 550 жылдығына үлкен сый, хандарымызға зор құрмет болар еді.
Осы орайда, Мемлекет басшысының мына бір сөзі есіме түсіп тұр. Осыдан 2 жыл бұрын даңқты ханның 300 жылдығына орай жарияланған «Абылай аңсаған азаттық» атты мақаласында Елбасы былай деген еді:
«...Абылай хан қызғыштай қорып, тұмарындай тәу еткен, армандап кеткен Қазақ елінің Тәуелсіздігіне біздер, бүгінгі буын қазақстандықтардың жеткені үшін де шексіз тәубе айтып, бөлінуге бастайтын жершілдік пен рушылдық дертінен арылғанымыз жөн.
Себебі, бүгінгі заманның жаңаша түрленген қауіп-қатері кешегіден кем соқпайды. Ендеше, Абылайдың арманына қазіргі Қазақстан қол жеткізгенін ерекше мақтан тұтып, ішкі ынтымағымызды, сүттей ұйыған татулығымызды сақтауға қызмет ету - баршамыздың парызымыз».
Осыны естен шығармағанымыз абзал, ағайын.
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ