XIX Петербург экономикалық форумында Қазақстандағы қазіргі реформаларға жоғары баға берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

XIX Петербург экономикалық форумында Қазақстандағы қазіргі реформаларға жоғары баға берілді

21.06.2015
XIX Петербург экономикалық форумында Қазақстандағы қазіргі реформаларға жоғары баға берілді

Жаһандық қаржылық қиындық биыл көктемде Астана экономикалық форумында талқыға түссе, соңынан, бұл мәселе осы аптада Санкт-Петербургте қозғалды. 1997 жылдан бері тұрақты өтетін халықаралық экономикалық форум -  бүгінге дейін талқылар тақырыбы салмақты ауқымды пікір алаңына айналып үлгерді.

Көрші Ресей соңғы Қырымдағы жағдайдан кейін АҚШ пен Еуропаның кәріне ілікті. Санкциялар қыспағында қалды. Мемлекеттің оңалар-оңалмасын сақа экономистердің өздері бүгінде дөп басып айта алмай отыр.

Биылғы форум экономика мәселелерінен бастап, Ресейге шетелдік инвестиция тарту, батыстық санкциялар аясында жаңа өсу көздерін іздеу, антидағдарыстық шаралар және ақша-саяси несие сұрақтары талқыланды.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

Петербург халықаралық экономикалық форумы биыл 19-шы рет өтіп жатыр. Ресейдегі ең ірі пікірталас алаңдарының бірі саналатын бұл форумға жыл сайын әлемнің маңдайалды экономистері мен саясаткерлері және сарапшылар жиылады. Ондағы мақсат - әлемдік экономиканың хал-ахуалын бағамдап, болжам жасау.

Жиын кезінде Қазақстандағы қазіргі реформаларға жоғары баға берілді. Ресейді тығырықтан шығарудың жолдарын іздеген белгілі тұлғалар мен билікте жүрген саясаткерлер, біздің елдің тәжірибесін жан-жақты талқылады.

Мәселен, «Ресей Жинақбанкінің» басшысы Герман Греф, Қазақстандағыдай Ресейге де мемлекеттік басқару саласының реформасы керек деп тұспалдаса, форумның ашылуы кезінде, мыңдаған адамның алдында сөз алған Ресейдің бұрынғы қаржы министрі Алексей Кудрин, Қазақ елінен үлгі алу қажет, деп ашығын айтты.

Алексей Кудрин, РФ бұрынғы қаржы министрі:

Ресей Федерациясында да, Қазақ еліндегідей мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізіп, реформалар туралы жаңа бағдарламаны жариялау қажет. Себебі,  халықтың жаңа сеніміне ие болған кезде ғана, кез-келген істі тиімді атқаруға болады.

Қазақстанның тәжірибесі осыны көрсетіп отыр. Сайлау өте сала Қазақстан Президенті жариялаған институционалды реформалар мен оны іске асыруға арналған 100 қадамның маңызы өте зор. Маған Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан реформалары ұнады.

Форумның жұмысына Ресей Президенті де қатысты. Владимир Путин өз сөзінде, жаңа интеграциялық бастамаларға ерекше мән беру керек, деді. Бұл тұрғыда Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай тарапы келешекте қоян-қолтық жұмыс істеуі қажет.

Сонымен қатар, Ресей басшысы алдағы уақытта елде атқарылуы тиіс міндеттерді де белгілеп берді. Бір қызығы, Владимир Путин мәлімдеген кейбір сөздер де, жақында Қазақстан Президенті жариялаған реформалармен үндес. 

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Біз келешекте мемлекеттік басқару саласына ерекше мән беру керекпіз. Өз жұмысына жауапты, кәсіби аппарат қалыптастыру керек. Ол үшін белгілі жоғары оқу орындарының бірінен мемлекеттік басқару мен бизнес ортаны қалыптастыру туралы озық тәжірибені бөлісуге арналған орталық құрамыз. Сол арқылы шағын және орта бизнесті дамытамыз.  Алдағы уақытта Ресей тарапы елдегі бизнес ахуалды жақсартып, экономиканы әртараптандыруға мән береді. 

Ресейден өзге де, біздің стратегиялық әріптестеріміз, Қазақстандағы оң өзгерістерді байқап отыр. Атап айтсақ, форумда Қытай тарапы, Қазақстан Президенті бекіткен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында, қоян-қолтық жұмыс істеу керек деген пікір білдірді.

Сонымен қатар, Қытай елі, ең алғаш рет Астана қаласында жария болған, Жібек жолының экономикалық белдеуі жобасы мен Еуразиялық одақ арасында да алыс-берісті арттырудан үмітті.

Ли Юнцюань, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының сарапшысы:

Мен «Нұрлы жол» бағдарламасымен толықтай танысып шықтым. Байқағаным, бұл құжат пен Қытайдың даму стратегиясы бір-бірімен үндес екен. Мәселен, инфрақұрылымдық жобаларға мән беру, экономикалық саясаттың әлеуметке бағытталуы, экономикалық ашықтық сынды ұқсастықтар көп. Сондықтан, меніңше, Қазақстан мен Қытай үшін бірлесе дамуға, ынтымақтастықты арттыруға тамаша мүмкіндік бар.

Осы айтылғанның барлығы – экономикалық форумның Қазақстанға қатысты тұсы ғана. Әйтпесе, 3 күнге ұласқа шара кезінде бұдан өзге де сан түрлі тақырып сараланып, 150-ге тарта кездесу өтті, 200-ден артық келісім бекіді. Оларға барлығы 120 мемлекеттен 10 мың адам қатысты.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу