Басты Жаңалықтар Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы бізге не берді?

Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы бізге не берді?

Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы бізге не берді?

Соңғы жылдары біз «Қуатты Қазақстан» дегенді көп айтатын болып жүрміз. Әл-қуатымыз артпаса, артта қаларымыз бесенеден белгілі.

Сондықтан ептеп-ептеп болсын, экономиканы алға жылжытып отыру - мемлекеттік саясаттың басты міндеті.

Бұл орайда билік пен бұқараның сенімін арқалаған серпінді жобалар көп, сол көптің ішінде басқаларым бір төбе, Ертөстігім бір төбе деп даралайтынымыз –Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы.

Аты айтып тұрғандай, экономиканың  екпіні ентікпей, жыл сайын үдей түсуі шарт. Соңғы жылдары бағдарламада шабандық байқалмайды, кәтепті қара нардай белсуытпастан, отандық экономиканың көшін өрге сүйреп келеді.

Бұл бағдарлама жәй емес, елуден аса салалық бағдарламаның басын біріктірген кешенді құжат. Сондықтан ол ілгерілеген сайын басқа да әлеуметтік жобалардың жолы ашылады. Яғни, «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту» секілді бағдарламалар индустриалдық саясаттың локомотивіне тіркелген вагондар секілді. Сонымен бірге қозғалады.

Бұл бағдарлама бізге не берді?

Біріншіден, ел экономикасын әртараптандыруға, екіншіден, қазақстандық үлесті арттыруға, үшіншіден, шағын, орта бизнестің дамуына серпін берді.

Мысалы, индустрияландыру бағдарламасының бірінші бес жылдығында жалпы құны 3 триллион теңгеден асатын 683 жоба жүзеге асырылды. Нәтиже жоғары.

69 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Енді екінші бес жылдықтан да күтеріміз көп. 

Ақша - дүниежүзілік нарықты билеп тұр бүгін. Өлшем өзгерген. Абай айтқан қанағат, рақым, талап, еңбек, терең ойға теңге де қосылды.

Ал, сол сиқырлы көк қағаз көптің қолына көктен түсе қалмайды. Бестегі бала да мұны біледі. Берекет болсын деп Үкімет әрекет етті.

Индустрияландыру бағдарламасы аясында 770 жоба іске қосылды. 75 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.

Пайдалануға берілген жобалардың 80 пайызы жоспарлы қуаттылыққа шықты. Оның 56 пайызы 100 пайыздық жүктемемен жұмыс істеуде.

Роллан Сәрсенбек,  битум  зауыты  бас директорының орынбасары:

Битум зауытының жобалық қуаттылығы жылына  – 1 миллион тонна. Техникалық сипаттамасы бойынша жоғары сапалы жол битумын өндіру үшін ең ұтымды шикізатты «Қаражанбас» кен орны өңдейді.

 

Сатыбай Ақмөров, кәсіпорын жұмысшысы:

Біздің мекемеде камаздардың жаңа түрлері жасалады. Жаңа түрлерін жасау үшін біліктілікті оқуларын өтеміз. Жылда аттестация болып тұрады.

 

Тұрсынгүл Жақыпова, бекіре фермасы директорының орынбасары: 

Алға қойған мақсатымыз – өз қуатымызды 60 тоннаға жеткізу.

 

Біз іздеген сайын табылып, игерген сайын көбейе беретін бір ғана қазына бар. Ол - индустрия мен инновация.

Бағдарлама іске асқан  5 жылда бұрын мүлде елде өндірілмеген жаңа 400 өнім түрі игерілді.

 

Нәркес Алпысбаева, «Kaznex Invest» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ, Экспорттық талдау департаментінің директоры:

Елбасының әлемдік дағдарысқа қарсы дер кезінде қабылдаған қаруы десек болады. Бағдарлама аясында қаншама жаңа зауыт ашылды. Іске қосылған 700-ден аса кәсіпорынның 100-ге жуығы өнімдерін өзге елге экспорттауда. Локомативтер, полипропиленнен бастап, тамақ өнеркәсібі, тауық еті, түрлі балықты шетелге сатудамыз.

 

Біз 970 түрлі тауарды әлемнің 117 еліне экспорттаймыз.

Қытай бізден  қорғасынның 100, уранның 48 пайызын сатып алса, Ресей аллюминий мен мыстың 100 пайызын, уранның 42 пайызын Қазақстаннан импорттайды.     

Өзбекстан ұн мен соя майының 99, кондитер өнімдерінің 30, аллюминидің 66 пайызын  Қазақстаннан импорттайды.  Қырғызстан  ұнның 95, сусындардың  65 пайызын бізден тасып тұтынса, Тәжікстан да  ұнның 91, сусынның  тең жартысын, мұнай-газдың 96 пайызын  импорттайды.

Шикізат алаңынан – дайын өнім шығарушы қуатты мемлекетке барар жол. Бағдарлама осы діттегеніне демікпей жетті.

Бұрын біз мақтаның өзін сататынбыз, енді одан жіп иіріп, дайын тауар ретінде шетелге ұсынамыз.

Металдан бұйым шығаруды меңгердік.  Астықпен аты шыққан Ақмолада енді кірпіш те шығуда. Беларусьтің ауыл шаруашылығы техникаларын былай қойып, өзіміздің Қызылордада да трактор құрастырылады.

Мынау заман қай заман, озған заман, инвесторларға мойынды созған заман. Шортанбай ақынның айтқанын өзімізше өргеніміз бұл.

Расында, инвесторларға әркімнің-ақ  бар таласы. Өйткені нан қарынды іздемейді ғой, қарын нанды іздейді. Шетелдік инвесторларды өзімізге желімдей жапсыру үшін жақсы жағдай жасалды.

 

Рахат Мұхтаров,  «Kaznex Invest» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ Басқарушы директоры:

Елдегі инвестициялар жөнінде өткен жылы тамызда жаңа заң қабылданды. Жаңашылдық инвесторларға жақсы мүмкіндіктер береді. Бірінші,  жер салығынан 10, мүлік салығынан 8 жылға босатылады. Құрылысқа кеткен шығынның 30 пайызын мемлекет өтейді.

 

Инвесторлар күй талғайды. Тұрақтылық пен қауіпсіздік қажет. Бірлік болмаса, әке-көке десең де, келмейді.

Ал, сіз бізі жарасқан Қазақстанға қарай күйлі-қуаттылардың тәбеті тартып тұр.

2005-2014 жылдар арасында, Қазақстан экономикасына 220 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды.

Ал, бірінші бесжылдық қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіне 17 миллиард АҚШ доллары құйылды. Бұл тәуелсіздік алғаннан бергі барлық инвестициядан 2,5 есе көп қаражат.

Экономикалық табысты толағай ету үшін арнайы экономикалық аймақтар құрылады. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Бізде олардың саны - 10.

Өнеркәсіптік-өндірістік аймақтар – «Ақтау теңіз порты, «Оңтүстік», Ұлттық индустриалды мұнай-химиялық технопаркі, «Сарыарқа» және «Астана – жаңа қала», «Химиялық Парк Тараз».

Қызметтік – «Бурабай», «Астана-жаңа қала», «Қорғас-шығыс қақпасы». Техникалық-енгізбелік – «Информациялық технологиялар паркі».

 

Нұрлан Құдияров, «Kaznex Invest» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ, Арнайы экономикалық аймақтарды дамыту департаментінің директоры:

Қазіргі таңда Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында, 2009-2014 жылдар аралығында арнайы экономикалық аймақтарда 126 жоба жүзеге асты. «Еурокоптер» ұшу аппараты, «Тальго» жолаушылар вагоны мен электровоз шығаратын зауыттар тағысын-тағы.  Бұған қоса, 94 жоба іске қосылғалы жатыр. 

 

Еркін экономикалық аймақтардың бәрі бірдей жемісті емес. Өкініштісі -осы.

Бірі - көш ілгері, кейбірі - кенже қалған. Басқарушы компаниялар мен инвесторларды тарту жұмыстары кемшін түсуде.

Өйткені тек үш аймақтың ғана инфрақұрылымы дайын.

 

Нұрлан Құдияров, «Kaznex Invest» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ, Арнайы экономикалық аймақтарды дамыту департаментінің директоры:

Инфрақұрылым салынып біткен соң, шетелдік инвесторлар ағылуы тиіс. Яғни, сол кезде ғана біз арнайы экономикалық аймақтардың даму қарқынын бағалай аламыз.

 

Жалпы, жаһанда 3000-ға тарта арнайы экономикалық аймақ бар. Бірақ олардың барлығы бірдей сәтті болды дей алмаймыз.

Бізде де қауіп бар. Әлемдік тәжірибе экономикалық аймақтардың даму қарқыны инфрақұрылым толық аяқталғаннан кейінгі 10 жылда белгілі болады, дейді.

Бір анығы – уақыт керек. Ағаш ексек, жемісін біраз жылдан кейін береді  ғой. Сондықтан сіз бен біз асықпай, жемісті күтейік.   

 

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Бөлісу