Ұлт тарихындағы трагедиялы күнге қайта оралайық. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының дені ұлтымыздың бетке ұстар, зиялы қауымы болатын. Кеңестік жүйе өзіне қарсы келгендерді аяусыз жазалады: атты, қырды, жойды.
Айыптаудың адам сенгісіз түрін ойлап тауып, адам төзгісіз түрін қолданды. Халық қамын ойлағандар «халық жауына» айналып шыға келді.
Бір дерек: 1925 жылы 29 мамырда, яғни осыдан дәл 90 жыл бұрын Сталин Қазақ өлкелік комитетіне хат жолдап, «Ақ жол» мен Мұстафа Шоқай арасында идеялық бірлік бар екенін жазады.
Еуропада эмиграцияда жүріп, қатыгез Сталиннің мазасын алған ұлтымыздың ұлы перзенті Мұстафа Шоқай болатын.
«Ей, тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы.
Танимысың сен мені-
Мен Қазақтың баласы!»
Мұстафа Шоқай! Арман аңсары азаттық болған, жат жерде жүріп Тәуелсіздік үшін жанкешті тірлік кешкен жан. Дәуірдің ауыр кезеңіне тап келген. Күллі түркі дүниесінің бірлігі үшін күрескен күрделі тұлға.
Мұстафа Шоқай саяси күрестің басқа тәсілін қалады,-дейді зерттеушілер. Еуропада эмигрант бола жүріп, азаттық жолындағы күресін ақтық демі таусылғанша тоқтатқан жоқ.
Әкім Тарази, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
Бұл кісі қазақтың ғана емес, бүкіл мұсылман әлемінің отар елдерінің көсемі болған. Түркияда, Ресейде, Әзірбайжанда, Грузияда, Германия, Франция үлкен тұлға деп мойындаған.
Ол өткен ғасырдың басында қалыптасқан қазақтың саяси кәсіби элитасының көрнекті өкілі болатын. Мұстафа Шоқайдың ұлттық демократиялық бағыттағы қызметі атышулы Сталиннің өзінің мазасын алған. Сталин 1925 жылы Қазақ өлкелік комитетіне хат жолдап, «Ақ жол» мен Мұстафа Шоқай арасында идеялық бірлік бар екенін жазған.
Әкім Тарази жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
Сол кезде Сталин айтқан, Троцкий мен Мұстафа Шоқайдан қалай құтыламыз, деп беделі биік болғаны көрініп тұр ғой. Сталиннің екі жауы болса, біреуі Мұстафа болған. Ленин Мұстафамен танысқысы келген.
Қайраткер армандаған азат елде Шоқайтануға қатысты іргелі істер атқарылып жатыр. Бірнеше ғылыми зерттеу кітаптар шықты. Көркем фильмде бейнесі сомдалды. Ұлтжанды азамат Махмұт Нәлібаев Алматыда Мұстафа Шоқайдың мұражайын ашты.
Махмұт Нәлібаев, М.Шоқай мұрасын жинақтаушы, ұлт жанашыры:
Биыл Мұстафа Шоқайдың 125 жылдығы экспедиция нәтижесінде қолдағыны мұрағат есебінде қойып жатырмыз. Үш тілде шыққан кітаптың тұсаукесерін жасадық.
Тағы бір тағылымды іс - «Мұстафа Шоқай жолымен» экспедициясының ұйымдастырылуы. Тоғыз мемлекетте болған осы сапар нәтижесінде сан алуан жаңа деректердің беті ашылды.
Әбілқасым Сәрсенбаев, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры:
«Мұстафа Шоқай жолымен» 9 мемлекетте болдық. Өзінің туып-өскен жерінен бастап, Ташкент, Қоқан, Ферғана, Кавказ бағыты бойынша, Стамбул, Париж, Берлинге дейін барып қайттық. Сонда бұрын-соңды естімеген, білмеген, көрмеген жайттарға куә болдық.
Біздің қолымызда бар руһани құнды дүниенің бірі - Мұстафа Шоқайдың дауысы. 1936 жылы бүкіл түркі жастарына арнап сөйлеген сөзі. Неміс радиожурналистерінің ұқыптылығынан ұрпақтарына жетіп отыр. Бір мезет азаттық үшін арпалысқан атамыздың дауысына құлақ түрейік.
Мұстафа Шоқайдың өз дауысы 1936 жыл:
Әкім Тарази жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
Германияда жүруі тегін емес қой. Франция басшылығы қамқор болған. Түркия ту етіп көтерген.
Мұстафа Шоқайға топырақ Берлиннен бұйырды. Берлин қаласының орталығында мұсылмандар зиратына жерленген. Әбіш аға Кекілбаевтың айтқаны бар: «Бұл күллі түркі әлемі үшін мүбарак жер», деп.
Азаттық аңсаған жанның арманы орындалды. Тәуелсіз елдің ұландары, Берлин барсаң, біртуар тұлғаның басына соғуды ұмытпа!
Әлімжан САБЫРЖАНҰЛЫ