Нұрсұлтан Назарбаев Венгрияның үкімет басшысы Виктор Орбанды қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев Венгрияның үкімет басшысы Виктор Орбанды қабылдады

05.04.2015
Нұрсұлтан Назарбаев Венгрияның үкімет басшысы Виктор Орбанды қабылдады

Қазақстанды өздерінің ата жұрты санайтын мемлекет болса, ол – Венгрия. Жаһан Хунгария дейді. Біздің тілге ыңғайлысы – Мажарстан. 1239 жылы 40 мың қыпшақ моңғолдардың шапқыншылығынан осы Венгрияға қоныс аударған.

Бертінде жүргізілген генетикалық зерттеулер мажарлар мен қазақтардың бір-біріне бөтен емес, тарихи туыс екендігін дәлелдеді. Сол туысқан мемлекеттің үкімет басшысы Виктор Орбан осы аптаның басында Қазақстанға келді.

Ақордада мейман болды. Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Қос тарап қос елдің қал-жағдайын сұрасып, ынтымақты сөз қылды. Мемлекет басшысының айтқаны: «Біз Венгрияны нағыз досымыз деп санаймыз. Елдеріміздің тарихи тамыры ортақ, даму жолдары ұқсас. Венгрия біз үшін Еуропадағы маңызды тірек саналатын ел».

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл біздің бірінші кездесуіміз емес. Бұл – байланыстар біздің сауда-экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуға ықыласты екенімізді көрсетеді. Біз Венгрияның Еуропа одағы елдері арасынан алғашқылардың бірі болып Қазақстанмен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойғанын жоғары бағалаймыз.

Сіздің сапарыңыз нәтижелі болуы, ынтымақтастығымыздың нақты бағыттары бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілуі үшін біз қажетті күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз.

Виктор Орбан, Венгрия премьер-министрі:

Әлемдегі күрделі ахуал жағдайында біз Сіздің бұдан арғы ынтымақтастығымыздың кемел келешегі жөніндегі пікіріңізді білуге мүдделіміз. Қазақстан Еуропалық одақта оның біздің ел сияқты сенімді досының бар екеніне сенуіне болады.

Будапештте біз Астана көшесін ашқанымызды жеткізгім келеді. Біз саяси және мәдени байланыстарымыз тиісті деңгейде деп санаймыз, оның ар жағында Сіздің қолдауыңыздың тұрғанын да сезініп отырмыз.

Мемлекет басшысы Виктор Орбанмен қатар, осы аптада Қазақстан күрес федерациясының құрметті президенті, Халықаралық біріккен күрес түрлері федерациясының Бюро мүшесі Дәулет Тұрлыхановты қабылдады.

Елбасы мен палуан бұқаралық спортты дамыту, жас ұрпақты спортқа баулу жөнінде пікірлесті. Д.Тұрлыханов отандық спортқа деген Президенттің қолдауы нәтижесінде ірі шаһарларда ғана емес, шалғай өңірлерде де қажетті инфрақұрылымдар салынып жатқанын айтып, алғысын жеткізді.

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу