Аймереке әже соғыста Әлия Молдағұловамен майдандас болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аймереке әже соғыста Әлия Молдағұловамен майдандас болған

29.03.2015
Аймереке әже соғыста Әлия Молдағұловамен майдандас болған

Қарағанды облысына қарасты Приозерск қаласы бар. Кеңес одағы кезінде көзден тасада, жасырын жатқан бұл шаһарға екінің бірі кіре алмаған. Қатаң тексеріспен өткен көрінеді. Онда да сол жерде тұратын туыстарын көру үшін адамдарға тек 1-2 күнге рұқсат берілген. Өйткені, Приозерск – әскери қала.

Азаттық алғаннан кейін, ондағы әскерилер өз Отандарына бытырады, қала қаңырап бос қалды. Тоз-тозы шықты. Қазір ғой қайта ептеп, еңсесін тіктеп келеді. Қалада 13 мыңдай тұрғын бар. Қазақтың қорғаныс саласында ойып алар орны бар осы шаһарда Аймереке дейтін әже тұрады.

Қария Әлия Молдағұловамен бірге соғыста болған. Алғашында пулеметші болса, кейін барлаушылар қатарына ауыстырылған. Бірде Әлия Молдағұловамен кездейсоқ танысып, таныстық достыққа жалғасқан. Алайда, Әлия жер жастанды.

Ал, Аймереке Көбеева үш рет жарақат алғанымен, сұм соғыстан аман оралды. Елге оралған соң да, ауыл шаруасына белсене араласты. Бастапқыда дүкен сатушысы болса, кейін ілім-білімін жетілдіріп, орыс тілінен сабақ берген. Бүгінде құрметті зейнет демалысында. Немересі мен келінінің қолында тұрып жатыр.

Әсем Изатқызы, тілші:

Қарағанды қаласынан 500, Алматы шаһарынан да 500 шақырым жерде дәл ортада Приозерск дейтін қала бар. Көкше көлдің жағасындағы Қоржынтүбекте орналасқан. Тәуелсіздік алғанға дейін Приозерск жабық қала болған деседі. Кеңестер одағы картасында 70 жылдай көрсетілмеген қалаға келер жылы - 60 жыл.

Биыл жеңістің 70 жылдығы. Өкінішке қарай, сұм соғысты көзімен көрген көнекөз қариялар қатарымыздан сиреп барады. Қазір Приозерск қаласында небәрі 4-ақ ардагер қалған. Солардың бірі – Аймереке Көбеева.

Өжет елдің жігіті өшін алмай тұрмайды, кескілескен дұшпанын кесіп түспей тынбайды. «Біз – батыр елміз», дейді мына қарт әже. Ол ажалдан сан рет аман қалған капитан Аймереке.

Сталинградты азат етуге, Беларусь және Украина жеріндегі ұрыстарға қатысқан ардагер. Сұрапыл соғыс қарияның бал кезін ұрлап кетті. Жүрек қалауымен ұрысқа аттанғанда ол небәрі 16-да еді. Содан ардагер мерекеден де, берекеден де көз жазды.

Аймереке Көбеева, соғыс ардагері:

Қорыққаным жоқ, қашанғы қорқасың, амал жоқ. Қорыққаныңмен соғыс деген болып жатыр.

Аймереке Көбеева – қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың қарулас құрбысы. Қос қайсар қыздың тағдыры ұқсас. Қатал уақыт екеуін ерте есейтті. Екеуі де ата-анадан ерте айырылып, балалар үйінде тәрбиеленді. Екеуі де ақтөбелік.

Аймереке Көбеева, соғыс ардагері:

Ол уақытта анау-мынау ойламайсың, жаспыз, Молдағұлова да жас. Ол ертерек өліп кетті, айналайын. Донбаста көміп, жылап, сөйтіп қайттық. Содан елге оралдық.

Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосты талай жан. Аймереке әженің әңгімесін тыңдап «ажалсыз адам» ба дерсің. Ол үш рет өлім аузынан қалған. Былай болған. Немістер өлгендерді де өлімі күмәнсіз болсын деп мылтықпен оқ атып жатады.

Сонда окоптың ішінде өлдінің  кейпін танытқан Аймереке әжені атпақ болғанда жаудың оғы таусылып қалады. Бірақ, фашист мылтықтың сабымен өрімдей қыздың құймышағынан аямай ұрады. Қайсар қыз қыңқ етпей жата береді. Немістер «ол өлді», деді. Бірақ, ол тірі еді.

Аймереке Көбеева, соғыс ардагері:

Прикладпен ұрып кетіп, содан 7 ай жаттым. Поляк докторы келіп жазды. «Демің бар, емің бар, қараймын», деді.

Оқ өтпеген әжеге от та өтпеген. Қалай дейсіз ғой, келіні айтып берсін.

Света Сүйісінова, келіні:

Бірде  вагондардағы азық-түлікті босатсын деген бұйрық келген екен. Ал, теміржолды бомбалап жатыр. Содан төрт адамды жіберген. «Қап, кішкентай Алычкамыз кетіп қалды ғой», деп қорыққан ғой қатардағы сарбаздар. Содан  заттарды түкпірге итеріп жатқанда бомба түсіп, өртте қалған.

Бұл кісінің есімі – Света. 1 ұл, 2 қызы бар Аймереке әжейдің жалғыз келіні. «Енем темірдей тәртіпке үйретті. Оның алдында мен сарбаз келінмін»,-дейді.

 Света Сүйісінова, келіні:

«Жалғыз сенің енең емес, ол халықтың адамы», деп айтады бәрі. Мұндай кісінің әскери адамның келіні болу оңай емес. Сарбазға ұқсап, алдында жүгіріп жүресің.

Ардагер апаға немере сүйіп, шөберенің қолынан май жалауға бұйырыпты. Олар тірісінде-ақ аңыз адамға айналған ардагер әжесін көруге апта сайын келеді. Суреттерін көреді, қос-қостап алған медальдарын қайта-қайта ұстап көреді. Тоқсанға таяған әжелерінің көңілін көтеру үшін кезек-кезек ән айтып береді.

Приозерск қаласында 4-ақ ардагер бар. 18 тыл еңбеккері. Мұқағалиша айтқанда, «Қариялар азайып бара жатыр. Бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп әнекей, жағада тұр».

«Арым – жанымның садағасы» деп қасықтай қаны қалғанша қарсыласымен арпалысқан ардагерлердің ең жасы тоқсанның төбесіне шықты. Қолда барда алтынды қадірлемек қажет.   

Гүлжахан Шәрбекова, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

Біздегі барлық мекемелер, оқушылар патриоттық  тәрбие беру мақсатында дайындық жүргізудеміз. Ал, Республика деңгейінде көрсетілетін  көмектерден басқа, жергілікті бюджеттен 910 мың теңге, 4 соғыс ардагеріне, әрқайсысына 150 мың теңгеден, екі тыл еңбеккеріне 50 мың теңгеден беріліп отыр.

Әрине, ақшамен ерлеріміздің еңбегін өлшеуден аулақпыз. Олар бізге қашан да үлгі. Ылғи да биік тұратын, өсиетін шүмектеп құйып тұратын тау тұлғалар. Біз батырларымызды ұмытпаймыз, ұлықтаймыз.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу