Осы сейсенбіде жұмыр жер тағы қайғыдан қан жұтты. Наурыздың 24-і күні Барселонадан Дюссельдорфқа ұшып бара жатқан Германияның Airbus A320 ұшағы Альпі тауында апатқа ұшырады.
Жұмбақ жағдайда. Ешкім анық-қанығын білмейді. Ұшақта экипаж мүшелерімен қосқанда, 150 жолаушы болған. Ешбірі тірі қалған жоқ. Ұшақ екі мың жарым метр биіктіктен құйын жылдамдықпен құлдилап, тұмсығымен тасқа қадалған.
Францияның билік орындарының айтқаны - жергілікті уақытпен сағат 10.53 шамасында ұшақ радардан ғайып болған. Ұшақта Германияның 67 азаматы, оның ішінде 16 мектеп оқушысы, Испанияның 45 азаматы болған. Арасында емшектегі екі бала бар.
«Әйтеуір, бізден ешкім жапа шекпесе екен» деп ауыз жиып үлгермедік, қазақтың Сыртқы істер министрлігі ұшақтағы жолаушылар арасында біздің де азаматтарымыз болғанын растады.
Көкіректі тілгілейтіні, олар бір отбасының мүшелері. 50 жастағы Ербол Иманқұлов, 49 жастағы жұбайы Айжан Исенғалиева және 26 жастағы ұлдары Әділ. Сондай-ақ, қаза тапқандардың арасында Қазақстанда туған опера әншісі Олег Брыжак та болған. Қазір апатқа қатысты болжам көп, жұмбақ тұстары да баршылық.
Матиас Бренэр, куәгер:
Мен тау жақта серуендеп жүргенмін. Бір кезде қатты дыбысты естідім. Аспанға қарасам, бір ұшақ төменге қарай қатты зулап келе жатыр екен. Көзді ашып-жұмғанша, тарс етіп соқты. Мұндай жылдамдықпен тауға соғылған ұшақтағы адамдардың аман қалуы мүмкін емес еді.
Бірер сағаттан соң, бұл ақпаратты Франция президенті Франсуа Олланд да растады. Әуе кемесіндегі 150 адамның барлығы бірдей мерт болғанын білген соң, әуе компаниясының басшылары мен сарапшылар апаттың себеп-салдарын анықтауға кірісті.
Алдымен, техникалық ақау, ауа райының қолайсыздығынан болуы мүмкін, деген жорамалдар жасалды. Дегенмен, немістің «Lufthansa» әуекомпаниясының басшылары өздерінің еншілес компаниясы «Germanwings»-ке қарасты А320 ұшағының Дюссельдорфқа шығар алдында ғана толықтай техникалық тексеруден өткенін, әуе кемесінің капитаны тәжірибелі ұшқыш болғанын айтып ақталды.
Сонда апатқа кім кінәлі, деген сұрақтың жауабы алғашқы «қара жәшік» табылғаннан кейін белгілі болды. Марсель қаласының прокуроры Брис Робен лайнерді борттағы екінші пилот Андреас Любитц қасақана құлатты деп мәлімдеп, дүйім жұрттың үрейін ұшырды.
Брис Робен, Марсель қаласының прокуроры:
Жазбалардан командирдің ұшақ тізгінін екінші ұшқышқа тапсырғаны анық естіледі. Сосын кабинаға қайта кірмек болып, есікті ұрғанмен, іштегі ұшқыш ашпаған. Және «қара жәшіктегі» жазбада орталық диспетчерлерінің ылдилай ұшқан ұшақпен байланысқа шыққаны байқалады. Бірақ, Андреас Любитц оларға жауап бермей, әуе кемесін әдейі жерге төмендеткен.
28 жастағы неміс ұшқышы мұндай қадамға неліктен барды? Осыны анықтау үшін полиция қызметкерлері Андреастың үйін тінтіп, нәтижесінде оның психикалық аурумен ауыратынын дәлелдейтін бірнеше медициналық анықтама, дәрілер тапты.
Өзімен бірге тағы 149 адамның өмірін қиған ұшқыштың бұл әрекетінен соң Еуропалық одақ басшылары әуе қауіпсіздігін күшейтуге бел буып отыр. Мамандар, бұдан былай, кабинада жалғыз адам қалмауы керек. Бір ұшқыш шығып кеткен жағдайда, оның орнына уақытша бортсеріктердің біреуі жайғасуы тиіс дегенді айтып жатыр.
Өйткені, осылай болғанда, апаттың алдын алуға болар ма еді, бәлкім. Аэробустың бортында 14 елдің азаматтарымен бірге біздің үш жерлесіміз болды. «Тау-Кен Темір» компаниясының басқарма төрағасы Ербол Иманқұлов пен жары Айжан Исенғалиева Еуропаға 25 жастағы ұлдары Еділді емдетуге барған екен.
Олар бастапқыда елге Германияның Франкфурт қаласы арқылы ұшып келуді жоспарлаған көрінеді. Тек соңғы сәтте билеттерін ауыстырып, жолы болмаған ұшаққа отырған. Марқұмдардың соңында 14 жастағы қыздары Дана қалды.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Қайғылы оқиға мына біз тұрған Сен-Лез-Альп елді мекенінен 10 шақырым жерде болған. Апат орнына журналистерге баруға әзірге рұқсат жоқ. Өйткені, Альпі тауларына жету, онда жұмыс істеу біз түгілі құтқарушылардың өзіне оңай болмай тұр.
Алғашқы күннен бері нөсерлеп жауған жаңбыр олардың жұмыс істеуіне кедергі келтіріп еді. Бүгін күн ашық. Бірақ, тауда тұман әлі сейілмей тұр. Соған қарамастан, құтқарушылар, полиция қызметкерлері мен өрт сөндірушілер тынбай еңбек етіп жатыр.
Мынау сол тікұшақтан түсірілген кадрлар. Теңіз деңгейінен 2 мың метр биіктіктегі Альпі тауларында апатқа ұшыраған алып аэробустың сынықтары мен адамның дене мүшесінің бөліктерін құтқарушылар жинап жүр.
Бірде-бір бүтін дене таппай, жантүршігерлік көріністерді көрген құтқарушылардың өзіне дәрігерлер қайта-қайта көмек көрсетуге мәжбүр.
Фредерик Жанпти, құтқарушы:
Айнала толған темірдің сынықтары. Адамның дене мүшелері шашылып жатыр. Оларды толық жинауға 1-2 апта уақыт керек. Қайсысы кімдікі екенін анықтауға тіпті бірнеше ай кетеді.
Францияның ішкі істер министрлігі іздестіру жұмыстарын жеделдету үшін қосымша тағы 300 полиция қызметкерін жұмылдырды. Мамандар арнайы лазерлік құрылғының көмегімен апат орын алған жердің компьютерлік үлгісін жасайды. Бұл тергеу үшін маңызды.
Оның үстіне екінші «қара жәшік» те әлі табылған жоқ. Медицина қызметкерлері мен психологтарға да опат болғандардың отбасы мүшелеріне қолдан келген көмекті көрсетуге қатаң тапсырма берілген.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Апат болған аймаққа марқұмдардың туған-туыстары әлі де келіп жатыр. Алғашқы күннен бүгінге дейін келіп жеткен 500 адам мына қонақүйге орналастырылған. Журналистерге әзірге олармен сұхбаттасудың сәті түспеді.
Ғимаратты жандармерия жағалай қоршап тұр. Дегенмен, тілшілер таң атқаннан кеш батқанға дейін осында. Бәлкім, туыстарының біреуі болмаса, біреуі интервью беруге келісер деген үмітпен.
Томас Жарион, Францияның «Сanal +» телеарнасының тілшісі:
Иә, қаза болған азаматтардың туыстарын түсінеміз, оңай емес. Сондықтан, біз олардың өздері сұхбат бергенше күтеміз. Дегенмен, жергілікті билік біздің де жұмыс істеуімізге мүмкіндік берсе. Өйткені, осында келгенімізге 5 күн болды. Ешқандай ақпарат бермейді, ештеңені түсіруге рұқсат жоқ.
Рұқсат тек, осы аймақта орнатылған қаза болған азаматтарға арналған естелік тақтасын ғана түсіруге берілді. Қайғыдан қан жұтып, бірі ата-анасын, енді бірі баласы мен бауырын жоқтап келгендер естелікке гүл шоқтарын қойып, жақындарын үнсіз еске алып тұр.
Апатта мерт болған жерлестеріміз Айжан Исенғалиева, Ербол мен ұлы Әділ Иманқұловтардың да туыстары бұл жерге алдағы аптада келеді деп күтілуде. А 320 ұшағының адами фактордың кесірінен апатқа ұшырағанын мойындаған «Lufthansa» әуе компаниясының басшылары қайтыс болған 150 жолаушының туыстарына 50 мың еуродан көмек берілетінін қайта-қайта мәлімдеп жатыр. Бірақ, мұнымен қайғылы қазаның орнын толтыру мүмкін емес...
Нұрсұлу ҚАСЫМ