«Fly Arystan» компаниясының әуе флоты жаңа ұшақпен толықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Fly Arystan» компаниясының әуе флоты жаңа ұшақпен толықты

30.09.2022

Әуедегі уайымымыз – жерге аман-есен қону. Қазақстандағы алғашқы лоукостер FlyArystan-ның әуе флоты жаңа ұшақпен толықты. Компания өкілдері Эйрбас зауытында шығарылған Airbus A320 neo ұшағын Францияның Тулуза қаласынан тікелей алып кетті. Сапалы, қауіпсіз, экологиялық тиімді реактивті лайнер бұдан былай ішкі және халықаралық бағытта сапар шегетін болады.

Тулузадағы зауыттан шыққан су жаңа Airbus A320 neo ұшағының техникалық мүмкіндігі зор. Жаңа қозғалтқыштармен жабдықталған. Үнемді әрі экологиялық жағынан таза ұшақ. Жолаушылардың қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғауды басты мақсат еткен FlyArystan-ның Эйрбасты таңдауы да тегін емес.

Эдриан Хамельтон-Маннс, «Fly Arystan» компаниясының басқарушы директоры:
Бұл отынды аз тұтынады. 20-30 пайызға арзан, тиімді. Тұтынушыларымыздың ақшасын үнемдеуге зор мүмкіндік. Сосын мұнда орын саны көп. 188 жолаушыға арналған. Орын көп болса, біз билеттің бағасын төмендете аламыз. Бұл бізге жаңа қалаларға, жаңа бағыттарға ұшуға керемет мүмкіндік.

Әуе кемесінің салоны кең. Соңғы үлгідегі сүзгілеу жүйесі мұндағы ауаны әр екі минут сайын тазартып тұрады. Электр қуатын үнемдейтін диодты шамдар орнатылған.

Артем Трдатиан, Airbus компаниясының коммерциялық мәселелер жөніндегі директоры:
Біз Fly Arystan мен іскерлік орнатқанымызға қуаныштымыз. 2019 жылы жаңадан ашылған компания алдымен бізден A 320 CEO сатып алып еді. Енді міне A 320 NEO-ны алып, келесі кезеңге өтіп, дамып келеді. Алдағы уақытта да ынтымақты күшейтеміз.

Бұл FlyArystan-ның 12-ші ұшағы. Жақында Эйрбастан дәл осындай тағы бірнеше әуе кемесін сатып алмақшы. Отандық лоукостер әуе паркін жаңалаумен қатар сандық технологияны дамытпақ. Кадрдың қадірін білетін компания ұшқыштарының біліктілігін шетелде арттыруды да күшейтпек. Жаңа лайнерді тексерістен өткізген экипаж мүшелері Тулузадан Алматыға аттанды. Airbus A320 neo бүгін елге жетіп, ертең ішкі және халықаралық рейстерге жолға шығады.

 Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу