Текелі – Алматы облысындағы жалғыз моноқала - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Текелі – Алматы облысындағы жалғыз моноқала

25.01.2015
Текелі – Алматы облысындағы жалғыз моноқала

Моноқала. Соңғы жылдары бұл терминді жиі естіп жүрміз. Қазғыласақ – шағын шаһар. Мағынасы – бір немесе бірнеше кәсiпорынның маңайына топтасқан, экономикалық және әлеуметтік жағдайы сол кәсіпорындарға байланған қалалар.

Мұндай шаһарлар Кеңес одағы тұсында тұрғызылды. Кейін бастарынан бағы тайып, базары тарқады. Сондықтан, қазақ билігі «2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту бағдарламасын» қабылдауға мәжбүр болды.

Қазір 27 моноқала бар. 1,5 миллион адам тұрады. Шағын шаһарлардың саны жөнінен Қарағанды облысы көш басында тұр. Үлесіне 8 қала тиесілі. Екінші орында 4 шағын қаласы бар Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстары тұр.

Жамбыл мен Павлодар облыстарында екеуден. Қалған облыстар бір қаладан. Соңғы екі жылда шағын шаһарларға дем беру үшін мемлекеттік қазынадан 50 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген.

«Индустрияландыру картасы» және «Бизнестің жол картасы – 2020» аясында 20 моноқалада 114 жоба іске асып жатыр. Ал, Алматы облысында жалғыз моноқала бар. Текелі. Талдықорғанның іргесінде жатыр.

70 жылдық тарихы бар қорғасын-мырыш комбинатымен әйгілі. Барғандар білер, Текелі көз тоят таппас табиғатымен де тамаша. «Шағын Швейцарияға» телінуі тегін емес.

Текеліні іздеген, қиналмай-ақ табады. Халқының жазық қабағы. Жоңғар Алатауы жоталарында орналасқаны сол бағы. Талдықорғаннан шықсаңыз, қырық-ақ шақырым жерде тұр. Қора, Шажа және Текелі дейтін үш өзеннің қосылған жеріне барыңыз. Текелі сол маңда.

Алматы облысындағы жалғыз моноқала осы – Текелі. Кезінде бұл жерде сақалын таудың самалына желпітіп, жартастардың ұшар басында секиіп тұратын таутекелер көп болған-ды. Содан Текелі атанып кеткен. Бұл кездегі моноқала бір кездері «жабық қала» болған деседі.

II Дүниежүзілік соғыс кезінде Текелінің қорғасын-мырыш кені соғысқа аса қажетті шикізат болған. Әрине, қашанда стратегиялық маңызы зор жер оқшау ұсталады. Текелі көркем, шұрайлы һәм ырысты жер. Бұрын жабық, қазір ашық қала.

Талғат Қайнарбеков, Текелі қаласының әкімі:

Қаланың экономкиалық-әлеуметтік дамуына үлкен қарқын қосып жатқаны адам саны көбейіп жатыр. 2014 жылы 590 адамға көбейді. Ол өте жақсы көрсеткіш.

Әлемдегі ең ұзын көше - Йонге Стрит саналады. Канаданың Торонто қаласында орналасқан. Әлемнің рекордын бұзған бұл жолдың ұзындығы – 1896 шақырым. Ал ТМД-дағы ең ұзын көше – Қонаев атында.  Қазақстанның тартымды Текелісінде орналасқан. 35 шақырым болатын сол көше ешқандай бұрмасыз, тіп-тік, ұзыннан-ұзын созылып жатыр.

Текелі моноқаласы 4 бағыт бойынша дамып келеді. Өңірде, әуелі өнеркәсіп саласының өркен жаюына күш салынбақ. 

Талғат Қайнарбеков, Текелі қаласының әкімі:

«Моноқала» бағдарламасы 2012 жылы қабылданған. Бірінші бағытымыз өнеркәсіп саласын дамыту. Ол үшін біз инвентаризация жасап, бос жерлерді белгілеп, жаңа инвестиция тарту үшін, жаңа жобаларды енгізу үшін осы жерлерді бөліп жатырмыз.

Жоба демекші, Текеліде ең үлкен жоба шойын зауыты салынып жатыр. Бұйыртса биыл ашылады. Бүгінге дейін оған 2,5 миллиард теңге инвестиция құйылды. Зауыт толық қуатына шыққанда 800-дей жаңа жұмыс орны ашылады.

Бұл бір Текеліге емес, бүтіндей бір елге керек ірі шойын зауыты болады. Жылына 400 мың тонна шойын шығарылады.

Бақыт Шалбаев, «Текелі кенді қайта өңдеу кешені» ЖШС директоры:

Домна пештері осында салынады. Іргетастары құйылды. Мына жердегі колонналарды құямыз, жоспар бойынша келе жатырмыз. Мына жердегі ескі ғимараттар бұзылады. Оның орнына агломерациялық цех салынады. Сонда бас жоспар бойынша дайын агломерация осы жерден бастап, бері қарай келеді. Қазір техникалар жұмыс істеп жатыр. Соның орнына бері қарай бункерлер тұрады.

Шойын зауыты, агломерациялық цех қана салынбайды, 2020 жылға дейін Текеліде тағы талай табысты нысан бой көтереді.

Бақыт Шалбаев, «Текелі кенді қайта өңдеу кешені» ЖШС директоры:

Моноқаланың жоспары бойынша бізде металлургиялық цех ашылады. Агрокомплекс, откорм база болады, электромарганец бар. Осындай зауыттар бар. Қосымша электроэнергия қуатын шығаратын ескі ғимаратты қалпына келтіріп жатырмыз.

Бірінші траншта 5-6 мегаВат берілетін электроэнергия салынады. Ары қарай домна пештен шыққан газдың көлемі бойынша көбейтуге болады, 36 мегаВатқа дейін.

Моноқаланың оңалуына оң нәтиже беретін екінші бағыт шағын және орта бизнесті дамыту. Қазір Текеліде кәсіпкер көп. Саны 3000-ға таяйды. Еңбек етіп жүрген жандарға демеу болып, мемлекет қыруар қаржы бөлді. Республикалық бюджеттен субсидияға 33 миллион, ал  шағын несиеге 170 миллион теңге бөлінді. 9 миллион теңге еш қайтарымсыз грант есебінде берілді. 

Мырзағалиев Разбек 2 миллион ақша алды. Спорт клубын салды. Жаттығу залы мен фитнес бар. Қазір Текелінің жастары Разбек кәсіпкерге разы. Ал, Байболат түбінде бай болады. Жиһаз жасайтын цехы бар. Мемлекеттен 2 миллион грантты жеңіп алды, сол ақшаға ағаш кесетін станокты сатып алды. 

Байболат Баянбайұлы, кәсіпкер:

Осыдан 40 шақырым жерде Талдықорған, облыс орталығына барып кестіретінбіз. Қазір өзіміз материалдарды әкеліп, өзіміз жұмыс жасаймыз. Комбинат, бала-бақшаларға жиһаздар жасаймыз. Субсидияның көмегі тиді. Осындай жас кәсіпкерлерге өте ыңғайлы.

Текеліні табысты ететін үшінші бағыт ол – тұрғындарды жұмыспен қамту.

Талғат Қайнарбеков, Текелі қаласының әкімі:

Кәсіпкерлермен жұмыс істеп жатырмыз. Олар жас мамандарды алып, ары қарай үйретіп, мемлекет тарапынан 35 пайыз жалақы төлейді де өздері ары қарай жалақы төлеп, үйретіп, кейін өздеріне қалдырады.

Төртінші бағыт - инженерлік инфрақұрылымды  қалпына келтіру.

Моноқала болған соң, Текеліде жылдар бойы жылу жүйесі болсын, кәріз жүйесі дейсіз бе, тоқ бәрі жөнді жөндеу көрмеген. Жолдар да әбден көнерген. Енді осы жұмыстарға жіті мән беріледі.

2013 жылы 35 мың шаршы метр асфальт төселсе, былтыр 75 мың шаршы метр жол жөнделген. 2015 жылға да жоспар жаман емес.

Ал, шағын шаһардың жылу жүйесі жолға қойылмаған. Қаладағы 77 шақырым жылу жүйесінің 80-85 пайызы тозып кеткен. Сол үшін биыл Алатау және Достық шағын аудандарындағы магистральдық жүйелер жөндеуден өтеді. Ештен кеш жақсы ғой.

Текелінің табиғаты тым тылсым. Туризм саласын дамытуды қалап тұр. Былтыр қалаға туристік қызметтен 85 миллион теңге табыс түскен. Бұл әлбетте, шаһардың салықтық базасын күшейтуге, жұмыспен қамтуға үлкен әсерін тигізіп отыр.

Жандос Тұрысбеков, Текелі қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

Туристік сала бойынша 8 нысан жұмыс жасап жатыр. Оның ішінде 4 қонақүй бар. «Текелі» санаторийі бар. Осы жылы балаларға арналған туризм орталығын аштық. Болашақта мұның бәрі қаланың туристік саладағы деңгейін көтереді.

Бұл балаларға арналған туризм орталығы. Заманауи, жаңа, жалғыз. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша салынған. Үш бағыты бар. Әуелгісі өлкетану, екіншісі велотуризм, соңғысы тау-тасқа өрмелеу.

Заңғар Талғарбай, оқушы:

Мен әбден биіктікке шығып үйреніп алдым. Өйткені, биіктікке шыққан сайын жақсы көңіл күйде боламын. Маған туризм спортымен айналысқан ұнайды.

Дамудың даңғыл жолына түсті Текелі. Осы қарқынымен алысқа шабады шағын шаһар. Сөйтіп, Текелі әлі талай адамды тамсандырады, табиғатына табындырады.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу