Жетісу облысының тұрғындары жылдар бойы сапалы ауызсуға қол жеткізе алмай келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысының тұрғындары жылдар бойы сапалы ауызсуға қол жеткізе алмай келеді

12.05.2023

Жетісу облысындағы Текелі моноқаласының тұрғындары жылдар бойы сапалы ауызсуға қол жеткізе алмай келеді. Кеншілер шаһары тіршілік нәрімен Қора өзенінен қамтамасыз етіледі. Ал көктем жаз айларында таулардан еріген қар суымен бірге мәрмәр тасының ұнтағы араласып, су ішуге мүлдем жарамай қалады. Сондықтан қала тұрғындары осы уақытта ауызсуды қайнарлардан тасып ішуге мәжбүр. Текелі де күні кеше тіршілік нәрі болмады. Себебі қаладағы құбыр жүйелерін жоспарлы тазалау жұмыстары жүргізілгендіктен халық бір күн бойы ауызсусыз қалған.

Ролан Жансұлтанов, Текелі қаласының тұрғыны:

Кранның суы ішуге жарамайды, келмейді. Қыста былай тазарғанымен көктем уақытысында су ерігеннен кейін мрамормен араласып келеді де, ағызған кезде әппақ ақ су, мрамор ұн араласқан сияқты болып түседі. Сондықтан осы бұлақтан алып ішеміз.

Текелі қаласының ауыз су мәселесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өңірге барған сапарында көтерген. Қазіргі таңда 6 мың текше метрлік жаңдан су жинайтын резервуар салынып, қалаға 15 шақырым құбыр тарту жұмыстары жүріп жатыр. Жоба құны 1 млрд теңгеге жуық. Былтыр басталған жұмыстар биыл күзде аяқталуы тиіс. Қазіргі таңда жоспардың 45 пайызы орындалған. 30 мың тұрғыны бар моноқалаға мұнан бөлек Шажа өзенінен де құбыр тартылуда.

Ғалым Қызылбасов, Текелі қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

Шажа өзенінен дейміз. Содан құбыр тартып жатырмыз. Ұзындығы 4 шақырым болады. Соның 2 шақырымын бітірдік. Сол суды енді майдың аяғына дейін біз сол Шажа өзенінен суды Текеліге қамтамасыз етеміз деп жоспарлануда.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу