Басты Жаңалықтар Қазақ елі Қырғыз Республикасына электр қуатын береді

Қазақ елі Қырғыз Республикасына электр қуатын береді

Қазақ елі Қырғыз Республикасына электр қуатын береді

Қырғыз Республикасы. 5 жарым миллион халқы бар. Тоқсаныншы жылдары қазақ пен қырғыздың жұрты жұпыны, экономикасы қоңыртөбел бір деңгейлес еді. Соңынан, Қазақстан ілгері қамшы басты да, бұл елдің экономикасы құлдырап кетті. Осы күні ІЖӨ жан басына шаққанда  бізде 14 мың доллардан асса, қоңсылас ағайын мың долларды місе тұтуға мәжбүр.

Жиырма жылдың ішінде екі бірдей билікті аттан аударып, халықты қанаған шенді-шекпенділерінің сазайларын тартқызған, сөйтіп, төңкерістерден әбден титықтаған, өздері қиратқан экономикасын өздері әлі бүтіндеп әлек, сол үшін бай-бағландардың инвестициясына зәру, Қазақстанды әркез «аға» деп арқа тұтып, біздегі тыныш өмір мен татулыққа қызыға қарайтын қырғыз билігі осы аптада Қазақстанға сапарлады.

Жұма күні Қырғыз Президенті Алмазбек Атамбаев шоң мақсатпен келді. Мемлекеттік сапар. Бұл – Атамбаевтың өткен наурыздағысымен қоса, Қазақстанға жасаған осымен екінші сапары.

Қыр үстінен құлағы қылтиып, қаһарлы қыс көрінді, жылу мен жарықтан тарыққан қырғыз ағайынның бізге үлкен бұйымтаймен келуінің себебі осы. Енді болмаса, жарықты үнемдеу үшін сағаттап өшіріп, қараңғылық құшағында қалуға келте қалған қырғыз бауырларға «өз қотырыңды өзің қасы» деу, басқаларды қайдам, қазақ халқының мінезіне жат.

Сондықтан, биыл біздің билік оларға 400 миллион киловатт электр қуатын жеткізіп бермек.

Қазақ-Қырғыз  басшысы жылына ең кемі бірнеше рет жолығады.  Бұл кездесулердің кейбірінің тәртібін  қатаң хаттама қалпына  сыйдыру мүмкін емес.  

Іргелес қонған екі елдің бір-біріне деген ниеті көшбасшылар арасындағы   өзгеше ілтипаттан  аңғарылады.  Ақордадағы  бұл жолғы  кездесу  де   дәстүрлі ресми  шара тәртібінен сәл ауытқыды. Сосын жылы әңгімеге ұласты.

Қырғыз көшбасшысы  Астанаға  келіп тұрады. Бірақ, осы сапардың мәртебесі бөлек.  Алмазбек Атамбаевтың бұл Қазақстанға тұңғыш мемлекеттік сапары. Шағын  құрамдағы кездесуде  Елбасы әріптесіне  I дәрежелі «Достық» орденін   табыс етті.   Бұл марапат – көбіне елге ерекше құрметпен қарайтын шетелдік көшбасшыларға   беріледі.

Нұрсұлтан Назарбаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз қай жағдайда да сіздерге бір көзімізбен қарап отырамыз. Жақсы болса, қуанамыз, қиын болса, күйінеміз. Оңай жағдайда келіп отырмағаныңызды білеміз. Қолдан келгеннің барлығын орындауға тапсырма бердім.

Алмазбек Атамбаев,  Қырғыз Республикасының Президенті:

Мен үшін бұл үлкен сыйлық болды. Сізге келген сайын ағама келгендей боламын.  Сіз қолдан келген жәрдеміңізді беріп жатырсыз.

Осы  сапарында Қырғыз көшбашысы көтерген түйткілдің ең салмақтысы - көрші елдегі энергетикалық  қатер.  Соңғы жылдары Қырғыз Республикасында өзен  арналары тарылып,   энергетикалық   кәсіпорындар қуат қорын жинай алмай қалды.

Елде жаппай жарық сөнуі мүмкін еді.  Енді міне, қыс кіргенде билік қысылып, Қазақ  Үкіметінен көмек сұрауға мәжбүр. Біздің тарап  барын бұлдамады.   Артық талап  та қоймады.  Биыл  Қырғыз Республикасына 400 миллион       киловатт /сағат   электр  энергиясы   жеткізіледі.  Ал, келер жылы    1,4  миллиард     киловатт/ сағат   қуат көзі  беріледі.

Нұрсұлтан Назарбаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

Еліміздің дұғай сәлемін жеткізіңіз. Біздің ел Қырғыз елін бауыр ел деп санайды әрқашанда. Сондықтан, сіздегі бірлік, тыныштыққа Қазақстан өз көмегін жасап, қашанда бірге болады.

Алмазбек Атамбаев, Қырғыз Республикасының Президенті:

Шағын құрамдағы кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев түйткілді мәселелерді өзі көтеріп, көмек көрсету ниетін білдірді. Саясатта бұл өте маңызды. Қазақстан өзге мәселелерде, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа кіруге байланысты мәселеде де бізге қолдау көрсетіп отыр.

Тағы бір мысал, біздің 500 вагон жанармай ілеспе құжаттардың дұрыс рәсімделмеуі салдарынан бірнеше ай осында тұрып қалды. Оны әлі де ұстап тұруға болар еді. Дегенмен, Нұрсұлтан Әбішұлы менің көзімше, бұл вагондарды жіберуге тапсырма берді.

Бүгін екі ел арасындағы Жоғарғы мемлекетаралық кеңестің төртінші  отырысы   өтті.  Кең құрамдағы,  екі жақтың Үкімет мүшелері қатыстырылған  кездесуде  сауда-инвестициялық, отын-энергетикалық әрі мәдени-гумаритарлық мәселелер талқыланды. 

Арадағы алыс–беріс қазір бір миллиард  доллардан асты.  Соңғы сегіз айда  көрсеткіштер тағы бес пайызға ұлғайды.  Осы жолы  қырғыз жағы  суармалы кезеңде Қазақстанды судан тарықтырмаймыз деп  уәде етті.   

Қырғыз Республикасы экспорттайтын  электр  энергиясының шамамен  86 пайызы, сүт өнімдерінің 90 пайызы, көкөністер мен жеміс-жидектің 56 пайызы Қазақстанға келеді. 

Ал,   бұл елде бидайға деген қажеттіліктің 100 пайызын,  ұнның 97 пайызын, минералды шикізаттың 70 пайызын, органикалық емес химиялық заттардың 53 пайызын Қазақстан өтейді. Қазақстан Қырғыз елі экономикасына  1 миллиард доллар инвестиция салды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Келіссөздер нәтижесі  қазақ-қырғыз қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін.  Екі елдің арасындағы  әріптестік өзара достастық,  бауырластық негізінде жүріп жатыр.   Алмазбек Атамбаев мырзаның біздің елге сапары жемісті өтті деп айтуға болады. Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелеріне назар аудардық.

Ал, келіссөздердің қорытындысында екі елдің көшбасшылары бірлескен мәлімдеме жасады. Сондай–ақ, Қазақстан мен Қырғыз елі арасында  ынтымақтастық  жөніндегі іс-шаралар жоспары  туралы,  Еуразиялық интеграция жағдайындағы Қазақстан мен  Қырғыз  арасындағы экономикалық ынтымақтастықты  дамыту жөнінде, Энергетика саласындағы  ынтымақтастық туралы шешімдерге қол қойылды. Үкіметтер деңгейінде  халықаралық  автокөлік  қатынасы  туралы келісімге өзгерістер енгізілді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бішкекте Абай ескерткішін және біздің елордамызда Манасқа арналған ескерткішті орнатудың ұйымдастырушылық мәселелері  бітуге таяу.   Шоқан Уәлиханов пен Шыңғыс Айтматовтың есімдерін тарихта мәңгі сақтау бағытында да  жұмыстар жүргізілуде.

Алмазбек Атамбаев, Қырғыз Республикасының Президенті:

Қырғыздарда «қолда бар алтынның парқы жоқ»,  деген мақал бар. Мен шағын құрамдағы кездесуде  Қырғыздың тұңғыш Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев болмағанына  өкінемін, деген едім. Көшбасшыларыңыздың  қадірін біліңіздер, бағалаңыздар. 

Біздің ел  екі төңкерісті өткерді және тұрақтылыққа әзер қол жеткіздік. Араб елдеріне қараңыздар, ондаған елде төңкеріс оты тұтанып, бейбіт мемлекеттердің  іргесі сөгілді. Бір ғана нәрсені айтқым келеді: елдеріңіздегі қол жеткен тұрақтылық пен өркендеудің қадірін біліңіздер.

Екі Президент  бұл жолы күні бойы бірге болды. Ресми кездесулерден кейін Елорданың   көрнекті  орындарын  аралап көрді.  Нұрсұлтан Назарбаев пен  Алмазбек Атамбаев Қазақстанның Ұлттық музейіндегі экспозицияларды асықпай аралап көрді.  

Мәртебелі қонақ  мұнда  Астана қаласының даму  тарихымен танысты.  Содан кейін екі көшбасшы Тұңғыш Президент кітапханасының  негізгі залдарын да   шолып шықты.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Бөлісу