Aport Мall жаңа отбасылық алаңдарын ашты
Алматыдағы ірі сауда-ойын-сауық кешендерінің бірі – Aport Mall West жаңарудың жаңа кезеңіне қадам басты. Мұнда отбасылық демалысқа арналған ойын-сауық паркі ашылып, гастрономиялық аймақ кеңейтілді. Сондай-ақ жеті залы бар Aport Cinema кинотеатрында экрандар мен дыбыс жүйесі жаңартылды. Кешен басшылығы мұның барлығы келушілердің сұранысына сай жасалған қадам дейді. Себебі аумағы 210 мың шаршы метрден асатын моллға ай сайын миллионнан аса адам келеді.
Жаңа кеңістіктердің ішіндегі ең ауқымдысы – 3 мың шаршы метрден асатын Funky Planet (Фанки Плэнет) отбасылық ойын-сауық паркі. Мұнда батуттар, сырғанақтар, лабиринттер мен интерактивті ойын алаңдары бар. Басты мақсат - сауда орындарын көбейту емес, келушілердің бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау, дейді мамандар.
Даниал Дубинин, Аport Мall дамыту департаментінің директоры:
Біз 2009 жылдан бері отбасылық демалысқа басымдық беріп келеміз. Өйткені сауда орталығы – тек сауда жасайтын орын емес, отбасы мүшелері бірге уақыт өткізіп, жақсы естеліктер жинайтын кеңістік. Алдағы жылы Қазақстан нарығына бұрын болмаған бірнеше әлемдік бренд келеді. Қазір осы бағытта бірқатар келісімге қол қойдық.
Кешендегі тағы бір өзгеріс – Aport Food Mall гастрономиялық аймағының кеңеюі. Мұнда америкалық фастфудтан бастап, корей, түрік және ұйғыр асханасының тағамдарына дейін ұсынылған. Кешен өкілдерінің айтуынша, соңғы уақытта келушілердің тамақтану орындарына деген қызығушылығы артқан.
Динара Әмренова, Аport Мall маркетинг және PR департаментінің директоры:
Біз нарықтағы өзгерістерді үнемі зерттеп, келушілердің сұранысын саралап отырамыз. Қазір жылдам әрі сапалы тамақтану орындарына қызығушылық жоғары. Фудкортты кеңейтуге ниет білдірген кәсіпкерлердің де қатары артты. Осы сұранысты ескере отырып, жаңа гастрономиялық кеңістікті іске қостық.
Бүгінде кешенде халықаралық брендтің 120-дан аса дүкені бар. Биыл сауда орталығының ашылғанына 17 жыл толды. Алдағы уақытта мұнда сауда галереясын дамытып, әлемдік брендтер санын арттыру жоспарланған. Сондай-ақ Aport Mall-ды тек сауда орны емес, отбасымен бірге уақыт өткізетін ортақ демалыс кеңістігіне айналдыру көзделіп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы