«Халықтық құрылысқа» шетелдік капитал тартылады
Халықтық құрылыс бағдарламасын жүзеге асыруға шетелден қаржы алынады. Үкімет халықаралық компаниялармен байланысты бекемдеуге кірісіп кетті. Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов инвесторлармен кездесіп, алдағы жоспарларды талқылады. Жиын жайлы толығырақ Ернұр Медет тікелей эфирде тарқатуға дайын. Ернұр, бүгінгі кеңесте нақты не айтылды?
Ернұр Медет, тілші:
Алдағы жылы «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында ауқымды жобалар қолға алынбақ. Алайда мұндай ірі істі жүзеге асыруға қазына қаржысы ғана емес, халықаралық тәжірибе мен инвестиция да қажет. Басқасын былай қойғанда Сарыарқаның төсіндегі бүгінгі бас қаламыздың бой көтеруіне де шетелдік капиталдың өзіндік үлесі болды. Түркия, Израиль, италиялық кәсіпкерлер Астананың алғашқы даму кезеңінде ақша салғаны есте. Осылайша әр елдің сәулеті мен дәулеті тоғысқан тұста елорданың еңсесі тіктеліп, бүгінгі көркем келбеті қалыптасты. Енді Қазақстан сол тәжірибені тұтас ел көлемінде жалғастырып, инвесторларды ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға тартуды көздеп отыр.
Ернұр, бұл жерде қос тарапқа да тиімді ортақ мәмілеге келу маңызды. Енді Қазақстан оларға қандай жағдай жасамақ?
Ернұр Медет, тілші:
Расында, мұнда win-win қағидасы керек. Кәсіпкердің түсінікті тәртіп бар жерге келіп, мүмкіндігі мол нарыққа ұмтылатыны белгілі. Осыны ескерген Үкімет ең әуелі олардың жұмысын жеңілдетпек. «Бәйтерек» холдингі негізінде бірыңғай үйлестіру жүйесі құрылып, Kazakh Invest сол құрамға беріледі. Ортақ фронт-офис инвесторлардың жобасын сүйемелдеп, қаржы көздеріне қол жеткізуіне жол ашады. Бұған қоса, құқықтық қорғау тетіктері күшейтіледі. Нақтыласақ, Алатау қаласында арнайы инвестициялық сот құру бастамасы көтерілді. Мамандар осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады деп отыр.
Жанна Байдашева, «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының директоры:
Инвесторлар үшін заңнамалық талаптардың түсінікті болуы, Салық және кеден жүйесінің ашықтығы шешім қабылдауда негізгі рөл атқаратын факторлар. Осы орайда Үкіметтің ашық диалогқа дайын болуы да үлкен сенім қалыптастырады. Мұндай жағдайда олар өздерін қауіпсіз сезініп, елімізде бизнес жүргізуге қолайлы орта бар екеніне көз жеткізеді.
Ернұр Медет, тілші:
Бүгінгі басқосуда шетелдік компаниялардың қарқынды құрылысқа нақты қанша қаржы құятыны айтылған жоқ. Бірақ сенім ең қымбат валюта екенін ескерсек, серіктестік біртіндеп бекіп жатыр деуге негіз бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы