Басты Жаңалықтар Тәуелсіздік жылдарындағы медицина жетістіктері

Тәуелсіздік жылдарындағы медицина жетістіктері

Еліміз тәуелсіздік алған 35 жылда медицина саласында да айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бұрын шетелде ғана жасалатын күрделі оталар бүгінде отандық клиникаларда орындалады. Осы уақыт ішіндегі денсаулық сақтау саласындағы 35 маңызды жетістікті әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт топтастырып көрді.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан медицинасы жаңа белеске көтерілді. Отандық дәрігерлер жүрек, өкпе, бауыр мен бүйрек трансплантациясын меңгеріп, күрделі оталарды өздері жасай бастады. Биыл елімізде алғаш рет балаға донорлық жүрек салынды. Кардиологияда өткен жылы 21 мың 125 стенттеу операциясы орындалған. Оның 11 мыңға жуығы шұғыл жасалды. Ал онкологияда протондық терапия, «Гамма-нож», радиоактивті йодпен емдеу және ПЭТ/КТ диагностикасы енгізілді. Биылдың өзінде 17 400 зерттеу жүргізілген. Ал ісіктерді иммуногистохимиялық зерттеу саны бір жылда 33 мыңнан 65 мыңға өсті. Балалар медицинасында да жаңа мүмкіндіктер ашылды. «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында бес жылда 11 мыңнан астам бала дүниеге келді. Жыл сайын нәрестелерге шамамен 1 400 күрделі хирургиялық операция жасалады. Соның арқасында ана өлімі 6,7 есе, нәресте өлімі 5,2 есе азайды. Туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші де үш есеге жуық төмендеген. Медициналық авиация былтыр 2 272 рет ұшқан. Жылжымалы медициналық пойыздар үш айда 57 ауылдың 42 мыңнан астам тұрғынына көмек көрсетті. Отандық медицина роботтандырылған операциялар, 3D-титан имплантаттары және донорлық жүректі сақтауға арналған ALEM аппараты сияқты жаңа технологияларды да меңгерді. Осының бәрі – Тәуелсіздік жылдарында отандық медицинаның мүмкіндігі кеңейіп, жаңа технологиялар мен емдеу әдістерінің қолжетімді бола түскенінің көрінісі.

Бөлісу