Президент Атыраудағы бірқатар нысанды аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Атыраудағы бірқатар нысанды аралады

05.10.2014
Президент Атыраудағы бірқатар нысанды аралады

Біздің Президент бұл форумнан іле-шала Атыраудағы бірқатар нысанды да аралады. Мысалы, «Первомайский» деп аталатын кәсіпорын. Мұндағы тауарлы-сүт фермасы мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында салынған.

Кәсіпорынның тәулігіне 8 тоннадан 16 тоннаға дейін сүт өнімдерін шығаруға күш-қауқары бар. Жаңа технологиямен жабдықталған. Президент аймақ басшыларына «экономиканы дамыту үшін ауыл шаруашылығының әлеуетін пайдалану керек», деді. Жөн. Себебі, еліміздегі халықтың жартысына жуығы ауылдық жерде тұрады. Біз секілді қалалықтарды асырап отырған да осы алтын бесік ауылдар.

Атыраудың Махамбет ауданы, Бейбарыс атындағы ауыл. Бұл ауылда «Первомайский» аталатын бірлескен шаруашылық мал өсіріп, сүттен түрлі өнім жасап отыр. АҚШ-та өскен 500 сиыры бар. Ешкісі де көп. Малдың азығын да өздері дайындайды.

Атыраудың жері қуаң, дегенмен, жаңа технологияға ұмтылғанның есебі түгел. Мысалы, тамшылатып суару әдісін әкелген шаруашылықтар көкөністі еселеп алып отыр.

Атырау - ауыл шаруашылығына аса қолайлы өңір емес, деді Президент. Бірақ облыстағы 550 мың халықтың 60 пайызы ауылда тұрады. Ендеше, бұл салаға мән бермеу мүмкін емес. Оның үстіне жаһандағы жан өсімі тағы бар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүкіл Қазақстан бойынша ауыл шаруашылығын дамыту қажет, жылдан-жылға тамақ жетіспейтін болады. Жердің халқы өсіп бара жатыр, 30-40 жылдары 9 миллиардқа жетеді.

Сондықтан, тамақ өндіру, ауыл шаруашылығын көтеру заманында мұнай мен газдан да жоғары болады. Себебі, қазақтың анау ашаршылық кезеңінде айтқаны бар ғой «асыл-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен», деп, сондықтан ауыл шаруашылығына көңіл бөлуіміз керек.

Атыраудың экономикасындағы ауыл шаруашылығының үлесі 5-ақ пайыз. Бұрын тіпті аз еді, енді ептеп көбейіп келеді. Бұл өңірдің негізінен мұнай мен газға бейімделгені көпке мәлім. Дегенмен,  соңғы 5 жылда осы Атырауда өндірілетін ауыл шаруашылығы тауарлаы 2 есе көбейген.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанның ауыл шаруашылығына бөлетін субсидиясы еш жерде жоқ. Өздеріңіз техникаға аласыздар, тыңайтқышқа аласыздар, суармалы жерге аласыздар, қой өсіруге аласыздар, сүт шығаруға аласыздар. Барлығы дотациямен болып жатыр. Облыс бойынша мемлекеттен сендер 30 пайызға  дейін дотация аласыңдар соны кемітудің жағдайын ойлау керек.

Тың тәсіл, ғылыми негіз және жаңа технологияға сүйенбей, іс өнбейді. Мемлекет басшысы өсу үшін үнемді де пайдалы тәсіл керек, деді. Тамшылатып суару әдісін тағы да  еске салды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мынау Оралдың жағасында тұрасыздар. Суаруға су бар, су бар екен деп былай жайып суаратын болсаңыздар екі жылдың ішінде тұз жоғары жаққа шығады да түк өспейді. Тамшылатып суаратын болсаңыздар тұз шықпайды. Бұл - біріншіден.

Екіншіден, минералдың барлығын суменен беріп отырасыздар да өнім көбейеді. Мына көкөністің ең көп шығатыны Оңтүстік облыс қой: 15 центнер, 12 центнерден қызанақ алып отырған, қазір тамшылатып суарумен бір гектардан 150 центнерге дейін апарды.

Бүкіл Қазақстан, қазір мынау Ресейдің өзі қанша берсең де, сатып алайын деп отыр. Ал, сіздерге мынау Ақтауға, Оралға, Ақтөбеге жіберуге болады.

Ал, мынау «Мирас» атты балабақша. 16 топқа бөлінген 350 бала тәрбиеленеді. 110 адам жұмыс істейді.

«Теңізшевройлдың» қаржысына салынған бала-бақша музыка, спорт және би залдарымен, ойын алаңдарымен, кітапханамен, қазақ мәдениетінің орталығымен, қолданбалы өнердің, ағылшын және орыс тілі кабинеттерімен жабдықталған. Халықаралық стандартқа сай.

 Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу