Мемлекет басшысы Алматыдағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Алматыдағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралады

21.03.2022

Алматыдағы мерекелік шарадан кейін мемлекет басшысы шаһардың бірқатар әлеуметтік нысанын аралады. Мегаполистегі білім мен спорт және кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Мерекелік шарадан кейін мемлекет басшысы Алматыдағы бірқатар әлеуметтік маңызды нысандарды аралады. Мегаполистегі білім мен спорт және кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Алматының оқушылар сарайы 83-жылы есігін айқара ашқан. Сәулетті архитектуралық нысан 40 жылда күрделі жөндеу көрмепті. Биыл жаңғыртудың алғашқы кезеңінен өтіп, заманға сай жаңа үйірмелер ашылып жатыр. Балалардың 3 Д модельдеу, анимация, робототехникаға деген қызығушылығы зор. Болашақ технократтардың іргетасы осындай жерде қаланады.

Әлихан, оқушы:
– Осы компьютерді өзімнің қолыма алып нешетүрлі фантазиямен ертегілерді түсіруді бастадым. Және де осы ертегілерді жақында жарыққа шығарамын деген ойдамын. Шетелдің анимациясын көп қараймын. Мысалы нетфликс деген компанияның анимациялары маған қатты ұнайды. Және де бұл жерде өзімнің фантазияммен солардың жетістігіне жетсем деген оймен келіп отырмын.

Мемлекет басшысы жас өрендермен әңгімелесіп, жетістіктеріне куә болды. Балалардың білімге деген ынтасын аша түсу үшін соңғы үлгідегі телескоп пен автобусты сыйға тартты.

Алып шаһар еліміздегі спортқа ең жақын қала деген атаққа таласуға бар. Алматы олимпиада мен азия, әлем чемпиондарының ордасы. Алатау баурайында әлемдік, құрлықтық жарыстар да дүркін-дүркін өтіп тұрады. Енді қаланың спорттық инфрақұрылымына тағы бір заманауи кешен, үстел теннисі орталығы қосылды. Мұнда жаттығу жасауға, түрлі сайыс өткізуге толық жағдай жасалған. Қонақ үй, дәмхана, жаттығу залы бар.

Ерсұлтан Ержанұлы, жоба жетекшісі: 

– Бүгінгі күні бұл жерде профессионал ретінде турнир өткізуге 12 стол дайындалған. Бір мезгілде 200 спортшыға өткізуге мүмкіндік бар. Және де Қазақстан open өткізуге бүкіл жағдай жасалған.

Ғимараттың бой көтеруіне бір жыл ғана уақыт кеткен. Енді мұнда жас өрендер шыңдалып, болашақ чемпиондар дайындалады. Президент ракеткалардың біріне қолтаңбасын қалдырып, жас спортшымен теннис ойнады.
Қаңтар оқиғасы кезінде талай кәсіпкер шығынға батты. Олардың басым көпшілігі Алматы қаласында. Президент олармен арнайы жүздесіп, қалыпқа келген нысандарды көрді. Тәртіпсіздіктер кезінде әсіресе сауда орталықтарында орналасқан дүкендер қатты зардап шекті. Дегенмен кәсіпкерлер аз ғана уақытта бәрін қалпына келтіріп, жұмысын жалғастырып жатыр. Мемлекет те шағын және орта бизнес иелерін бұл жағдайда жалғыз қалдырмай, шығынын өтеп берді.

Серік Қадыров, кәсіпкер:

– Қаңтар оқиғасы кезінде 99 пайыз сауда орындарым зардап шекті. Тоналды, қиратылды. Бүгінгі күнге толықтай жұмыс істеп тұр. Шығынды толықтай жүз пайызға алдық. Тез уақытта, тез арада берілетініне өзім сенбедім.
Қазір кәсіпкерлерге 6 миллиардтан астам теңге көмек берілді.

Президент шағын және орта бизнеске қолдау жалғасатынын, зардап шеккендердің шығыны өтелетінін айтты.

Ш.Жамбылұлы, Ж.Қобдабай, Б.Қайырбекова

Хабарламаларға жазылу