Президент Алматыдағы бірқатар нысандарды аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Алматыдағы бірқатар нысандарды аралады

19.11.2021

Бүгін Президент Алматыда бірқатар әлеуметтік, білім беру мекемелерін аралап көрді. Әрі қаладағы жылу электр орталықтарының біріне жүргізіліп жатқан қайта жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, кәсіпорынды газға көшіру ісін шапшаңдатуды тапсырды. Өйткені қаланың экологиялық ахуалы нашарлап барады.

Әлеуметтік қызметтерді алу үшін мекемеден мекемеге жүгіру уақытты алады. Кептелісі көп, Алматы секілді алып шаһарда бұл мүлдем қолайсыз. Сол үшін мұнда Әлеуметтік қызметтер үйі ашылған. Жұмыспен, баспанамен қамту, жәрдемақы тағайындау, кәсіпкерлікке баулу секілді қызметтерді ұсынатын 11 мекеме осында. Бәрін топтастырған орталықтың жұмысын Президент жоғары бағалады. Қызмет үйі күніне 300 -500 адам қабылдайды. Ашылғалы 45 мың адамға қызмет көрсетті.
Назира Тоғызбаева, әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы:
Бұрында әлеуметтік қызмет алу үшін адамдар бүкіл қаланы аралайтын. Ол қаланы аралау үшін 7-10 күн өтеді. Қазіргі таңда бір сағатта осы әлеуметтік қызметтер үйіне келіп, бір сағатта қызметін алады да оң нәтижесімен үйіне қайтады.
Ал бұл Президент 10 жыл оқыған Ілияс Есенберлин атындағы 25-ші гимназия. Әбден ескірген білім ордасы қазір су жаңа секілді. Былтырлары осылай қабырғасы ғана қалдырылып, бір жарым миллиард теңгеге күрделі жөндеуден өткен. Жаңа кейіпке енген мектебін Мемлекет басшысы аралап көріп, өзі оқыған сыныпқа барды. Қазір бұл француз тілі кабинеті. Кейін 11-сынып оқушылары Мемлекет басшысымен бірге 2050 жылға арналған хатты уақыт капсуласына салып, мектеп қабырғасына қойды.

Мемлекет басшысының уақыт капсуласын қалдыруы бекер емес. Бұл Президенттің өзі осы мектепте оқыған кезде қалыптасқан дәстүр. 1970 жылы сол кездегі комсомол Қасым-Жомарт Тоқаев сыныптастарымен бірге 2017-нің түлектеріне осындай жолдау қалдырған. Бірақ 2004-те жөндеу жүріп, табылған капсула ашылды. Қазір сол кубок пен хаттар мектеп ішіндегі мұражайда сақтаулы. Мемлекет басшысы соны оқып, оқушы кезін есіне алды.

Алматылықтар үшін кептеліс пен экология өзекті мәселе. Соңғысын шешу үшін Қасым-Жомарт Тоқаев қаладағы жылу электр станцияларын газға көшіруді тапсырған. Осы бағытта бірнеше жоба мақұлданбай, соңғысы енді іске аспақ. Қуаты 600 мВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысын капсула салып, Президент бастап берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ең бастысы біз экологияны жақсартып, тұрғындарды таза ауамен қамтамасыз етеміз. Мен үшін бұл аса маңызды. Менің тапсырмам бойынша Үкімет қаланың ауасын тазарту үшін қажетті шараларды қабылдайды деп алматылықтарға уәде бердім. Шын мәнінде, бірнеше жыл бойы қала тұрғындары экологияның ластануынан зардап шегіп келді. Біз бұл мәселені түбегейлі шешуіміз керек.
Жаңа газ қондырғысы енді 2023 жылы іске қосылуы тиіс.
Досжан Маратұлы, тілші:
Алматыдағы осы бір ғана жылу электр станциясы жылына 2-2,5 млн тонна көмір жағады. Соның салдарынан ауаға 50 мың тонна зиянды қалдық тарап жатыр. Егер станциялар толық газға көшірілетін болса, қалдық көлемі 7 мың тоннаға дейін азаюы тиіс.
Қалдықты азайтып, қоршаған ортаны қорғау үшін  «Жасыл Алматы» жобасы да қолға алынған. Қала жасыл желекке оранып жатыр. Жаңа орман алқабының бірі – Президент барған «қарағайлы аумағы. Мұнда Президент те ағаш отырғызып, қала экологиясының жақсаруына үлес қосты.
Ұлан Абдулдаев, Алматы қалалық жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары:
Арнайы аумақтарға бөлінген балаларға, спорт алаңдарына арналған демалыс орындары. Бұл жобада көріктендіру жұмыстары, жарықтандыру желілері, суару желілері бәрі қарастырылады.
Қала түтінге тұншығып тұрғасын тауға шығып, таза ауамен тыныстағысы келетіндер көп. Туризм жан-жақты дамып келеді. Бірақ қарағай арасында адасып кететін жағдайлар жиілеген. Мәселен былтыр тауға шығып жоғалған турист қыздың өлі денесі табылған еді. Биыл да құтқарушылар бір қызды тікұшақпен әрең тапты. Енді қауіпсіздік үшін Алатаудың әр жеріне мынадай құтқару пунктері орнатылып жатыр. Президент бұл тау туризмін дамытуға тың серпін береді деді.
Досжан Маратұлы, тілші:
Тауда жүріп адассаңыз немесе ауа райы қыңыр мінез танытса мынадай үйшіктерді пана етуге болады. Ішінде дәрі-дәрмек, бұзылмайтын азық-түлік, көрпешелер, телефон қуаттағыш және құтқарушылардан көмек сұрау үшн дабыл батырмасы бар. Ал жәрдем келгенше мына жерде жатып демалуға болады.
Алматы кретивті жастардың қаласы. Қыз-жігіттерді қолдап, жайлы мәдени ағартушылық орталық беру үшін «Алатау кератив хабы» ашылған. Мұнда ұл-қыздарға арналған 25 тегін үйірме және бүгін ашылған IT зертхана бар. Президент бұл жастар уақытын тиімді өткізіп, білімін жетілдіру үшін таптырмас жер деді. Енді мұндай хабтарды ел бойынша көбейту маңызды.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу