Қариялар қалай күн кешіп жүр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қариялар қалай күн кешіп жүр?

05.10.2014
Қариялар қалай күн кешіп жүр?

«Елу шылбырдан алды, алпыс тізгіннен алды, жетпіс өре салды, сексен - тұсау салды, тоқсан - толқып қалды»... Бұл жалғанның заңдылығын қариялар осылай бейнелеген. Еңбектеген баланың - түбі еңкейген қарияға айналары ақиқат. Осы аптада Халықаралық қарттар күні өтті.

Мейрам 1990 жылдың 14 желтоқсанынан тойланып келеді. Алдымен, Еуропада, кейін Америкада мерекелене бастады. Бізде де аталады. Қашан да қазақ ақылы дариядай болған қарияны құрметтеген ғой.

Бірақ, соңғы кездері қарттарымызға көңіл бөлмей кеттік-ау. Тек осы қарттар күні, туған күндерде болмаса. Шау тартып, күш-қуат кеткесін баласының қолына қарап қалатыны белгілі. Бірі ауылда, қалада тұрады, басқасы қарттар үйін мекендейді ғой. Осы қариялар қалай күн кешіп жүр?

Қаланың қариясы бұл. Күйеуі өмірден өткен соң, сүйеу болады, деп Дәме апа қызының қолына келді. Жылдар өтті. Қаладағы күйбеңге де, төрт қабырға ішіндегі тыныштыққа да үйренді. Анда-санда келетін немерелерін асыға күтеді. Алдын-ала тәтті кәмпитін, тыққан-пыққанын дайындап қояды.

Өйткені, көңіл қуанышы, жалғыз жұбанышы – осылар. Қырсыққанда олар да жиі келе бермейді. Тек осындай мейрамдарда болмаса... Әдетте, бұл үй тып-тыныш. Сондықтан, Дәме апаның күнде көретін қуыс бөлме сырласына, мұңдасына айналғандай.

Дәме Дүйсенбайқызы, зейнеткер:

2005 жылы ауылдан көшіп келдім. Теледидар көремін. Тауық жайылып жүреді, көкпеңбек шөптің үстінде малдар жүреді. Екі жылға дейін жылап жүрдім.

Дәме апа 12 құрсақ көтерген. Батыр ана. Саналы ғұмырында қария қара жұмыс істеді. Сауыншы, тігінші болды. Қазір 70-тен асты, бет-жүзімнен әр тайса да, көңілім қартайған жоқ, дейді. Тек қаладан жалықты.

Дәме Дүйсенбайқызы, зейнеткер:

Қолымдағы Гүлсім деген қызымның қыздары. Аты - Мәриям, мынаның аты - Әмина.

Ал, Шекергүл апа шөберелерінің шашынан иіскемегелі қашан. Тек суреттері ғана жанға медет. Сурет арқылы сырласады, ақыл-кеңесін айтады. Өйткені, ол қарттар үйінде. Ал, немерелері ата-анасының үйінде.

Шекергүл Әбдіреева, қарттар үйінің тұрғыны:

Қарттар үйіне алғаш келгенде қиындау болды, бірақ өмірге араласып кеттім.

Қария жастайынан қолөнерге жақын. Кесте тігеді, шілтек тоқиды, көйлек, күртеге ою салады. Кезінде бұл өнері Шекер апаны асыраған. Ал, қазір көңілі құлазығанда, жаны жалғызсырағанда, өткен-кеткенді еске алғанда айналысады. Немерелеріне естелік болсын, деп жасайды.

Шекергүл Әбдіреева, қарттар үйінің тұрғыны:

Өзім жетім болған соң, шешесі қайтқан жігітке тұрмысқа шықтым. 6 баласы бар. Алты баланы өзімнің балаларыммен  бақтым.

Мұнда түрлі тағдыр тоғысқан. Бірін балалары баға алмаған, бірін баққысы келмеген 300-ден астам ата-әже тұрады. Ал, республика бойынша 2008 жылы қарттар үйін 12 мыңдай қария мекен етсе, қазір олардың қатары 3 есе артқан. Өкініштісі, бұрын ілуде біреу кездесетін қазақтың қарттары артып барады. 

Иә, Сәулен атаның үйі сәуле шашып тұрады. Өйткені, мұнда балалардың былдыры, риясыз күлкісі бар. Ізет-құрметке толы нағыз қазақи шаңырақ. Күнде дастарқан басында бала-шағаның басы қосылады. Ата өсиеті тыңдалады, әже әңгімесі айтылады. Бұл – дәрігерлер династиясы. Мұғалімдер әулеті.

Сәулен Қабиденұлы, зейнеткер:

1967 жылдан бастап медицина саласында жұмыс істеп келемін.  Моңғолияда 1993 жылға дейін хирург болып істедім. Одан кейін Қарағандының Шет ауданына келіп, хирург болдым.

Балақайларға «Ақбақай» өлеңін аталары шығарып берген. Итке қалай тамақ беруді де үйреткен атасы.  

Иә, ауыл – береке. Ондағы кәрінің сөзі – дәрі, ал ақылы – дария. Таң атса, кештің қалай батқанын байқамайды.

Сәулен Қабиденұлы, зейнеткер:

Сағат 06.00-да тұрамын. Сиыр жайлаймын, малға шөп салып, итке тамақ беремін. Маңайды тазалаймын, отын тасимын. Қарап отырмаймын.

Қарттар күні дейміз. Бірақ, біз тарихтың тірі куәгерлерін тек сол күні қадірлеуге көшкен жоқпыз ба? Құлаққа жағымсыз естілетін қарттар үйін де осындай атаулы күндерді жағалаймыз.

Онсыз да, Мұқағали айтқандай, «ақиқатты айқындап жариялар, бара жатыр азайып қариялар». Егер олар ақыл айтып жүрмесе қасымызда, сонда жетімдік орнайды басымызға.

Ханзипа Бәлдікқызы, ардагер журналист:

Қариялар тасада қалып қойған сияқты. Бір мүсіркеу немесе алдарқату күні сияқты.

Рас, қазір елдегі зейнет жастан асқан қарияларымыз халықтың 10 пайызын құрайды. Олардың әрқайсысы әртүрлі тағдыр. Бірі қалада, екіншісі безбүйрек балаларының кесірінен қарттар үйінде, енді бірі ауылда. Шынында, өсетін елдің өнегелі ұрпағы дария - теңіз қариясын құрметтейді. Ал, біз өсетін елміз.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу