Түркістан облысындағы Мамыр ауылының тұрғындары тауқыметпен күн кешіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы Мамыр ауылының тұрғындары тауқыметпен күн кешіп жатыр

17.01.2019

Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Мамыр ауылының тұрғындары даму мен өркениеттен шет қалып, тауқыметпен күн кешіп жатыр. Елді мекенде медициналық емдеу орны жоқ. Ауызсу сапасыз. Электр желілерінің әбден ескіріп, шіріген ағаш бағаналары құлауға айналған.

Ауылдағы осыдан жарты ғасыр бұрын тұрғызылған электр бағаналардың шірімегені кемде-кем. Жан-жағына қойылған тіреудің арқасында қалқиып әзер тұр. Ал, салбырап кеткен сымдар бір-бірімен айқасып қалмас үшін олардың әр жеріне тас іліп қойған. Сымдағы токтың тұйықталуынан кейбір ағаш бағаналардың басы өртеніп кеткен. 

Сүлеймен Мамыр, ауыл тұрғыны:

- Бағаналарды арматура ұстап тұр. Бір күні болмаса, бір күні шайқалады. Ол жоғары кернеулі. Кірпішті қолдан байлап қойдық. 

500 үйлі Мамырдың бірде-бір көшесінде шам жоқ. Тіпті мектепке баратын орталық көшенің өзі қас қарая қараңғылық құшағына енеді. Екінші ауысымдағы оқушылар үйіне қараңғыда қайтады. Алайда, жергілікті билік бұл мәселені шешуге асығар емес.

Арман Ысқақов, Ордабасы ауданы әкімі аппараты бөлім басшысының міндетін атқарушы:

- Сметалық құжаттама әлі жасалмаған, ұсыныс бердік. Жауап хаттамалар енді келеді.  

Ауылдағы тағы бір қиындық, емхананың жоқтығы. Дімкәс болып, сырқаты сыр бергендер дәрігер іздеп, 5-6 шақырым жердегі Бадам ауылына баруға мәжбүр. Екі ортаға қатынайтын қоғамдық көліктің жоқтығы да жанды қинайды.

Сәлима Базарбаева, ауыл тұрғыны:

- Келіндер туып жатыр. Сол балаларды дәрігерге апарып көрсету өте қиын. Балалар ауырса, келіндер ауырса, жеткізу қиын. Барғанда кезек көп. Кешке дейін жүріп, көріне алмай келеді.

Жұрттың әбден титығына тиген бұл мәселе де әзірге құр сөз мен мардымсыз жауаптан әлі аспай тұр.

Махмұд Қонысов, Бадам ауылдық округінің әкімі:

- Ауданмен сөйлесіп жатырмыз. Тиісті құжаттарын дайындаймыз. Бітіреміз. Жер бөлінеді. Бірақ, жер табу мәселесі күрделі болып тұр.

Ауылдағылардың ауызсуға да көңілі толмайды. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша үй-үйге құбыр тартылғанымен, су сапасыз. Ауыл әкімінің айтуынша, қаржы жеткіліксіз болғандықтан, жерасты суын тазартатын сүзгілер орнатылмаған. «Сондықтан, әзірге жұрттың осыны қанағат етуіне тура келеді», - дейді ол. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу