Іргелі елді мекенінің 2000 тұрғыны жол азабын тартып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Іргелі елді мекенінің 2000 тұрғыны жол азабын тартып жүр

14.03.2019

Алматы облысы, Қарасай ауданындағы Іргелі елді мекенінің 2000 тұрғыны жол азабын тартып жүр. Ауыз су, кәріз құбыры, жедел жәрдем, тіпті жарыққа да жарымайтын жұрт әйтеуір өлместің күнін кешіп келеміз, деп отыр. Алматының іргесінде тұрса да батпаққа батып күн кешкен көпшіліктің жанайқайын тілші Нұрлан Асқарұлы тыңдап келді.

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

Мен қазір Іргелі ауылдық аумағына қарасты ауылдың көшесімен жүріп келе жатырмын. Көшенің сиқын өздеріңіз көріп тұрсызар. Етігімен су кешкен деген теңеу дәл осы ауылдың азаматтарына қаратып айтылған секілді. Өйткені, ауыл азаматтары күн сайын осылай етігімен су кешіп жүреді. Бұл үлкендер үшін үйреншікті жағдай болғанымен мектепте оқитын балалар үшін өте қиын.

Мектеп оқушыларының көрген күні – осы. Күн жаумай су кешсе, жауын жауса батпаққа батады. Сондықтан, бәрі шетінен аурушаң.  

Жергілікті басқару орындарының табалдырығын тоздырған көпшілік енді кімнен көмек сұрарын білмей дал. 

Хамид Бейсенов, ауыл тұрғыны:

Мен алдыңғы Президент сайлауында арнайы барып, баламыз екеуміз, патриот болғаннан кейін дауыс бергенбіз. Былтыр да барып айттым мен, сұрасаңыз әкіміміз осы жерде неше отбасы тұратынын да білмейді. 

Хамида Атайбекова, ауыл тұрғыны:

Балалардың бәрі мектепке бара жатқан кезде аяқ киім шақ келмейді. Балалар жүре алмайды. Біреу келіп қалай, жолдарыңыз қалай, мектепке қалай барып жатыр балалар, балалардың жағдайы қалай, елдің жағдайы қалай деп бір адам келіп жатқан жоқ.

Ауыл тұрғындарының тұрмысын тұралатқан тек жол азабы емес. Жарықтың киловатына 30 теңгеден төлесе, ауыз суды өздері қазып алған құбырдан ішеді. Ал, жаны қысылса жедел жәрдем шақыра алмай қиналады.  

Әкімдік өкілдері былтыр  халықтың өтінішінен кейін жолды тегістеп береміз деп жазбаша жауап  берген. Бірақ, сол уәде сөз күйінде қалған. 

Ескендір Егеубек, Іргелі ауылдық аумағы әкімінің орынбасары:

Былтырғы кезде де жолын жөндеу бойынша жұмысты жүргіземіз, деп уәде берілген. Бірақ, қаражаттың бөлінбегеніне байланысты жолдар жасалынбай қалған. Осы жыл да әкімшілік тарапынан жолаушылар көлігі бөліміне хат жолданып 4-ші 7-ші кварталдардың жолдарын жөндеу бойынша сұраныс хат жіберілген болатын.

Сонымен, әкімдіктің берген жауабынан жолдың қашан жөнделетіні туралы нақты жауап болмады. Ал, Іргелі ауылдық аумағы мен аудандық әкімдіктен күдер үзген жұрт облыс әкіміне арызданамыз деп отыр.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу