Бұл жаһанда қойнауын бұрғыласа, мұнай атқылаған бақуатты елдердің алдыңғысы - Сауд Арабиясы.
Жауһары мен қауқарын бағамдай беріңіз, күніне 1,5 миллион тонна мұнай, 100 миллион текше метр табиғи газ өндіреді.
«Қара алтынның» 95 пайызын экспорттайды. Мұндағы арабтардың ауқаты жақсы, себебі, мемлекет мұнайдан түскен кірісті халыққа теңдей қылып бөліп береді.
Сауд Арабиясы мен біздің ел 1994 жылдан бері дос. Қазақстанның инфрақұрылымын дамытуға атсалысты.
15 миллион доллар құйып, Парламент Сенатының ғимаратын салып берді. 12 миллион долларға Астанадағы кардиоорталықты тұрғызды.
Дәл сондай қаражатқа «Осакаровка-Вишневка» көлік жолы салынды және «Әзірет Сұлтан» мешіті секілді бірнеше зәулім ғимарат бой көтерді.
Екі ел арасындағы тауарайналым көрсеткіші бүгінде 14 миллион доллар.
Осы аптада біздің елге Сауд Арабиясы Корольдігінің Консультативтік Кеңес төрағасы Абдалла Әл аш-Шейх келді. Президентпен кездесті. Парламентаралық ынтымақ жайын сөз қылды. Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясы Қазақстанның маңызды серіктерінің бірі екенін айтты.
Өйткені, Корольдік қазақ азат болғалы екіжақты саяси байланыс тұрғысынан да, халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақ арқылы да қолдап келеді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сіздің елдің көмегімен Астанада бірқатар ғимарат салынды. Бұл - ағайыншылдық, біз үшін көмек. Сауда саласында, саяси жағынан да бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз.
Абдалла Әл аш-Шейх, Сауд Арабиясы Корольдігінің Консультативтік Кеңес төрағасы:
Жоғарғы мәртебелі Президент, мені қабылдағаныңызға ризашылығымды білдіремін. Қазақстан біз үшін әрине, басқа мемлекеттерге қарағанда орны бөлек әрі ерекше ел.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС