«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қорытындыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қорытындыланды

21.09.2014
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қорытындыланды

Жаһанданудың жұтқыншағында кетеміз бе, деп үрей қысқан бұл заманда ұлттық қауіпсіздікке отбасы мәселесін де жатқызбасқа амал жоқ. Рас, біздің қоғамда да отбасы деген киелі ұғым қадірін жоғалта бастағандай. Өзгеріске ұшырады. Жанұяның жаңа түрлері пайда болды. Азаматтық неке аздай, біржынысты некелер шықты. Бетімізді шымшыдық та қойдық.

Сонау Батыста 60-70-жылдары отбасылық либералдану деген болған. Заң отағасын отанасына, баласын ата-анасына қарсы қойды. 8 жастағы бала болмашы нәрсе үшін әке-шешесін сотқа беретін жағдайға жетті. Кейін қарттар үйіне сүйреді. Отбасылық құндылық күйреді.

Бүгінде Исландияда некесіз туған балалар саны - 65 пайыз, Эстонияда - 56, Швецияда - 55, көрші Ресейде - 30 пайызға жеткен. Бізде қалысып тұрған жоқпыз. Жастықтары жасқа малшынған 33 мың жетім бала бар. Тағы бір шындық.

Қазір қыз-келіншектер «ана», «отбасының ұйытқысы» дегенді ұмытып, феминистік сипаттағы бала тууға міндетті емес іскер, тәуелсіз әйел, яғни self-made business-woman бейнесіне ұмтылатын болды. Бұл да бала санын шектейтін қатердің бір көрінісі.

Осы аптада Астанада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қорытындыланды. Нұрсұлтан Назарбаев сол жиында отбасы құндылығына қатысты керемет дүниелер айтты.

Бүгінде  қоғамдағы көп кеселдің салдарын  айтып шуылдағанмен, себебін тәптіштей бермейтін  селқостығымыз бар. Жыл сайын  талай бала өзіне-өзі қол салады. Терең зерттедік пе?

Шаранасынан  жеріген  қыз-келіншектер, тірі жетімдер тіпті көбейіп кетті. Жетімдер үйінде  34 мың бала бар өзіміздің қара домалақтар олар. Кейбірін қыр асырып жібердік. Тағы жеті мың қария қамқоршысыз қалды. Безбүйрек  болып барамыз.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ана-анасын қарттар үйіне тапсыратын қатігез ұрпақ, баласынан жеритін көкек ана  бізде ешқашан болмаған.   Бұл біздің дәстүрімізге қайшы, салтымызда  жоқ.  Жастық шақта ата-анаңа не көрсетсең, қартайғанда өз ұрпағыңнан соны көресің.  Бұл - халқымыздың өмірлік қағидасы. Ғасырлар бойы мызғымаған отбасылық құндылықтардың негізі. Ана-анасына алаңсыз қарттық сыйлау - әр адамның қаситетті борышы. 

«Азаматтық неке»  де салтымызда жоқ  еді. Бүгінде  жолдан  бала тапқан қызды да көп сөкпейтін болдық.  Қатарынан  әйел жіберген ұлға да түсіністікпен қараймыз. Ата-ана  селт етпейді. Бала «өзім білемін», деп беттен алады.  Бұл – шынымен де  батыстың құндылықтарын қабылдаудың салдарынан ба?

Лаура Шоқашева, «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы:

Қыздар жігіт, жігіттер қыз  таңдап, талғап жүріп алады. Жастарымыз шыдамсыздау, дайынға көп үйреніп алған. Отбасын сақтап қалу - шыдамдылыққа байланысты.

Таңдасын, талғасын кім-кімнің де олай етуге құқығы бар.  Бірақ, біз сүйеу болар жарды емес, күй талғайтын болып алдық.  Махаббат, сүйіспеншілік деген адал ұғымдар  көмескіленіп  барады.  Ұя деген ұғымға мән бермеудің салдары бүтіндей қоғамды  ішінен  іріп бітуі мүмкін. Көп кеселдің бір ғана емі бар. Ол – мемлекет деген үлкен ұядағы, отбасы деген кіші ұяның мызғымастығы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. «Отбасының бірлігі – ағайынның татулығы – атамекеннің тұтастығы», деп атам қазақ айтқан. Біз әрбір некенің мызғымас берік болуы, қарттардың зейнетті өмір кешуі барлық жағдайда жасап келеміз.

Тiрi жетiмдердің көп болуының себебі сан түрлі. Кейбір жастардың жауапкершілігі төмен. Болмаса, материалдық жағдайы мәз емес. Үй-күйі жоқ, қаңғып жүр.  Кейбірі араққа, нашақорлыққа салынған. Мұның барлығы айналып келгенде отбасындағы тәрбиенің осалдығынан.

Мейрамбек Әлібеков - жеті баланың әкесі. Қос балапанды  мейірлене иіскеген  келіншек оның құдай қосқан қосағы. Екеуі  18 жаста отасты.  Жұбайлар үшін шаңырақтың басты байлығы – бала. Одан кейінгісі бір-біріне деген құрмет. 

Мейрамбек Әлібеков, «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы:

Біз   тек отбасының берік болуын ұстандық. 

Отбасы – үлкен тұрмыстық институт.  Шәкірті оның бала. Ұстазы оның – ата-ана. Ұрпақ бойына ұлт құндылықтары ұяда сіңіріледі.  Шаңырақ – махаббат пен патриотизмнің, мейірімнің  қайнары. 

Ал, мейірге қанған бала қатігездікке бармайды. Шәкірттің шалалығы шаңыраққа сын. Айналып келгенде мемлекеттің осалдығы. Ал,  ибалы қыз бен  иманды ұл өсірген отбасы ұлттың өркендеуіне кепіл. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халқымыз әкені асқар тауға балаған. Ешқашан алдын кесіп өтпеген. «Жұмақ - ананың аяғының астында», деп анасын сыйлаған. «Бала - бауыр етің», деп ұрпағына айрықша қамқорлықпен қараған. Біз қандай жаугершілік заманда да, жетімін жытапаған, жесірін қаңғыртпаған елміз.  Біз - қазақ осындаймыз.

Ендеше, үлгілі шаңырақтарды ұлықтау керек болды. Олардың  образы арқылы неке мен отбасы деген ұғымның мәртебесін көтеру керек еді.  Сондықтан, елімізде ұлттық байқау басталды.

«Мерейлі отбасы»  деп аталатын сайысқа  1298 шаңырақ қатысты.  Ал шешуші сынға өңірлік турлардың  қорытындысы бойынша 16 үміткер-отбасы шықты. Үміткерлер –  теміржолшылардың, дәрігерлердің,  ғалымдардың, спортшылардың  шаңырағы.   

Әулет иесі – Зейнулла Жаңбыршинов бес ұлдың әкесі, 12 немеренің  атасы.  Ақсақал «отбасын ұйыстыратын – еңбек», дейді. Еңбекке  ілесе дәулет кіреді. Ірі қараның «Әулиекөл» тұқымын алған  атақты  зоотехник  немере-шөберелерін  шашыратпай ауылдағы шаруаға тартты.  Бұл шаңырақ  төрт атасынан бері түлік баптайды. Бұл әулеттің кішілері - үлкеннің алдын кесе  өтпейді.

Зейнулла Абайұлы, «Мерейлі отбасы»  байқауының жеңімпазы:

Мал өсірсек, егін өсірсек береке болады, құт болады.

Әр  отбасы Бимаханбетовтердің   шаңырағындай   тату болса, қоғамдағы көп кесел бізді айналып  өтер еді.   82 жастағы ақсақал ортаға мақтанышпен әулетін алып шықты.  8 ұл-қызы,  33 немере, 15 шөбересі бар, бұл зейнеттегі қарттың.  Әулеттің  мүшелері   сахнаға    түгел көтерілгенде тіпті  сыймай қалар еді. Ұрпағы ақсақалдың – баға жетпес байлығы.

Ұлттық комиссия 16 мерейлі отбасының арасынан көпбалалы шаңырақты  жеңімпаз деп таныды. Бимаханбетовтер  әулеті  Елбасы қолынан арнайы диплом мен отандық   шағын автобустың кілтін алды.

Қалған он бес шаңырақ  та  құр қол  қайтпады. Елбасы бұл шаңырақтарға да тосынсый тарту етті. Қалған он бес шаңырақ та бір-бір көлік мінді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Барлық он алты  отбасы да жеңіске лайық. Сондықтан, үздікті  іріктеу қиын болды. Барлық шаңыраққа  отандық көліктер берілетін болды.  Есіктің алдында сіздер  жаңа  көлікке отырасыздар.  

Бас жүлдегер  кәдесыйын  көріп жатыр. Шағын автобусқа да ақсақалдың 33 немересі түгел  сыймағанымен көліктің отбасының кәдесіне  жарары сөзсіз. Елбасы мұндай отандық автокөліктермен тіпті президенттерді  күтіп алатынын айтады.

Мемлекет басшысы Тұяқ  Есқожинаның жанында тұр. Бұл алтын жүректі әйелді Елбасы үнемі үлгі етіп жүреді.  Жүздеген жетім баланы қанаттыға қақтырмай, қамқорлығына алған әйелдің  ісін өткен жолы ерлікке балап еді. Енді міне, жеңімпаз шаңырақтардың арасындағы ең үлкен отбасы - Тұяқ Есқожинаның шаңырағы.

Шараның салмақты жалғасы  да бар.  Бірақ, той, салтанат түрінде емес.  Елбасы   отасқан әрбір он жұптың екеуі неге  ажырасады, бала әкесінен  неліктен бас тартып жатыр, жетім-жесір неге көбейіп барады?

Осы мәселені ғылыми түрде зерттеуді тапсырды. Отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық,  рухани адамгершілік құндылықтарды нығайтудың 2015-2020 жылдарға арналған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын әзірлеу керектігін айтты.   

Президент егде адамдарды жасына қарай кемсітуден қорғау үшін заңнамалық базаны жетілдіруді,  жетім балаларды  асырап алған азаматтарға қолайлы құқықтық ахуал жасауды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бірінші кезекте, қоғамдық негізде Бала құқығы жөніндегі уәкілетті институт құру мәселесін пысықтауды тапсырамын. Жетім және қамқоршысыз қалған балалардың бірыңғай жалпыұлттық дерек қорын қалыптастыру керек. Мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі негізінде жұмыс істейтін, жас отбасыларға, жалғызілікті аналарға, балаларға, қарттарға жан-жақты көмектесетін  институттар желісін дамытқан жөн.

Бірақ билік қана емес,  өркениетке қол созған өсер елдің игі жақсылары бар жақсылықты  өскелең ұрпаққа қамқорлық жасаудан бастауы қажет.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көмектесіңдер жетім жесірлерге!

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу