Бір әулетте 4 буын теміржол саласында қызмет еткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бір әулетте 4 буын теміржол саласында қызмет еткен

14.09.2014
Бір әулетте 4 буын теміржол саласында қызмет еткен

Отбасы - шағын мемлекет. Оның өз заңы, өз қағидалары болады. Елінің қамын жейтін де, малын жейтін де ұрпақ сол шағын мемлекетте алған тәлім-тәрбиесіне қарай ер жетеді.

Бүгін отбасы күні. Мерекеге орай, Мемлекет басшысы құттықтауын жолдады. «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі. Менің өкіміммен биыл тұңғыш рет «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізілуде.

Еліміздің барлық өңірлерінде ең үздік отбасылар іріктелді. Олар барша отандастарымызға, бірінші кезекте, енді шаңырақ көтеретін жастарға шынайы үлгі-өнеге.

Мереке күні әрбір қазақстандық отбасына зор денсаулық, береке-бірлік пен ынтымақ тілеймін»,- делінген Мемлекет басшысының құттықтауында. Жарасымды жанұялар біздің мемлекетте өте көп.

Айнұр Омар, тілші:

Қазақтың теміржолы – Кендайдың өмір жолы. Қызметін  қырық жыл бұрын шойын жолды жағалап ақау тексеруден бастаған. Мыңдаған адамның өмірін қорғады ол. Теміржол – өмір жолы десек, қатар жатқан қос релсь Кендай аға мен Күлән апайдың отбасылық ғұмыры секілді. Қатар, бірге, жылдарға созылып жатыр.

Рельске табанын төсеген пойыздар артқа жүрмейді. Бірақ, көңіл шіркінде бәрі кешегідей сайрап тұр. 20 жасар албырт кез. Сарышаған разьезі. Сары даласы сағымдай бұлдырап жатқан жерде тек екеуі ғана. Дала төсін дүрсілдетіп пойыздар өтеді. Кендай мен Күлән Ахметованы таныстырған да, мәңгілікке табастырған да осы теміржол болды.

Кендай Ахметов, Құрметті теміржолшы:

Бір төртінші разъезд деген жерде 4 жылдай тұрдық екеуміз. Сонда енді нанды да пойызбен әкеп тұрады. Су да тасымал ол жерде. Қиыншылық сол болды, екеуден екеу төрт жылдай сол жерде өмір сүрдік.

Күлән Ахметова, зайыбы:

20 жастағы қыз балаға айдалада ақылдасатын да, сырласатын да ешкім жоқ. Әрине, қиын болды. Өмірімде әке-шешеме айтпаппын, мен сондай жерде тұрамын, жалғыз үйде тұрамын деп. Хат жазғанда бәрі жақсы, дүкені де бар, бәрі бар, деп жазатынмын. 1-2 рет сәлемдеме де салып жібердім. Мінекей, менде бәрі бар, ақша да деп.

Сол төртінші разъезде төрт жыл тұрыпты. Төрт баланы дүниеге әкелді. Мойымады, қажып-талмады. Санап отырса, бұл әулетте осы күнге дейін 4 буын теміржол саласында қызмет етіпті.

Кендай Ахметовтің әкесі, арғы аталары кәсіп еткен мамандықты қазір ұлы Серік жалғап жүр. Еңбектің ақталғаны сол, әулеттен 3 бірдей «Құрметті теміржолшы» шықты. Оның бірі - Кендай Ахметов. 

Кендай Ахметов, Құрметті теміржолшы:

Теміржол деген біздің отбасымызға бір нәсіп болды. Теміржол деген біздің бағымыз болды, мен теміржолсыз басқа салада қызмет жасаған жоқпын. Сондықтан, теміржол маған ардақты, қымбатты.

4 бала тәрбиелеп, 8 немересінің қызығын көріп отырған ата мен әженің жастарға айтары көп. Бақыттың кілті еңбек пен сыйластықта, дейді. Үйлерінен қонақ үзілмейді.

Қазірдің өзінде бір шаңырақ астында ұлы да, 2 қызы да бірге тұрып жатыр. Келіні қайсы, қызы қайсы, айыра алмайсың. Ұқсастық та, бауырмалдық та бар.

Әсел Ахметова, Кендай Ахметовтің келіні:

Атамыз бір мекемеде басшы болғандықтан, ұйымдастырушылық қабілеті жақсы. Үйде де сол. Маған келінсің деп айтқан емес. Мені өз қыздары ретінде көреді. Айтады, бір үйде тұрып жатырсыңдар ма, бір шаңырақ астында тұрып жатырсыңдар ма, бір істі бәрің істеңдер, дейді. Біздің үйде сондай тәртіп.

Біреуді шығарып салып, енді бірін күтіп алып жататын бұл үй «Мерейлі отбасы» деген жарысқа қатысамыз деп ойламапты да. Әкімдік таңдаған, хабарын берген. Кейін туған-туыс, көрші-қолаңнан Ахметовтер туралы сұрастырып, сырттай мінездеме жинаған.

Әулет туралы бірде-бір теріс пікірдің болмауы мәлімет жинаушыларды да таңғалдырыпты. Қазір бір үйдің 4 адамы бір салада  қызмет етеді. Жұмыста да жұмыс, үйде де жұмыс деп күледі. Бірақ, өкінген кездері жоқ.

Кендай Ахметов, Құрметті теміржолшы:

Қазақта айтады, «иық бар, сол иық қисайса, тірелетін иық бар ма?»,-дейді. Ол менің иығым сияқты, әрқашан қиыншылық болса, маған тіреу болады. Ақылшым болады, кейде көмекшім болады. Мен Күләнмен 40 жыл болды отасқаныма. Бір өкінген кездерім болған жоқ, бірге қызмет жасағаныма.

Астанаға осыдан 14 жыл бұрын көшіп келген Ахметовтер әуелгі жұмысты үй салып, ағаш отырғызудан бастаған. Сенбі-жексенбі демалыс екен деп ешкім түске дейін ұйықтамайды. Үйдегі темір тәртіп сақталады. Қыздар әжесіне көмектесіп, шағын бақшаны баптайды.

Күлән Ахметова, зайыбы:

Жерменен еңбекке баулу үшін осы кішкентай есік алдымызға бақша егеміз. Балаларға мына жерден қалай өнім алуға болады, соны үйретеміз. Қалай суарылады, қалай түптеу керек екенін, қалай шөбін жұлу керек екенін, соның бәрін көрсетіп отырамыз.

Еңбекке баулудың, дұрыс өмір сүрудің ең әдемі үлгісі осы болар. Өзің диванда күні бойы теледидар қарап жатып, балаға еңбек туралы айту қисынсыз, дейді отағасы. Немерелеріне де, ұлына да айтары бір ғана өсиет.

Серік Ахметов, Кендай Ахметовтің ұлы:

Біріншіден, еңбекқор бол дейді. Елді алдама, дейді. Бала кезімнен соны айтады. Егер соны орындасаң, ортаңа да сыйлы боласың, жұмысың да алға басады, деп айтады.

Қала ішіндегі зәулім, екі қабатты үй. Іші берекеге толы. Бірақ, «Аяз би әліңді біл», деген аңызды ұмытқан емес. 40 жыл бұрын 16 шаршы метр үйді қанағат еткен көңіл қазіргі күніне шүкір, дейді. Бақыттың кілті байлық пен мансапта емес, адал еңбек, асыл жар, ақылды балада.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу