
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы аптада теріскей өңірді тұтас аралап шықты. Үш облыс. Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан. Бұл үш аймақ еліміздегі негізгі астықты береді.
Қазір теңіздей тербелген сары далада мынадай комбайндар жүйіткіп жүр. Қостанайда 11 мың, Солтүстік Қазақстанда 9 мың комбайн бидайға орақ салған. «Түсім былтырғыдан кем болмайды»,- дейді диқандар.
Президент сапарының мақсаты - тек бидайды ғана көру емес, өңірлердегі өңдеуші-өндіруші сектордың да шамасын бағамдау. Қостанай мысалы мынадай «SsangYong Nomad», «Toyota Fortuner» көліктерін құрастырады.
Өткен 8 айда 700-ге тарта көлік құрап, сатып үлгеріпті. Бұрын мұндай зауыттарды тек шетелден көретін қазақстандықтар енді өзі жасаған көлікті де мінетін деңгейге жетті. Үш облыстағы егін науқаны мен қазіргі ахуал қандай?
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың егін орағы алдында теріскейдегі үш облысты аралап шығуы дәстүрге айналған. Елдің қамы ғой, әрине. Қостанай көктемде 4 миллион 800 мың гектар алқапқа дән еккен. Оның 3900 гектары – бидай. Мынау «Нұртоба» деп аталатын серіктестіктің жері, берекелі. Тербелген теңіздей егінге көп ұзамай орақ түседі.
Базыл Жақыпов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары:
Шілденің 12-сіне дейін жаңбыр жауған жоқ. Мамыр, маусым айлары өте құрғақ болды. Соған қарамастан, қазіргі орташа егіннің көлемі 8,3 центнерден шығып тұр. Қазір егінді бастаған оңтүстік аудандар - Амангелді, Арқалық, Наурызым, Жетіқара аудандары. Солтүстік аудандар жаңадан кірісіп жатыр. Енді биыл орташа есеппен алғанда 10,5-11 центнерден егін аламыз деп отырмыз.
Бұл көрсеткіш былтырғымен бірдей. Құнарлы, қара топырақты аймақта диқаншылықтың бір кемі бар. Егінді тәуекелмен салады. Суармалы жер жоқтың қасы, сондықтан, диқан біткен қыста қар, жазда жаңбыр тілейді Тәңірден. Қазір облыс сәбіз, қырыққабат, күнбағыс, қызылша секілді дақылдарды өзгеге сату түгілі өзін де қамти алмай отыр.
Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Негізгі себеп, ол әлі күнге суармалы алқаптың жоқтығы, суару тәсілінің дамымағаны. Суармалы жер саналатын 32 мың гектар жердің қазір бар болғаны 5,5 мың гектары ғана кәдеге жарап тұр.
Егін елдің берекесі ғой. Қазақтың мұнай мен газ, түсті металлдан кейінгі арқа сүйері. Сол берекені төкпей-шашпай жиып алу үшін 11 мыңнан аса комбайн дайындалған. Президент тағы да ескертті көрші нарық дайын өнімге ашық.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен жыл сайын, келген сайын айтамын. Өндірісті кеңейтіңдер, өңдеу саласын күшейтіңдер, азық-түлікке деген сұраныс көбейеді деп. Қазір Ресей нарығы азық-түлікті өз еліне кей мемлекеттен кіргізуге шектеу қойғаннан кейін дайын өнімді қажет қылып отыр. Мен үнемі айтып келемін, жақын тұрған нарық Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені үшін ең пайдалы, ең тиімдісі деп.
Қостанай ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру һәм өңдеуде ел бойынша бойынша үшінші. Кем-кетік те жоқ емес. Мысалы, Қарабалықта мемлекеттің жәрдемімен салынған құс фабрикасы қаңтарылып тұр, ие жоқ. Мемлекеттің басшысы мемлекет қаржы жұмсаған нысанға немкетті қарауға болмайтынын ескертті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл нені білдіреді, егер сол ақшаны өзге облысқа бергенде, ол құс фабрикасы жұмыс істеп тұратын еді. Сіздер облыстан республикаға ұсыныс жасап, ақша беріңдер, ақша бөлінсе, бізде барлығы керемет болады, дейсіздер.
Ақша бөлінеді, мемлекетте ондай ақшаның бары жақсы. Бірақ, ол ақша талан-таражға түседі, бұлай жұмыс істеуге болмайды. Әрбір нысан қаржы бөлінбей тұрып жан-жақты есептеуі тиіс.
Қостанай - қазақ астығының төрттен бірін беретін өңір. Егіннің шығымы бұл аймақ үшін өте маңызды. Сондықтан, бидай қалай болар екен деген сауал аймақта екінің бірін мазалап отырады. 40 жыл диқан болған Еңбек ері Сайран Бұқанов былай дейді.
Сайран Бұқанов, Қазақстанның Еңбек Ері:
Жақында біз 2000 гектар жерді жиып алдық, ең құнарлылығы төмен, құмайт жерді орып алып едік, қамырлылығы 30 пайыз болды. Бір литрдегі салмағы бидайдың 750 грамға дейін барды. Жаман емес, ары қарай да жаман болмайды. Бір қиыншылығы - көгі көп.
Көгі көп болғаны жаңбырдың кеш жауғаны. Егінмен ғана іс бітпейді, мал шаруасына да мықты қол керек, деді Президент. Әлсабыр ақсақалды Қостанай жақсы таниды. Еңбек ардагері. 58 жыл бойы «Соколов-Сарыбай» кен байыту комбинатында еңбек еткен. Шағын шаһар Рудныйда еңкейген кәрі де, еңбектеген бала да ардагерді құрмет тұтады.
Әлсабыр Дәрменбаев, «Соколов-Сарыбай» кен байыту комбинаты ардагерлер кеңесінің төрағасы:
91-ші жылдары комбинат кішкене ақсап қалған, әлгі тоқырау жылдары дейді ғой. Сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі инвестор тауып, сосын өзінің тікелей араласуымен комбинатты орнына келтірді. Қазір комбинат сол кездегі өндіріс көлемінен екі есе береді. Өркендеп келе жатыр.
«Соколов-Сарыбайға» биыл – 60 жыл. Президент Нұрсұлтан Назарбаев барды, көрді, көпшілікті құттықтады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл кәсіпорын қазыналы кенімен ғана емес, тағылымды тарихымен де баршамызға танымал. Экономикамыздың дамуына, өндірісіміздің өркендеуіне зор үлес қосып келе жатқан мекеме. Талай күрделі кезеңнен өткен кен байыту бірлестігі жаңарған Қазақстанмен қайта түледі. Бұл бірлестік еліміз ғана емес, әлем бойынша темір кенін өндіретін жетекші кәсіпорын саналады.
Бүгінде осы берекелі ұжымда 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Кен байыту кәсіпорыны әлеуметтік жобаларға да белсене атсалысып келеді. Баршаңызды «Соколов-Сарыбай» кен байыту өндірістік бірлестігінің 60 жылдың мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Қостанайдың ауыл шаруашылығы бір төбе. Өңдеуші өнеркәсібі де мықты дамып келе жатыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қостанайдағы ірі-ірі 2 зауытты аралады. Біріншісі - «ЕвразКаспиан-Сталь». «ЕвразКаспианСталь» ашылғалы әлі жыл толған жоқ. Бірақ мықты. Бір жылда 450 мың тонна арматура шығара алады.
Жұмысы жүйелі, саудасы ретті, технологиясы жаңа, мамандары бар. Сол мамандардың бірі - Аманжол Жакешов. Павлодардан келіп жұмыс істеп жатыр. Тәжірибесі мол азаматты зауыттың басшылығы арнайы алдырыпты.
Аманжол Жакешов, металл қақтаушы:
Қазір міне, жастар бар осында жүріп жатқан. Үйретіп жатырмыз. Олар да енді ертеңгі күні осы зауыта жұмыс істейтін жұмыскерлер, кеңесімізді беріп, тәжірибемізді бөлісіп, түгел үйретіп, күнделікті тәрбие жұмысымен айналысып жатырмыз.
Бұл зауыттың құны - 18 миллиард 575 миллион теңге. Соның 14 миллиард 860 мың теңгесін мемлекет көмектескен. Қазақстанның Даму банкі арқылы. Президент өндірісті көріп, нарық аумағын кеңейту туралы кеңес берді. Келесі зауыт – «СарыарқаАвтоПром». Бұл кәсіпорынды енді қазақтың қоғамы жақсы біледі. Индустриялық картаға енген көп ірінің бірі.
«Сарыарқа АвтоПром» өткен 8 айда ғана 662 дана көлік құрап сатыпты. Оңтүстіккореялық «SsangYong» маркалы көліктерін жинап бастаған бұл зауыт қазір Қазақстанның жолына қолайлы «SsangYong Nomad» атты көлік шығарып жатыр.
Сондай-ақ, әлемдік бренд «Toyota»-ның «Fortuner» түрін құрастырады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Toyota Fortuner» мен «SsangYong Nomadтың» жаңа көліктерін шығарып жатқан жұмыскер ұжымға сәттілік тілеп, қолтаңбасын қалдырды.
Өңдеуші, өндіруші секторды дамыту – Қазақстанның басты мұраты. Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл мұратты барған жердің барлығында да айтады. Тек айтып қана қоймай, нақты тапсырмалар мен ірі келісімдерге ұйытқы болып келеді. Қостанайдың көлік зауыты осындай тегеурінді талаптың жемісі.
«СарыарқаАвтоПром» бұған дейін «SsangYong», «Iveko», «Hyndai» маркаларын жинап келіп, енді «Toyota Fortuner»-ге ұмтылып отыр. Жаһанға танылған бұл көліктерді қазір қазақтың қарапайым жігіттері жинап жатыр. Ұланбек ұлы істің басы-қасында жүрген шеберлердің бірі.
Ұланбек Сәрсенов, жинақтау учаскесінің шебері:
Жұмысым өзіме ұнайды және мен өте қуаныштымын, осындай зауытта жұмыс істеп жатқаныма. Жастар көп, көбіне колледжден келіп жатқан. Жас маман аламыз, оларды қазіргі технологияға үйрету оңай, жеңіл.
Қостанайдың жағдайы осындай. Президент астығы жайқалған Ақмолаға да барды. Егістікті аралады, сапасын бағалады, міндеттерді саралады.
Көкшетауда теннис орталығы бар. Кешен ITF Халықаралық теннис федерациясының стандарттарына сай салынған. 3 жабық және 3 ашық корты бар. Президент Нұрсұлтан Назарбаев спорт нысанының инфрақұрылымын көрді.
Бұл нысанда әуесқойлар ғана емес, кәсіпқойлардың да облыстық, иә республикалық деңгейдегі жарыстарын өткізуге болады. Ал мынау - Достық үйі. Қасиетті Қазақстанда татулық атты ұғымды насихаттап отырған мекен. Татулықсыз тірліктің қату, түбі төбелесіп жату боларын жиһандағы зор текетірестер дәлелдеп-ақ отыр.
Президент облыстың этномәдени бірлестіктері төрағаларымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездесті. Мемлекет басшысы елімізде толеранттылық мәдениетін дамытуға назар аудара отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық тұрақтылықты нығайту ісіндегі елеулі рөлін атап өтті.
Енді Солтүстік Қазақстан облысы. Аумағы шағын болса да, астығы көп берекелі өңір. 5 жыл бойы 5 миллион тоннадан кем бидай жиып көрген жоқ. Биыл да бұл аймақтың бидайы қамбасына сыймай, төгілгелі тұр.
Енді диқан қауымның бар тілегі күн райы дұрыс болса екен. Теріскей облыс та тек дәнді емес, майлы дақылдарға мән беріп келеді. Президент мал өсіріп, ет экспортын арттыруды да тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен сіздерге бұрыннан айтып келемін. Кедендік одаққа кірдік. Ресеймен бірыңғай экономикалық кеңістік құрдық. Сондықтан, ет пен сүтті өңдеу туралы арнайы бағдарлама енгіздік. Оңтүстікте көкөніс өндіреді. Ал сіздер көктемде дән сеуіп, күзде орып аласыздар да, қыс бойы демаласыздар. Бұлай болмайды.
Етті молынан өндіріп, сатуымыз керек. Ол үшін мал санын көбейтіп жатырмыз. Қазіргі күні өңдейтін кәсіпорындар қуаттылығының тек 70 пайызы бойынша жұмыс істейді. Бұл істі тыңғылықты атқаруларыңыз қажет.
Солтүстік Қазақстан - шекарада отырған облыс. Ресеймен сауда-саттықты қыздыруға әлеуеті бар. Президент алқаптағы жиында өңірдің өзге ахуалын да сұрап білді. 120 мың тонна дақыл сиятын диірмен құрылысы аяқталуға таяу. Яғни, диқандар егінді төкпей-шашпай жиып алса, бүлдірмей сақтау мүмкіндігі мол. Егінді оруға мыңнан астам техника шыққан. Оның 2600-і өнімді комбайн.
Геннадий Зенченко, Қазақстанның Еңбек Ері:
Бізге мемлекет барлық жағдайды жасап берді. Техника сатып алу үшін, технологияларды енгізу үшін субсидиялар беріледі. Ал Елбасының біздің өңірге келуі мереке. Өйткені, ол әр келген сайын әрқашан жаңалық айтады.
Ал сол тапсырмаларды қаперіне алғандардың ісі әрқашан да өрге жүзері анық. Бізде ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді, мұның барлығы да мемлекеттік қолдаудың арқасы.
Диқандар қауым негізі арық айтып, семіз шыққанды жөн көреді. Өйткені, солтүстіктің күн райы құбылмалы. Алқаптағы әңгіме кезінде ауа райы дәл осындай Канадада гектарынан 20-25 центнер астық жиналатыны, ал бізде астықтың орташа шығымы 15 центнерден аспайтыны да айтылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев аграршыларды озық технологиялар мен жұмыстың заманауи тәсілдерін белсене қолдануға шақырды.
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ
Сағындық САБИТҰЛЫ
