Қаржы мен мүлікті заңдастыру науқаны басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаржы мен мүлікті заңдастыру науқаны басталды

07.09.2014
Қаржы мен мүлікті заңдастыру науқаны басталды

Осы аптада елдің экономикалық әлеуетін еселейтін қаржы мен мүлікті заңдастыру науқаны басталды. Қай әкімдікке барсаңыз да, көз шалған шығар, ағылған азамат. Құшаққа құжат жиып, мүлікті заңдастырсам, деп жүр. Себебі, осыған дейін 2 рет өткен жария ету науқанын өткізіп алған көп ағайын бұл жолғы мүмкіндікті жібергісі жоқ.

Әлемде  қолда бар құнды заттардың есеп-қисабы жиі жасалады. Алғаш АҚШ-та өткен. Жалпы, әлемдік тәжірибеде ең сәтті заңдастыру науқаны 2006 жылы Италияда тіркеліпті. Мемлекетке тек салық ретінде 25 миллиард еуро түскен.

Ал, Грузиядағы шара керісінше нәтижесіз өткен. Бар-жоғы 8-ақ адам құжат тапсырып, небәрі 35 мың АҚШ доллары жарияланған. Ал біздегі үшінші заңдастыруда тасада жатқан қанша теңге елге оралады?

Ақша мен мүлікті заңдастыру акциясының алғашқы күнінде Астана қаласының әкімдігіне 150-ге жуық адам келген. Ал Ақтөбе облысының 70-тен аса тұрғыны өз дүниесін заңдастыруға ниетті болса, Ақмола облысында 21 адам өтініш білдірген.   

Рақымшылықты расында көп адам көптен күтті. Мәселен, Астанадағы «Алматы» дейтін ауданды білерсіз. Аумағы, тұрғын саны жөнінен ең үлкені. Содан шығар, қолындағы құнды заттарды заңдастырамын деп келген тұрғын көп мұнда.

Тек алғашқы үш күннің өзінде 230 адам өтініш қалдырған. Оның 50-дейі салған үйлерінің құрылыс ережелерінің сәйкестігін анықтау мақсатында жиып келген құжаттарын комиссияға жіберді.

Әлия Шәкірованың әпкесі 2006 жылы үй алады. Бірақ, тиісті құжаттарды рәсімдей алмайды. Машақаты көп болған. Сол жолғы заңдастырудан да кешігіп, сан соғып қалады. Сөйтіп, сегіз жылдан бері үйін заңдастыра алмай келеді.

Әлия Шәкірова, қала тұрғыны:

2012 жылы осы құжаттарды архитектураға тапсырып көргенмін, маған құжаттарыңыз дұрыс емес, үйіңіздің сыртқы бейнесі дұрыс емес деп, құжатты рәсімдеген жоқ. Енді осыдан кейін осы жекешелендіру бізге үлкен мүмкіндік беріп тұр. Өте  қуаныштымын. Мен қыркүйек айын ерекше күттім.

Елеулі экономикалық акция бізге не үшін керек? Әуелі, қазір әлемдік экономикалық дағдарыстың кесірінен шетелдік инвестициялар қысқарды. Банктерден экономикаға несие беру төмендеді.

Сондықтан, заңдастыру – бюджеттің бүйірін, ал қалталылардың теңгелерін тасадан шығару үшін қажет. Өйткені, көлеңкеде жатқан қаражат көп. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, бізде 2012 жылы көлеңкелі экономиканың үлесі - жалпы ішкі өнімнің 19 пайызына жуық.

Нұрбек Рысдәулет, экономист-сарапшы:

Бұл шамамен 40 миллиард еуроны құрайды. 40 миллиард еуро бізде көлеңкеде тұрса, бұл мемлекет қосымша осыншама ақша өз пайдасына алмады деген сөз.

Биыл үшінші, бұған дейін егемен ел ретінде екі рет жария ету науқанын еңсердік. Нәтижесін салмақтайық.

Әсем Изатқызы, тілші:

Ең бірінші рет 2001 жылы өтті. Жария ету науқаны 14-шілдеден 14 тамыз аралығында ұйымдастырылды. Бір айға созылды. Онда қазақстандықтардың қаржысы ғана заңдастырылды. Амнистия нәтижесінде, сол жылы 3 мыңға жуық азамат 480 миллион долларын жария етті.

Тарихтағы екінші жария ету 2006-2007 жылдары өткізілді. Ол кезде тек ақша ғана емес, жылжымалы және жылжымайтын мүлік те жатқызылды. Сондықтан, созылмалы сипатта болды. Әуелгісінен ерекшелігі сол, азаматтар заңдастырылған мүліктің құнынан 10 пайыз мөлшерінде салық төледі.

Нәтижесінде, 845 миллиард теңге, яғни 7 миллиард долларға жуық дүние-мүлік заңдастырылды. Оның ішінде, ақшалай сома – 538 миллиард теңге, ал жылжымайтын мүлік 236 миллиард теңге. Алымнан шамамен 60 миллиард теңге ел қазынасына түсті.  

Ал, бұл жолғы қаражат пен мүлікті тіркеуден түсетін табысты ел экономистері есептеп те қойды. 12 миллиард доллар. Биылғы жария ету науқанының алдыңғы екеуінен ерекшелігі көп.  Біріншіден, заңдастырған ақшаңызды жинақ шоттарында 5 жыл ұстауға болады, одан нарықтық мөлшерлемемен сыйақы алып тұрасыз.

Ал егер  ақшаңызды мерзімінен бұрын пайдаланғыңыз келсе, оған мемлекеттік бағалы қағаздар және «Халықтық IPO» бағдарламасының акцияларын сатып алу арқылы экономиканы инвестициялауға болады.

Үшіншіден, жария етілген ақшаға жекешелендірудің екінші толқынына қатысатын нысандарды сатып алуға құқыңыз бар.

Ардақ Теңгебаев, ҚР Қаржы вице-министрі:

Егер ақшаны жария ететін азамат жоғарыда аталған инвестициялау тетіктерін пайдаланғысы келмесе, ол бюджетке жария етілетін ақшаның 10 пайызын төлей отырып, өз ақшасын қалауынша жұмсай алады.

Мәселен, сіздің шетел банкінің бірінде 100 мың долларыңыз бар делік. Көп көк қағаз кезінде қандай да бір жолмен қолыңызға түсті. Енді елге әкеле алмай жүрсіз. Өйткені, сұрауы болады. Ал жемісі мол болады деп жоспарланған жария етудің жеңілдігі сол, қомақты қаражатыңызды оп-оңай жария ете аласыз.

Ол үшін сізден ақшаның қалай келгенін ешкім де сұрамайды. Тиісінше, әкімшілік және тәртіптік жазалардан босатыласыз.

Бақытжан Әбдірайым, ҚР Әділет министрінің орынбасары:

Жылжымайтын мүлік бойынша сотта немесе басқа да құқық қорғау органдарында даулар, шағымдар жүргізіліп жатса, ондай нысан жария етуге жатпайды. Сонымен қатар, банктен алынған несиелер де қаражатты заңдастыру рәсіміне сәйкес келмейді.

Ақшаны екі түрлі тәсілмен заңдастыра аласыз. Елдегі екінші деңгейдегі банктердің шоттарына аударыңыз немесе «Қазпоштаның» көмегіне жүгіне аласыз. 

Жалпы, жария ету науқанын жаһан жұрты да жиі жасап тұрады. Көлеңкелі экономиканы ауыздықтау үшін. Өйткені, бұл бізге ғана емес, әлемге ортақ мәселе. Сондықтан, жария ету әлем экономикасына да таңсық термин емес. Әлбетте, әр елдің жүзеге асыру тетіктері түрлі болғанымен, діттегені бір.

Мәселен, заңдастыру АҚШ тарихында 1982 жылдан бері бар. Бүгінге дейін 62 рет өткізілді. Ал Үндістанда 5 рет, Португалияда 4 мәрте, Франция, Австрия және Ирландияда 2 рет жүргізілді.

2017 жылы  жалпыға ортақ декларация тапсыру енгізіледі бізде. Ол кезде ешкімге де рақымшылық болмайды. Сол себепті мүмкіндікті пайдаланып, мүлкіңізді заңдастыруға асыққан жөн!

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу