Айыртау ауданында сүт өнімдерін өңдейтін цехтың жұмысы қайта жанданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Айыртау ауданында сүт өнімдерін өңдейтін цехтың жұмысы қайта жанданды

31.08.2014
Айыртау ауданында сүт өнімдерін өңдейтін цехтың жұмысы қайта жанданды

Айыртаулықтар Конституция күнін айрықша жаңалықпен қарсы алды. Ауданда сүт өнімдерін өңдейтін цехтың жұмысы қайта жанданды. 2007 жылы ашылып, кейін қаржы дағдарысына байланысты тұралап қалған цехты қалыпқа келтіру үшін бизнес пен билік бірлесіп әрекет еткен.

Асен Жақсылықов, «Қалалық сүт зауыты» ЖШС директоры:

Біз Аграрлық несие корпорациясымен шағын цехты жалға алу туралы келісім жасадық және өзімізде бұл нысанға 4 миллион теңге инвестиция салдық. Ісіміз алға басса, барлық шығынды бір жылда ақтап аламыз деген үміт бар.

Жалпы, теріскейде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін нысандарға тек биылдың өзінде 4 миллиард теңге үлестірілген. Ал Аграрлық несие корпорациясы Айыртаудағы кәсіптің өрісін кеңейту үшін 6 пайыздық өсіммен 31 миллион теңге қаржы бөлген болатын.

Серік Ахметбеков, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ СҚО бойынша филиал директоры:

Бүгінде 13 жаңа жұмыс орны ашылады. Өнім түрлерін көбейтетін желі кеңейтіліп, 12 түрлі дайын өнім шығарғалы отырмыз. Яғни, айран, сүт, қаймақ, йогурттан тартып, басқа да өнімдер шығарамыз. Цех жұмысының жандануына Аграрлық несие корпорациясы көп қолғабыс жасады.

Екі қолға бір күрек тапқан ауыл тұрғындары осыдан былай баққан малының сүтін қалаға тасып сабылмайды. Іргелерінде тұрған шағын өндіріске өткізеді. Ал жаңа цех болса бір ауысымда 2 тоннаға дейін сүт өңдей алады.

Ағзам Тастеміров, Айыртау ауданының әкімі:

Мына цех өзі жұмыс істеп, 4 тоннадай сүт өнімін өңдесе, сүтті халықтан сатып алады. Ал, екінші әсері халық өзінің сүтін өзі сатып, пайда көреді. Бүгінгі уақытта біздің ауданда 23 тоннадай сүт жиналады. Соның 4 тоннасы осында келейін деп отыр.

Айыртауда өңделетін сүтті аудан тұрғындары ғана тұтынбайды. Келешекте шағын цехтың қуатын арттыруды жоспарлаған өндірістегілер дайын өнімді Қызылжар мен Көкшетауға дейін жеткізбек.

Зарина Жақсылықова, сүт өңдеу цехының технологы:

Ашылғанымызға екі-ақ күн болды. Алғашқы күні бір тонна сүт өңдеп, ірімшік және басқа да өнімдер шығардық. Ең бастысы, біз әзірлейтін өнімдердің сапасы өте жоғары. Өйткені, құрал-жабдықтарымыздың барлығы заманауи болғандықтан, еуропалық стандарттан бір мысқал да кем емес.

 

Бұған дейін «Сыбаға» бағдарламасымен айналысып келген Аграрлық несие корпорациясы күні кешеге дейін еліміз бойынша 147 ауылдық тұтыну кооперативтеріне 11 миллиард теңге несие берген.

Осылайша, жекенің мал басын асылдандырып, шағын өндірістерді жолға қойып келе жатқан мекеме биылдан бастап, қой шаруашылығын дамыту үшін «Алтын асық», ал жылқы төлін өсіремін деушілерге «Құлан» деп аталатын жаңа бағдарламаларды да ұсынып отыр.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу