Астана талай жанға бақыттың мекені болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана талай жанға бақыттың мекені болды

06.07.2014
Астана талай жанға бақыттың мекені болды

Астана  талай жанға бақыттың мекені болды. Бағаналы орда - басты орда болды. Дамуы шалқар шабыт сыйлаған осы бір шырайлы шаһарда талай жас танысты, табысты. Отау тікті, тамырларын қарағайдай тереңге жіберді. Талай отбасы қиырдан көшіп келді. Берекелі кәсіп тауып, еңселі шаһардың  есейіп көркеюіне куәгер болды.

Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміздің тағдыры әр алуан. Бірі атажұртын аңсап жетіп, Астанада өсіп-өнбекке бел буған жас отбасы. Енді бірі – дәл бүгін отбасының ортасында туған күнін тойлап жатқан бүлдіршін. Енді бірі өнерімен өзгелерді тәнті қылған, қазақтың тіліне зор құрметпен қараған өзге ұлттың өкілі. Үш кейіпкер де бүгінде сүйікті Астанамыздың бақытты тұрғындары.  

Ата қонысты аңсап жеткен - Нұрлан Бұлғынхан. Аласұрған көңіл, лүпілдеген жүрек, сағыныш қандасты атамекенмен қауыштырды. Қиялы жүйрік,  қолы шебер жігіт Астанада тұрады. Жеке кәсібі бар. Берекелі.

Сурет өнері. Оның айналасын әшекейлеу, сұрай келгендерге талғамға сай жиектеме жасап беру - Нұрланның негізгі кәсібі. Алматыда оқып-тоқыған жігіт Астанаға арнайы келіпті, ұрпағым осында өнсін деп, игілікті көрсін деп.

Нұрлан Бұлғынхан, Астана қаласының тұрғыны:

Астана жастардың қаласы. Бүкіл жас отбасылардың бәрі осында келіп, Астанамен бірге жарқырап, гүлденіп келе жатыр. Астана еліміздің, қазағымыздың Астанасы болғандықтан, мұнда жастар көп келіп жатыр. Мүмкіншіліктер өте көп. Қандай бір іс бастасаң да, кәсіп ашсаң да. Соған бір кішкене болса да үлесімді қосып, халқыма қызмет көрсеткім келді аз болса да.

Еңбек - менен, нығмет - Алладан дейтін Нұрлан жұмыстан соң, үйге асығады. Қайырлы кәсібі, берекелі отбасы бар, бақ бар ма бұдан артық?! Жарының шәйін ішіп, ақылдасады, ақылға ақыл қосады. Жұбайы Бұлбұл - ұстаз.

Бұлбұл Нәбиханқызы, жұбайы:

Астана арман қуып келген жастардың жиналған ортасы болғандықтан, өзіміздің де кішігірім үлесімізді қосайық деп келдік. Болашақта Астананы гүлденген, әдемі, 50 елдің алдыңғы қатарындағы Қазақстанның үлкен, әсем астанасы болады деп ойлаймын. Астана жаңадан өркендеп, өсіп келе жатыр. Тек осылай гүлденіп, әдемі болып, керемет қалаға айналсын демекпін.  

Ал, мына шаңырақта бүгін - үлкен шаттық. Ата-әжесінің еркесі Аяла сегіз жасқа толды. Балғын қыз дәл 6-шы шілде күні дүниеге келген. Демек, отбасында бүгін үш бірдей қуаныш.

Қанат Бейсенбайқызы, Аяланың әжесі:

6-шы шілде біз үшін өте бір ерекше күн.  Себебі, бүгін Елбасымыз Нұрағамыздың туған күні, өзіміздің Аяламыздың туған күні, Астананың туған күні. Оның барлығы тегін емес деп ойлаймыз біз. Осындай жағдай жасап жатқан Президентіміз - Нұрағамызға рахмет. Астанамыз, Аяламыз көркейе берсін. Жас қала мен жас бала өсе берсін. 

Жайнаған дастарқан. Дәмді торт. Қаумалаған достары. Үлкендер жағы лебізден ақжарма тілектен ағытса, бала шіркін тәтті жеп мәз. Ал, Аяла өзінің емес, Астананың туған күніне, Елбасыға арнап күйден тарту жасады. Аяла күй тартқанда қасында анасы Майра қобалжып отыр.

Майра Бейісова, Аяланың анасы:

Аяланы дәл осы күні босанамын деп ойлаған жоқпын, жоспарлаған да жоқпыз. Қызымды керісінше, 2 апта жүріп барып босандым. Аяла ең алғашқы, тұңғыш баламыз болғандықтан, барлығымыз қатты қуандық. Оның үстіне Аяла – Бейісовтер отбасындағы тұңғыш қыз бала, оның алдында кіл ұлдар келген дүниеге. Сондықтан, өте қатты қуанышты сезімде болдық.

Елорда мектептерінің бірінде білім алатын Аяла сабақты үздік оқиды екен. Домбыра тартады, өлең оқиды, белсенді.

Аяла Дарханқызы, оқушы:

Отанымның төрінде ,

Сарыарқаның өрінде,

Ту ұстаған Астанам,

Әсем қалам, бас қалам!

Гиппократ антына адал болсам, халықтың алғысын арқаласам дейтін бұл бойжеткен - Лариса Огай. Астанамен түйдей құрдас. Тілге деген, елге деген құрметі ерекше. Корейдің қызы деп айтпайсыз, төгіліп тұр.

Лариса Огай, Астананың құрдасы:

Мен Астана құрылған жылда туғаныма өте қуаныштымын. Себебі, мен көркем Астанамен бірге өсіп, дамып, көркейіп жатырмын. Маған Астана өте ұнайды. Себебі, ол әлемдегі барлық астаналардан көркем, әрі әдемі болып келеді. 

Астана тойы басталғанша, Ларисада дегбір жоқ. Бейнебір жан құрбысының мерекесіндей. Бүгін ол жылдағыдай құрбыларын ертіп, елордадағы мерекелік шараларды көруге шықты. Құрдасын құттықтады.

Бүгінгі кейіпкерлерді бір-ақ нәрсе біріктіреді. Елордаға деген махаббат. Олар үшін Қазақстандай ел жоқ, Астанадай жер жоқ өйткені.

Мейіржан ӘЛІБЕК

Хабарламаларға жазылу