Елбасы облыстарды аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы облыстарды аралады

29.06.2014
Елбасы облыстарды аралады
 
1843 жылы Аңырақай шайқасында бытырап жатқан қалың қолды біріктіріп, жоңғарларды жер жастандырған Әбілқайыр хан еді. Осы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сол баһадүрдің табаны тиген жер, ақ сауытын киген жер - Ақтөбе облысына барды.
 
Бұл облыс жер көлемі жағынан елде екінші орында. Ірі. Қарқынды дамып жатқан өңірдің бірі. Индустриалды аймақ. Минералды шикізатқа бай. Никель, титан дейсіз бе, фосфор керек пе, осы аймақта. Қызылорда күріштің, Атырау мұнайдың астанасы болса, Ақтөбе - хромның астанасы. 400 миллион тонна көлемінде хром рудасының қоры бар облыс әлемде алғашқы орынды бермей тұр.
 
Аймақтың ахуалымен танысқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дегенмен Ақтөбенің кереметімен қоса кемшіліктерін де байқады. Сүйіншілеп ашылып, көп ұзамай жабылып қалған өндіріс орындары. Тоқтап тұр. Немесе толық қуатында жұмыс істемейді.
 
Сондай-ақ, шалғайда шаршаңқы жатқан ауыл-аудандардың ахуалы да тасада қалған. Тұрғын үй қорын жаңғырту жұмысы жүргізілмеген, апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептер әлі де бар. Архимед Мұхамбетов «кемшіліктерді түзейміз», деп сөз берді. Ақтөбеден шығып, Н.Назарбаев Шығыс Қазақстан облысына барды.
 
Құрамы көмірсутекке бай феррохром экспорты 16 пайызға артады. Ал, Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш шамамен 40 пайызға ұлғаяды. «Қазхром» трансұлттық компаниясы күрделі инновациялық жобаны таныстырды. Қуатты ферроқорытпа зауытында апта басында Елбасы болып, жаңа өндірістің балқыту пешін іске қосты.
 
Зауыттың жаңашылдығы сол, бүтіндей металлургия саласындағы кейбір түсініктерді ескіртті. Мысалы, қорытпа балқытушы бұрынғыдай қара жұмысшы емес. Жаңа технологияны басқара алатын білікті маман. Өйткені, өндірістің өзі батыл инновациялық шешім.
 
Ержан Абдулабеков, зауыттың бас технологы:
Бүкіл әлемде қуаты мұндай пеш жоқ. Ең жақын балама Оңтүстік Африкада. Бірақ онда пеш қуаты -  60 МГВ. Бізде төрт пештің әрқайсысы  - 72 МГВ.
 
Бұрын зауытта 16 пеш   300 мың тонна қорытпа құятын. Жаңа буынның төрт пеші 440 мың тонна шикізат қорытады. Өнімділік бірден төрт есеге артты. Президент технологиялық жеңіске жеткен ұжымның   жұмысшыларына алғысын айтты.
  
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ең үлкен екінші зауыт салынды. Бұрынғы келе жатқан ферроқорытпа зауытының ауқымы қазір жаңа зауыттан кем. Бұл ауаны таза қылатын зауыт. Бұл жермен «Батыс Еуропа - Бытыс Қытай» жолы өтеді. Сайын далада талай халыққа жұмыс беріп отыр.
 
Металлургтер секілді шикізат балқытпағанымен, мына спортшы жастар да зауыт жұмысшыларынан кем тер төгіп жүрген жоқ. Бұл өрендер - болашақ Олимпиада чемпиондары. Ақтөбедегі «Достық»   деп аталатын орталықта   епті әрі шапшаң   жүзетін жас атлеттер чемпиондармен бірге сайыстарға шынығып   жүр. 
 
Нысан халықаралық додаларды өткізу үшін арнайы тұрғызылған. 50 метрлік бассейні, арнайы гимнастика бөлмелері, жуынатын орындары бар. Мемлекет басшысы мұнда спортшы жастармен һәм тәжірибелі жаттықтырушылармен кездесті. 
 
Александр Тарабрин, суға жүзуден Азия чемпионы:
Мұнда тіпті Олимпиада ойындары секілді салмақты сайыстарды ұялмай ұйымдастыруға болады. Барлық жағдай жасалған. Бұл - Қазақстандағы суы еркін жалғыз ғана бассейн.
 
Елімізде денсаулықты оңалту орталықтарын мемлекет қаражатына емес, жеке инвестицияға да салуға болады. Сондай үлгі боларлық емдеу орындарының бірі Ақтөбеде ашылды.
 
Елбасы барған «Дару» клиникасы - мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігінің аясында ашылған бірегей нысан. Бірегей болатыны, кейбір емханалар емдеуге батылы бара бармейтін науқас түрлерін қабылдайды, оларға мамандандырылған көмек көрсетеді. Өйткені, мұндағыдай қондырғылар елдегі көп емханада жоқ.
 
Сембай Дильман, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі:
Бұл - керемет сауықтыру орны.
 
Мұнда емделіп жатқан науқастардың бірі 94 жастағы кейуана кезінде Мемлекет басшысымен көрші тұрған.  Аймақтағы мемлекеттік маңызы бар жоба – «Жаңажол» газ өңдеу зауыты қуатының ұлғаюы. 
 
«Ақтөбемұнайгаз» деп аталатын Қытаймен бірлескен компания зауыт құрылысының екінші кезеңін іске қосты. Жобаға 750 миллион АҚШ доллары жұмсалды. Өндіріс «Бейнеу–Бозой-Шымкент» газ құбыры арқылы оңтүстік өңірлерге арзан ілеспе газ жеткізеді.
 
Ақтөбе – ірі индустриалды өңір. Мұнда аймақтық ішкі жалпы өнім көлемі өткен жылы 2 триллионға жуықтады. Өндірістік өнім соңғы үш жылда бір жарым есе өсті. Өңірге тартылған инвестиция 1,3 триллион теңгені құрады. 
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Аймақта индустриаландыру картасы аясында құны 577 миллиард теңге болатын   78 жоба іске қосылды. Бюджет түсімдері бір жарым есеге өсті. Қазір 615 миллиард теңгені құрап отыр. Мұндай көрсеткіштер туралы біз тіпті армандай алмайтын едік.
 
Алайда аймақта индустриялық картаға енген 11 жоба әлі толық қуатына көшкен жоқ. Президент ел үшін ең маңызды жоспардың шала орындалуын сынға алды.
 
Аймақтың азық-түлік өндіру әлеуеті де жоғары. Бірақ өткен жылы облыс 800  миллион доллардың азығын шеттен сатып әкелген. Дәлірек, Ресейден. Өңір ішкі мүмкіндікті пайдала алмай отыр.
 
Әлеуметтік саланың де кем-кетігі жоқ емес. Орталықта құлағалы тұрған, әлі де үш ауысымда бала оқытып жатқан мектептер бар. Президенттің назарын аударғаны алыс аудандар мен   ауылдардағы   ахуалының тасада қалғаны. Сондықтан, көмекті орталыққа ғана үйіп-төге бермей, ресурстарды, қаражатты сауатты түрде бөлуге тапсырма берді.
 
Президент аймаққа сапарында кәсіпкерлерді де текке жинаған жоқ. Оларға мемлекет бизнесті қолдау үшін жасаған артықшылықтардың барлығын асықпай баяндап берді. Жаһандық экономиканың дамуында тұрақсыздықтың барын, сондықтан әр аймақтың жекелей алғанда дағдарыстан қалқаны тек мықты бизнесі мен өндірісі екенін айтты.
 
Исламбек Салжанов, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы:
Өңірде кәсіпкерлердің клубы құрылып жатыр.
 
Есімхан Есенбаев, «Ғасыр Нұры» қоғамдық қорының директоры:
Кезінде   өсе бер, өркендей бер   құтты мекен Ақтөбе деп едіңіз. Осы тілекті сіз болашақты болжай айттыңыз.
 
Президент сондай-ақ, «Нұр-Ақтөбе» тұрғын үй массивін де аралап көрді. Бұл кешенде өткен жылы 21 үй пайдалануға берілді. Биыл тағы төрт үй тұрғындарға тапсырылуы керек еді. Бірақ құрылыстың бұдан былай қалай жалғасары белгісіз. Өйткені, ситидің бас жоспары Елбасының көңілінен шықпады. Өте сұрқай ауданның құрылысы қайта қаралады. Енді келбеті өзгеруі мүмкін.
 
Ақтөбенің елдегі ірі алгомерациялық орталыққа айналуына алғышарттар бар.   Шешуші экономикалық көрсеткіштер батыстағы бұл аймақтың тұрақты дамып келе жатқанын айғақтайды. 
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әкім жақсы жұмыс жасап жатыр. Ол жас және ойлана білетін адам. Сондықтан, мен оған сенім арттым. Ал, менің саясатымды қолдап жүрген Ақтөбе халқына жақсы жұмыс істеу керек. Ризамын халыққа.
 
Ақтөбеден кейін Елбасы Шығыс өңірге аялдады. Шығыс Қазақстанда жалпы құны 201 миллиард теңге болатын 37 жоба жүзеге асқан.
 
Жаңадан 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Президент Өскеменде технологиялық жабдықтар зауытында болды. Кәсіпорында жылу-электр орталықтарына арналған электрлі сүзгілер мен өзге де технологиялық жабдықтар жасалады. Жобаның құны 2,5 миллиард теңгеден асады. Елімізде мұндай кесіпорынға әзірге балама жоқ.
 
Президент аралап көрген тағы бір нысан - құс етін терең өңдеп, шұжық жасайтын зауыт. Кәсіпорын бір тәулікте 40 тонна тауық етінен шұжықтар мен дәмі тіл ұшын үйіретін деликатестердің 150-ге жуық түрін шығара алады.
 
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған спорттық нысандарды аралады. Олардың қатарында жекпе-жек сарайы, жеңіл атлетика манежі және жабық жүзу бассейні бар. Жеңіл атлетика манежіне олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың есімі берілген. Спортшы бұл нысанды Елбасына өзі таныстырды.
 
Ольга Рыпакова, Олимпиада чемпионы:
Жеңіл атлетика манежі халықаралық талаптарға сай етіп салынған. Бұл жерде жаттығу үшін барлық жағдай жасалған. Әлемдік деңгейдегі жарыстарды да өткізуге болады. Бүгінде мұнда 300-ден астам бала спортпен шұғылданып жүр.
 
Жалпы, аймақта атқарылып жатқан шаруаға Президент оң бағасын берді.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Облыста ғылым, жаңа технология, әлеуметтік салада көп жұмыстар атқарылып жатыр. Спорт кешендері іске қосылған. Соның барлығы халық жасап жатқан жақсылық болып саналады.
 
Шығыс өңірінде қазір халықтың үштен бірі кәсіпкерлікпен айналысады. Бірақ, кейбір аудандардағы көрсеткіштер әлсіз. Мемлекеттік бағдарлама аясында несие алып, өз кәсібін бастағандар некен-саяқ. Бұл ретте Президент аудан, ауыл әкімдерінің ұйымдастырушылық қабілеті жоғары болуы тиіс, деді.
 
Нұрбол Нұрғалиев, Аягөз ауданының әкімі:
Үкімет тарапынан бизнесті, әлеуметтік саланы дамыту үшін көрсетілетін барлық қолдауды халыққа жеткізіп, түсіндіру қажет,- деген үлкен тапсырма алып отырмыз.
 
Шығыс Қазақстанда түсті металл өндірісі дамыған. Еліміздегі алынатын титан, магний, тантал түгелімен, ал мырыштың 90 пайызы осы аймақтың үлесіне келеді. Елбасы өңірдегі металлургиялық кешен басшыларына геологиялық барлау жұмыстарын жандыруға тапсырма берді.
 
Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу