Астана – армандар ақиқатқа айналатын қала - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана – армандар ақиқатқа айналатын қала

29.06.2014
Астана – армандар ақиқатқа айналатын қала
Жалпы, тарихқа үңілсек, қазақтың төрт құбыласындай болған төрт астананың мемлекеттің мемлекет болып, ұлттың ұлт болып қалыптасуында алар орны ерекше. Олар: Ресей жеріндегі Орынбор, Сыр бойындағы Ақмешіт, Алатау баурайындағы Алматы және Сарыарқа төсіндегі Астана. Қай-қайсысы да қазақ үшін құтты, құйқалы, берекелі.
 
Алайда, Астананың жөні бөлек, жолы басқа. Мұны азат қазақ сайын далаға қазық қағып, өз қолымен тұрғызды. Бүгінде бар қазақ үшін бас қала. Бағаналы орда басты ордам, Арқада менің астанам, деп білетін әрбір адамды жатырқамайтын, жас қала.
 
«Аpta.kz»-тің бүгінгі кейіпкерлері үш буынның өкілдері. Бірі - Астананың алып құрылысына атсалысқан атпал азамат, екіншісі  - елорданы екінші отаны санайтын шетелдік дипломат, үшіншісі – Астананың төл құрдасы.
 
Қағаздан құрастырылған шағын пішінді үйлер шындыққа айналды. Еңселі үй бой көтерді, ертегі демей көріңіз. Тұрғызған мына кісі. Құрылысшы – Серік Ахметұлы. 
 
Серік Ахметұлы, құрылысшы, бас инженер:
Мынау бірінші үйлер. Проблемалы үй болды ғой. Елбасының арқасында, соны бітірдік. Қазір адамдар тұрып жатыр.
 
Тас қалауда талантты Серік Астанаға астана болмай тұрып келіпті. 1993 жылы. Ол кезде шашты қырау шалмаған, қырықтағы қылшылдап тұрған жігіт. Астана оның көз алдында көркейді. Қатардағы құрылысшы болып келген Секең талай сәулетті ғимаратты салды. Астана да өсті, қарапайым құрылысшы да өсті. Қазір білдей құрылыс компаниясының бас инженері.
 
Серік Ахметұлы, құрылысшы, бас инженер:
Астана кішкентай қала - Ақмола болды ғой. Енді жиырма жылдың ішінде Астана көркейіп өсіп жатыр. Бұрын сол жағалау деген болған жоқ. Осы қысқа уақытта құрылыс жүріп жатыр. Қазір Астана үлкен қала болды. Бүкіл халықтың мақтанышына айналды.  
 
Астана Серік Ахметұлының жолын ашты. Бала кезде қағазға салған суреттерін елордаға келіп, ақиқатқа айналдырды. Талай шәкірттің талабын шыңдады. Қазір шәкірт құрылысшылар да Астана дамуына үлес қосып жүр.
 
Хамит Төреқұлов, жас құрылысшы:
Астананы болашақтың қаласы ретінде елестетемін. Астанамыз Құдайға шүкір, күннен күнге көркейіп жатыр. Әлемдік астаналардың қатарынан қалып келе жатқан жоқ. Жас, көркейіп келе жатқан қалалардың Алпамысы деп атай аламын. Менің арманым – сапалы, әсем ғимараттар салу.
 
Елорда десе, көңілі ерек - Ибрахим Йылдырым. «Астана - Анкарадан кейінгі махаббатым» деп қояды марқайып. Отбасымен көрікті қаланың көркем жерлерімен серуен құру - оның күнделікті дағдысы. Он алты жыл болды Қазақстанда тұрады, астанасын өзге шаһарға айырбастағысы жоқ.
 
Ибрахим Йылдырым, Астанадағы Түркия Республикасы Елшілігі жанындағы Юнус Эмре институтының директоры:
Астананың 16 жыл бұрынғы суреттерін көрдім. Таңғаламын. Осындай далада осындай қала салынғанына ешкім сенбес, деп ойлаймын. Өзім де сол жылдары келгенде тек Бейбітшілік сарайы бар еді. Қалай өскені, қалай дамығаны көз алдымда. Жүйесі бар, сол бағдарламаға сай шаһар керемет дамып жатыр. Қаланың атмосферасы өте мәдени, интеллектуал.
 
Ибрахим Йылдырым - дипломат, ғалым һәм оқытушы. Қазақ тілін үйренсем деген түрік азаматтарына тіл сындыртып, қазақтың мәдениетімен таныстырып жүр. Уақыт тапса, кітаппен дос. Қазір қолында асқақ Астананы тұрғызған Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабы. «Магнитка - алтын бесігім».  
 
Ибрахим Йылдырым, Астанандағы Түркия Республикасы Елшілігі жанындағы Юнус Эмре институтының директоры:
Дүниенің астаналарындағы ең үлкен мәселе – адамдардың жоспардан тыс келіп, үй салып алуы. Түркияда да жалпы дүниежүзінде де үлкен проблема. Бірақ Құдайға шүкір, қазір Астанада мұндай қауіпті мәселе жоқ. Қазір 16-шы жыл. 16 жылда тамаша қала пайда болды. Достарымыз келгенде қаланы аралатып, қыдыртып, көрсетеміз. Үш-төрт жылдың ішінде салынған ғимараттары бар және өте сапалы салынған.
 
Бақыт мекенін тапқан Ибрахим Йылдырымның қоныс жаңарту ойында жоқ, өйткені, Астана - ол үшін сүйікті қала.
 
Бұл – журналист болуды мұрат қылған Мұратқызы Динара. Астанамен мұңдас, сырлас, себебі түйдес құрдас. Елордамен бірге есейіп келе жатқан біздің болашақ әріптес камераның алдында еш қобалжымады.
 
Динара Мұратқызы, Астананың құрдасы:
Мен Астананың құрдасы болғанымды ерекше мақтан тұтамын. Өйткені, мен осы Астананың дамып-жетілуін көріп, куәгер болып жүрмін. Яғни, Астана күнде өзгерісте. Дамып, жаңа зәулім үйлер салынып жатыр. Жаңа белестер бағындырылып жатыр. Сол секілді мен де Астанамен бірге өсіп келе жатырмын.
 
Астананы әркім өзінше жақсы көреді, өзінше бағалайды. Ал, Астананың құрдастары елорданы өзінің жан досындай көреді. Төл құрдастардың арманы - келешек Астананың кемелденуіне сүбелі үлестерін қосу.  
 
Динара Мұратқызы, Астананың құрдасы:
Домалап қазағымның өрге тасы.
Думанмен дүрілдесін аспан асты.
Биіктеп, Бәйтеректей зәулімденіп,
Асқақтай бер, елімнің астанасы!
 
Динара сүйікті қаласының 16 жылдығына жырдан шашу шашса, құрдас құрбысы Биязы елорданың мәдени өміріне белсене атсалысып, ән өнерінің ақтаңгері болсам дейді. Қос құрбыға мүмкіндік мол. Себебі, Астана - армандар ақиқатқа айналатын қала.
 
Мейіржан ӘЛІБЕК

Хабарламаларға жазылу