«Проммашкомплект» - заманауи техникамен жарақталған зауыт
Ертістің етегін жайлаған елде экономиканы әртараптандыруға қатысты атқарылған іс ауқымды. Аймақтағы тындырылған шаруаның шалымдысы - индустрия саласында. Әсіресе, мұндағы алып зауыттар мемлекет артқан міндетті мінсіз атқарып келеді.
Индустрияландыру картасы бойынша аймақта 80-нен астам серпінді жоба жүзеге асырылып жатыр. Дені машина жасау, металургия, мұнай-газ және ауыл шаруашылығын қамтыған.
Солардың бірі – осыдан екі жыл бұрын жалпыұлттық телекөпір кезінде тұсауы кесілген «Проммашкомплект» зауыты. Теміржолға қажетті құралдардың түр-түрін шығаратын кәсіпорын әзірге елімізде біреу ғана.
Ал оның өнімін негізінен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен металлургия саласы тұрақты тұтынады. Зауыттағылар кешікпей, жоғары жылдамдықпен жүретін пойыздарға арналған желі шығаруды қолға алмақ.
«Проммашкомплект» - заманауи техникамен жарақталған зауыт. Теміржолдың қиылыстарына қажетті рельстер мен пойыз доңғалақтарын шығарады. Екі жылдың ішінде талай тапсырысты бұлжытпай орындаған нысан әзірге жоспарлы жұмысынан жаңылған жоқ.
Даниэль Болатқұлов, «Проммашкомплект» ЖШС өндіріс бөлімінің басшысы:
Біздің кәсіпорын индустриалды бағдарлама бойынша іске қосылды. Зауыта бағыттама бұрмалардың жылына 1 мың данасын, қосалқы бөлшектердің 2 мың данасын және айқастырғыштардың мың данасын шығарамыз. Сондай-ақ, дөңгелектердің 48 200 данасын жылына өңдеп шығарып отырамыз.
«Проммашкомплект» осы күнге дейін 9 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Зауыт толық қуатқа көшкелі еліміз теміржолға қажетті құралдың импортына иек артпайтын болды.
Керісінше, кәсіпорынның өніміне қазір ТМД елдерінен түсетін сұраныс көп. Ал алдарына қойған мақсатты алқынбай атқарып келе жатқан зауыт басшылығы алдағы уақытта басқа да жобаларды жүзеге асырмақ ниетте.
Даниэль Болатқұлов, «Проммашкомплект» ЖШС өндіріс бөлімінің басшысы:
Біз келесі жылы бұйырса, жоғары жылдамдықтағы теміржол саласына қажетті бағыттама бұрмаларын шығаруды жоспарлап отырмыз.
Кәсіпорында қазір 560-тан астам жұмысшы бар. Солардың бірі - Жүсіп Ахметов. Бригадир болып қызмет істейді. Ресейге барып, алты айлық арнайы курстан өткен ол қазір бар білгенін жастарға үйретіп жүр. Зауыттағы жұмыстың дені автоматтандырылғандықтан, бұл жерде қол еңбегі аз әрі жұмыс жеңіл де өнімді дейді.
Жүсіп Ахметов, бригадир:
Елбасының арқасында Екібастұз қаласында үлкен бір зауыт ашылды. Қанша халық жұмыс тауып, жұмыс істеп жатыр. Зауытта жалақы уақытында беріліп тұрады. Өте жақсы. Жұмысымыз өзімізге ұнайды.
Ал, мынау - Павлодарда іске қосылған жаңа зауыт. Өндіріс қаладағы мұнай өңдеу зауытынан шығатын сығымдалған газдан арнайы тұнба өндіреді. Ол тұнба «Еуро-3», «Еуро-4» деп аталатын жоғары сапалы жанар-жағармай шығаруға таптырмайтын элемент.
Бұған дейін еліміз эфир тұнбасы деп аталатын шикізатты тек шеттен тасымалдап келген. Енді осы зауыттың арқасында басқа елге экспорттайтын жағдайға жеттік.
Ерлан Құсанов, «Нефтехим ЛТД» ЖШС-ның директоры:
Біз іргеміздегі «Павлодар мұнай өңдеу» зауытынан газ аламыз. Ол біздің негізгі шикізатымыз саналады. Соны өңдеп, жанармайға керек жоғары октанды заттар мен басқа да тұрмысқа қажетті бұйымдар шығарамыз. Негізінен полипропилен шығарамыз. Ол өнімді негізінен Еуразиялық экономикалық одақтың нарығымен бірге Финляндия, Қытай, Түркия секілді елдерге экспорттаймыз.
Зауыт жылына 20 мың тонна эфир тұнбасын, 30 мың тонна полипропилен және 35 мың тонна пропилен шығарады. Қазір эфир тұнбасын тұтынатын Атырау мен Шымкент мұнай өңдеу зауыттары да сырттан келетін шикізатқа деген тәуелділіктен арылды. Ал өндірістің екінші кезеңі іске қосылғалы зауыт қазақстандықтарды қажетті тұрмыстық тауарлармен де қамтамасыз ете бастады.
Ерлан Құсанов, «Нефтехим ЛТД» ЖШС-ның директоры:
Біз бүгінде полипропиленнен дайын өнімдер шығаруға кірісіп кеттік. Былтыр индустриаландыру картасы бойынша жаңа цехты іске қостық. Онда азық-түлік пен құрылыс материалдарына қажетті қапшықтар мен басқа да түрлі ыдыстар жасап шығарамыз.
Көлемі жағынан шағын болғанымен, зауыт индустриялық бағдарлама бойынша жыл соңына дейін грануляция жасау цехын іске қоспақ. Оның құны 6 миллиард теңге. Тың жоба. Цех түгел озық үлгідегі технологиямен жабдықталатындықтан, одан шығатын өнім сапалы әрі кез келген елдің тауарымен бәсекелесе алады.
Ерлан Құсанов,«Нефтехим ЛТД» ЖШС-нің директоры:
Біз осы гарнулация цехын ашқан соң, халық тұтынатын өнімдерді өзімізде шығара бастаймыз. Әсіресе, отандық автокөлік зауыттарына қажетті көптеген бұйымдар шығармақпыз. Бұл өз кезегінде отандық автоөндірісті дамытуға септігін тигізеді.
Экономиканы әртараптандыру бағытында іске қосылған зауытқа барлығы 5,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, 550 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың қатарында жас мамандар өте көп.
Кейбіреулері шетелдерде білім алып, біліктіліктерін жетілдірген. Олар өз тәжірибелерін зауыттағы әріптестерімен бөлісе отырып, келешекте жартылай фабрикаттар емес, тұрмысқа қажетті дайын өнімдер шығаруға күш салып жатыр.
Асылбек Жұмабеков, инженер-технолог:
Метилтредбутиль эфирі бензин өндірісінде оттекті жоғары октанды қоспа ретінде пайдаланады. Ал полипропиленге келетін болсақ, бүгінде көптеген салада кез келген тауар пласмассадан жасалады. Яғни, сол полипропиленді өндіреміз. Еуразиялық экономикалық одақ тұтынушыларымызды көбейтеді, деп ойлаймыз.
Павлодар облысында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жоспарланған 85 жобаның 53-і бүгінде іске қосылған. Оларға барлығы 1 триллион теңге жұмсалса, өз кезегінде жүзеге асқан жобалар 174 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Ал аймақ басшылығы болса, қазір келесі бесжылдыққа арналған жобаларды кластерлік бағытпен дамытуға ден қойғалы отыр.
Айбек ҚОБДАБАЙ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Елімізде 46 экологиялық аумақ құрылады
26.04.2026, 23:32
Зейнетақы жүйесіне өзгерістер енгізіледі
26.04.2026, 23:30
Экологиялық саммитте 2 млрд долларға қандай келісімдер жасалды?
26.04.2026, 23:28
«Бизнес», «элит», «комфорт» класс атаулары заңда жоқ. Сонда қалай?
26.04.2026, 23:27
Арал теңізін толық қалпына келтіру мүмкін бе?
26.04.2026, 23:15
Алматыда «SuperStar KZ» мегажобасына іріктеу өтіп жатыр
25.04.2026, 20:08
«Бату хан» тарихи-деректі романы таныстырылды
25.04.2026, 20:06
«Қазақстан» РТРК» ұжымы сенбілікке шықты
25.04.2026, 20:05