Егін науқаны басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Егін науқаны басталды

27.04.2014
Егін науқаны басталды
Кірісті күріштен құраған диқан бізде Сыр мен Іле бойында ғана. Ал қазақ даласының негізгі байлығы - бидай. Былтыр естеріңізде болар, сол бидай қанасына сыймай өсті.
 
«Көктемнің бір күні жылға азық» деген нақыл бар теріскей жұртында. Өйткені, дәл қазір қамданған диқан күзде пайдаға кенеліп, қыстық қорын жиып алады. Дұрыс шықса, әрине.
 
Қазақстан жер асты байлықтарынан соң, екпінді  ауыл шаруашылығына салады. Оның ішінде мал шаруашылығының жөні бөлек, бірақ негізгі күш - егінде.
 
Ет пен сүт, жүн-тері жақсы десек те, экспорты мандымай отыр. Ал, бидай экспорты жолға қойылған. Мысалы, былтыр бес миллион тонна астық экспортталған.
 
Жақын отырған Қытай мен Ресей, Әзірбайжан мен Өзбекстан, Тәжікстанды былай қойғанда қазақтың астығы Иран мен Түркияға да, Гүржі еліне де экспортталып отыр.
 
Ендеше дәнді дақыл егіп, өңдеп, сатып пайдаға шықсақ несі жаман. Яғни, біздің биліктің ауыл шаруашылығына оның ішінде нақты көктемгі егіс пен күзгі жиын-терімге ыждаһатпен қарамасқа амалы жоқ.
 
Көктем көрінісі көңілді. Жер жыртқан жұрт, дән себілген алқаптар. Алтайдан Атырауға дейінгі атырап қыстың қамына қазірден кірісті. Республика бойынша диқандардың 100 пайызы егіс жұмыстарына дайын. Оңтүстік өңір дәнді-дақылдарды себу жұмысын толық аяқтаса, Солтүстік, Шығыс, Батыс облыстар мамырдың бірінші және екінші онкүндігінде кіріседі.
 
Жалпы, 2014 жылы 21,8 миллион гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Оның 15,9 миллион гектары дәнді дақыл. 12,8 миллион гектар бидай, 2,0 миллион гектар майлы дақыл, 3,4 миллион гектар мал азықтық дақыл және 410,0 мың гектар көкөніс-бақша дақылдары, картоп салынбақ.
 
Сағынтай Жұмажанов, ҚР АШМ департаментінің сарапшысы:
Жалпы, осы өсімдік шаруашылығы саласына берілетін субсидия көлемі биылғы жылы 70 миллиард теңге. Бұл - қомақты ақша, былтырғымен салыстырғанда 2 есеге таяу өсіп отыр. Бұдан басқа 3,5 миллиард теңге көктемгі, жазғы тұқымдық астықты сатып алуға.
 
Қазіргі шаруаның күйі жақсы. Бұрындағыдай жанар-жағармай тапшылығы, тұқымның азшылығы сияқты мәселелерді айта бермейді. Мемлекеттен бөлінетін субсидия көлемі де артты. Ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарының дені бұл қолдауға разы. Есесіне өнім де жоспардағыдай өндіріліп жатыр.
 
Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Жол картасы бойынша бірқатар іс-шаралар көзделген, ауыл шаруашылық саласы бойынша. Оларды қаржылай сауықтандыру, инвестициялық субсидиялау және инвестициялық қаржыландыру секілді 3 блокқа бөлуге болады. Ол жерде кіші-үлкен деп бөлмей, бұл бәсекеге шыдай алатын көлемі оптимальді түрдегі қожалықтарды, кәсіпорындарды қолдау көзделіп отыр. 
 
Осындай қолдаулардың арқасында ауыл шаруашылығы тауарларының, оның ішінде астықтың экспорты ұлғайды. Мәселен, өткен жылы Қазақстан алыс-жақын шетелдерге жалпы құны 1 миллиард 2 милион доллар болатын 5 миллион тоннаға жуық астық экспорттады.
 
Негізгі импорттаушы - ТМД елдері. Олардың көшін Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері бастап тұр. 5 миллион тонна астықтың 3 миллион 600 мың тоннасы немесе 74,4 пайызы осы елдерге жөнелтілген. Қазақстандық астыққа Иран, Түркия, Грузия, Қытай елінен де сұраныс жоғары.
 
Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Жыл басында біз астық экспортының орташа жоспарын белгілеген болатынбыз. Ол 7 миллион тоннаны құрап отыр. Кез келген экономикалық интеграция тауар айналымын арттырады. Сондықтан, біз өзіміз тұтынатын және дәстүрлі нарықтарға саудаға шығаратын астық көлемін арттыруымыз керек. Біздің стратегиялық мақсатымыз осы.
 
Болашақта тек астық емес, өзге де тауарларды экспорттау мәселесі қаралып жатыр. Сыртқы нарыққа шығарар өнім көлемі де ұлғайып келеді, жол да ашық. Бірақ, ұсақ шаруашылықтарды кес-кестейтін қолбайлаулар да бар.
 
Әуезхан Даринов, Қазақстан фермерлер одағының президенті:
Елбасымыздың қойған талабы бар. Өндірісті 4 есе көбейту керек деген. Сондықтан, көбейген уақытта оны қалай шетелге шығарамыз деген сұрақ туындап жатыр. АШМ-да қолдап отыр, Қазақстан фермерлер одағы  да қолдауда, кооперация құруды. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында біздің 60-70 мың фермер бар. Солардың басын қосып, кооперация құру керек.
 
Кооперация құрылса, шаруа өнімін алыс елдерге дорбалап емес, арбалап тасымақ. Тоған Әбішев Солтүстік Қазақстандағы шаруа қожалығының бірінде қызмет етеді. Егінге әлі ерте, күн жылымай тұр. Дегенмен, техникасын сайлап дайын отыр.
 
Тоған Әбішев, шаруа қожалығы директорының орынбасары:
Биылғы жазға 6 мың гектар егін саламыз ба деп жоспарлап отырмыз. Соның ішінде 1000 гектары арпа, қалғаны бидай. Дайындығымыз жақсы.
 
Қауқарымыз 6 мың гектар емес, одан да зорғысына жетеді дейді, диқан. Бірақ жер жоқ. Бір өкініштісі, кезінде кейбір ірі шаруашылықтар жерлерін банкке кепілдікке қойған. Кейін өздері банкротқа ұшырап, қазір жер қаңырап тұр. Не өзіне, не өзгеге жоқ. 
 
Тоған Әбішев, шаруа қожалығы директорының орынбасары:
Жер аз бізде. 6-ақ мың гектар. Күшіміз бар, тағы 2-3 мың гектар жерге себуге болар еді. Маңайымызда учаскелер  бар. Бірақ өтіп кеткен, тастап кеткен, соны алу қиын болып тұр.
 
Сары алтынды қамбаға тонналап құятын Қостанай өңірінің дайындығын айтпай кетуге болмас. Облыс диқандары - көктемгі егіске тас-түйін дайын. Шаруаларға 71 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай беріледі. Тек Қостанай емес, еліміздегі ірілі-ұсақты шаруашылықтың бәрі бұл көмекті ала алады.
 
Сағынтай Жұмажанов, ҚР АШМ департаментінің сарапшысы:
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге керекті көлемі 360 мың тонна, оны беру мәселесі шешілген. 1 литріне 95 теңгеден келісілді. Наурыз, сәуір айында беретін көлемнің қазір жеткізілгені 141 мың тонна.
 
Былтыр ел қамбасына 5 жарым миллион тонна астық құйған қостанайлықтар, биылғы жылды да табысты аяқтайтындарына сенімді. 
 
Жалпы, дала жұмыстарын жүргізуге азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы  4 миллиард 200 миллион теңге қарастырылған. 22 мың трактор мен өзге де техника алқапқа түрен салуға әзір тұр.
 
Қайрат Смайылов, Қостанай облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
Былтырмен салыстырғанда майлы дақылдарға субсидия гектарына 3800 теңгеден 9 мың теңгеге көтерілді. Мал азығына 1 мың теңгеден 6000 теңгеге көтерілді. Бидайға берілетін субсидия - гектарына 650 теңге.
 
Әйтсе де, Қостанай облысының алқабында бидайдың үлесі әлі де басым. Биыл барлығы 4 миллион 800 мың гектар жерге дән себілсе, соның 3 миллион 900 мыңы бидайға тиесілі.
 
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, 2 миллион, 70 мың тонна тұқым керек. Оның 99,3 пайызы дайын тұр. Тек былтыр құрғақшылық болған Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында 17 мың тонна тұқым тапшылығы бар. Бұл кемістік мемлекеттік тұқым қоры есебінен өтелмек екен. Жалпы, ел аумағы бойынша техника да, жер өңдейтін құрал-жабдықтар да дайын тұр.
 
Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу