Хатынь – қасірет мекені - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Хатынь – қасірет мекені

27.04.2014
Хатынь – қасірет мекені
«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс». Сол күркіреп өткен соғыстың мұңы ұмыт болса да, сызы көңілде бар.
 
Өйкені, II Дүниежүзілік соғыста мыңдаған емес миллиондаған тағдырлар тас-талқан болды. Тек Кеңес одағынан ғана 27 миллион адам соғыстың құрбаны болыпты. Сұмдық емес пе, бір мемлекеттің халқына тең кісі төрт жылда қырылып қалса.
 
Соғыстың аяқталғанына биыл - 69 жыл. «Бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп әнекей, жағада тұр», деп Мұқағали жырлағандай, ардагерлер де жыл санап сиреп барады. Тірі естеліктер азайған сайын соғыстың сұмдықтары мен батырлардың ерлік істері де қалайда тарих қойнауына тереңдей түсері анық.
 
Хатынь – қасірет мекені. Жүзден аса адамның сүйегі күл, үйі көмірге айналған орын. 1943 жылдың көктемінде Хатынь ауылы тарихтан жойылды. Мәңгілікке.
 
Сол зұлмат оқиғаға дейін бұл жерде 26 үйі бар, бейбіт өмір кешкен беларусьтердің шағын деревнясы болды. 22 наурыз күні таңертең партизандар деревнядан 6 шақырымдай жерде өтіп бара жатқан немістің автоколоннасына оқ атады. Атыс барысында неміс офицері өледі.
 
Тарихи деректерге сүйенсек, оққа ұшқан неміс Гитлердің өзі құрмет тұтқан спортшы болған. Оның өлімі жауапсыз, жазасыз қалмауы тиіс еді. Содан кейін фашистер отряды Хатынь ауылын қоршауға алады. Олар қарияларды, әйелдер мен балаларды айдап әкеліп, қамбаға қамап, сыртынан от қояды.
 
Айнұр Омар, тілші:
1943 жылдың көктемі. Хатынь ауылында тірі жан қалмады. Үйлер де отқа оранды. Үйлердің орнында тек мынадай, мойны сорайған мұржалар қалды. Мұржалардың өзі қазір ескерткішке айналған. Әр миунт сайын мұржадан осындай қоңырау қағылады.
 
Қазақ «отың сөнбесін», дейді. Бұл үйлерден енді ешқашан түтін шықпайды. Азалы қоңырау үні ғана ертеректе өлген иелерін жоқтап тұрғандай. Күллі ауылдан бір-ақ адам тірі қалады. Ол 56 жастағы ұста - Иосиф Каминский еді.
 
Баласын оттан алып шыққанымен, күйік шалған шала-жансар жеткіншек әкесінің қолында қаза болады.   Хатынь мемориалына кіре берісте қайғыдан қан жұтқан осы қарияның ескерткіші қарсы алады. Ары қарай ауылдың тасқа айналған бейнесі.
 
Айнұр Омар, тілші:
Бұл мемориал осыдан 40 жыл бұрын салынған. Архитекторлар ауылдың бәз-баяғы қалпын сақтап қалуға тырысады. Көшелер, ауыл адамдары су ішкен құдық, тіпті олардың үйлерінің орны. Мысалы, мына үйде Казмир Феликсович деген кісі тұрған. Алты балалы отбасы сол қайғылы оқиғада түгелдей жанып кетеді. 
 
Хатынь ауылынан өзге Беларусь жерінде 628 деревня тұрғындарымен бірге тірідей өртелген. Оларға да осы мемориалдан ескерткіш бұйырған. Арасында қайта қалпына келтірілгендері де бар, бірақ 186 ауыл мүлдем жойылып, жермен-жексен болды.
 
Хатынь - беларусь тілінен аударғанда «хата» үй деген мағынаны береді. Ал Хатыньды мемориал кешеніне айналдырған архитекторлар ауылдың келбетіне сол күйінше қалдырған.
 
Юрий Градов, Беларусь Республикасының Еңбек сіңірген архитекторы:
Хатыньдықтар жерленген жерде қарапайым белгі ғана тұрды. Бірақ, біз батыл қадам жасадық. Кеңес одағы кезінде діни белгілерге қатаң тыйым салынатын. Осыған қарамастан, біз шіркеу қоңырауларын орнаттық. Біз олар өлсе де, соңында жоқтаушылары бар екенін айтқымыз келді. Ал ауылдың түпнұсқасын сақтадық.
 
Үй иелері де, бала-шағаның аттары да сол күйінше сақталып тұр. Аралары алыс болса да, көшелері кең болғанға ұқсайды. Қалың орман ортасындағы алақандай ғана алаң. Ал мынау - 174 адамның шыбын жаны шырқырап, өртенген сарай.
 
70 жыл бұрынғы қанды оқиғаға куә болған осы мүлгіген орман ғана. II  Дүниежүзілік соғыс кезінде осы орманда мыңдаған партизан болды. Соның бірі - 90-ға келген Дмитрий Марченко.
 
Дмитрий Марченко, соғыс ардагері, партизан:
Беларусь елінде 1941 жылдың өзінде соғыс бастала салысымен, 10000 партизан болды. 42 жылы партизан қозғалысы күшейді. Ал 43 жылы еліміздің бірнеше ауданы неміс басқыншыларынан азат болды. 44 жылға қарай 374 мың партизан болса, оның 50 мыңы әйелдер, 26 мыңы 18-ге де жетпеген балалар еді. Барлығы жас-кәрісіне қарамай шайқасты. Көпірлерді қиратып, неміс гарнизондарын жоюға септігін тигізді.
 
Бұл орманның әр бұтасы қарт партизанға жақсы таныс. Соғыс аяқталғанша олар Беларусьтің деревняларын қорғап, жауға тұтқиылдан тап беріп отырған.
 
Дмитрий Марченко соғыс ардагері, партизан:
Беларусь - соғыстан ең қатты зардап шеккен ел. Фашистер бізді оп-оңай басып аламыз деген сенімде болды. Көзіне көрінгенді қырып-жойып, ойларына келгенді істеді. Тірідей өртегендері қаншама. Өлім лагерлерін құрды, бала-шағаны шала-жансар күйінде көміп тастады. Соғыс кезінде біздің елдің 9200 деревнясы жау қолынан құтқарылды. 
 
Құтқарылмай қалған Хатынь және 186 ауыл тарих қойнауына кетті. Мемориалға аяқ басқаннан адамның адамға жасар жауыздығында шек болмағанын байқайсың. Өртенген ауылдан бөлек, айуандықпен, азаппен өлтірілген мыңдаған адамға арналған тақта бар. Мемориалға асфальт жол төселмеген. Оның да мәнісі бар.
 
Қиындық пен қасірет, ақырында азапты өлім. Оның бәрін сезіну үшін асықпай аралау керек, сезіну керек. Жыл сайын, көктем кезінде бұл кешенде қаралы жиын болады. Оқушылар мен ардагерлер келеді. Балалар үшін бұл - тарихтың қаралы беті болса, үлкендерге кешегі өткен қасіретті күндер.
 
Алина Кабачевская, оқушы:
Мен үшін өте қайғылы жағдай. Немістер біздің халықты осынша қорлағанына жылағым келеді. Мен бүкіл адамзатқа бейбіт өмір сүріңдер, деп тілеймін. Соғыс деген өте қорқынышты. Менің әжем де осыны жиі айтып отырады. Көз алдыңда туғандарыңды өлтіру - жаныңа еш уақытта жазылмайтын жара салады деп.
 
Бұл деревняның 174 тұрғыны тірі қалғанда қазір гүлденген ауыл болар ма еді, осында, кім білген. Бұл жерге жылына мыңдаған, бәлкім миллиондаған адам келеді. Жандары мәңгі тыныштыққа оранған хатыньдықтарды еске алады.
 
Олар тұрған үйге гүл шоқтарын қояды. Кей жерлерде ойыншықтар мен тәтті-дәмділер де тұр. Тірідей өртеніп, мына өмірдің қаттысын да, тәттісін де көре алмаған 74 балдырғанның болмаған да, болмайтын да балалық шақтарына арналған естелік сияқты.
 
Айнұр ОМАР 

Хабарламаларға жазылу