Оралмандар азаматтықты 1 жылда алатын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралмандар азаматтықты 1 жылда алатын болды

27.04.2014
Оралмандар азаматтықты 1 жылда алатын болды
Елім деп келген қандастар енді азаматтықты сарылып ұзақ күтпейді. Үкімет көші-қон туралы заңды жетілдіру тұжырымдамасын қарап, шеттен оралған қандастарымызға азаматтықты бір жыл төңірегінде беру туралы шешім қабылдады. Бұл өте қуанатын, тіпті сүйінші сұрайтын жаңалық болып отыр.
 
Расын айту керек, осыдан бір жыл бұрын біздің билік өзге мемлекеттерден оралған адамға Қазақстанның азаматтығын беру процесін төрт жылға дейін созып жіберген еді. Сол кезде қоғам ол талапқа қанша сын мен мін тақса да, әңгімеден әрі аспаған.
 
Енді міне, билік қоғамдық пікірді ескеріп, игі-жақсының айтқанына құлақ асып, осындай шешім қабылдап отыр. Құтты болсын! Негізі Қазақстанға қарай 1991-ші жылы басталған ұлы көште 1 миллионға жуық қандасымыз тарихи Отанына келіп қоныстанған.
 
Өсіп-өнген, өркендеген, тамыр жайған. Бір қой егіз қозы тапса, бір түп жусан артық шығатынын білетін қазақ, қатарының көбейгеніне, қандасының оралғанына қуанды.
 
Бірақ соңғы кездері көштің ептеп саябыр тартқаны, сирегені жасырын емес еді. Оған түрлі көзарастар мен түрлі кедергілер себеп болғаны тағы рас. Енді міне, заң түзелді, ендеше көш те қайта түзелер деген сенім бар.
 
Былтыр қабылданған «Көші-қон туралы» Заң қоғамда біраз дау тудырып, шетте жүрген қандастардың көңіліне қаяу түсіргені мәлім. Құжатты депутаттар бірауыздан қолдаса да, оралмандардың алдын ораған заңды қайта қарау туралы ұсыныстар жер-жерден жиі айтылып келді. Енді міне араға жыл салып ел Үкіметі «Халықтың көші-қоны туралы» Заңға оң өзгерістер енгізетінін жеткізді.
 
Біріншіден, енді шеттен келетін қандастар ел азаматтығын алу үшін 4 жыл тоспайды. Оларға ел азаматтығы бір жылда берілетін болды. Екіншіден...
 
Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Барлық қандастарымыз қай аймаққа келcе де, олардың барлығына бірдей оралман мәртебесі берілуі керек. Екіншіден, этникалық қазақтардың төлеу қабілеттерін дәлелдеуінің қажеті жоқ.
 
Былтыр қабылданған заң бойынша қандастарымыз тек Қаулымен айқындалған 7 аймаққа ғана қоныстануы тиіс еді. Жаңа тұжырымдамада ол талаптардың барлығы алынып тасталды. Енді келетін ағайын еліміздің қай аймағына ат басын тірейтінін өзі таңдайды.
 
Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Жалпы, қай аймаққа барамын десе де, қандастарымыздың өз еркі. Бірақ, егер біз анықтаған еңбек ресурстарына дефицит аймақтарға баратын болса, оларға қосымша әлеуметтік пакет берілетін болады.
 
Қосымша әлеуметтік жеңілдікке не кіреді? Біріншіден, бұл көшіп келу жол ақысы. Екінші, жүк тасымалының құнын өтеу және алғашқы кездегі басқа да шығындар. Ең бастысы - жалға берілетін баспана. Оны бес жылдан кейін қалаған сомасын төлеп, жекешелендіруге болады.
 
Бейсен Ахметұлы, қоғам белсендісі:
Соңғы 2-3 жылда саябырсып қалғаны белгілі. Моңғолиядағы қазақтар болсын, Қытайдағы қазақтар болсын, Ресейдегі қазақтар болсын. Бірақ, енді бүгінгі шешімнен кейін келушілер  біртіндеп көбейетін  болады.
 
Жалпы, тәуелсіздік жылдары 994 мың қазақ елге оралған. Олар қазір халықтың 5,5 пайызын құрайды. Соңғы жылдары көштің кібіртіктеп қалғаны рас. Мысалы, Қазақстанға 2011 жылы – 47 112 адам, 2012 жылы – 39 401 адам, 2013 жылдың тоғыз айында – 21 949 адам көшіп келген. Алыс-жақын шетелде әлі де 5 миллионға жуық қазақ барын ескерсек, бұл шешім талай қандастың атамекенге оралуына сеп болмақ.
 
Бейсен Ахметұлы, қоғам белсендісі:
Шындығын айтқанда, бұл шешім дүниежүзіндегі қазақ жастары үшін үлкен қуаныш. Енді келетін ағын білімді жастар болады, деп есептеймін. Ал, бұл - Қазақстан үшін үлкен адам капиталы, сонымен бірге саяси дұрыс қадам.
 
Бұл жаңалық жырақта жүрген 5 миллион қазақты ерекше қуантты. Қазір Қытайда оқып жүрген Нұрдәулет оқуын бітіре салысымен Қазақстанға келіп, кәсіп иесі атанып, өз Отанында өсіп-өнуді ойлап жүр.
 
Нұрдәулет Бөкейханұлы, шеттегі қандас:
Бұл бір үлкен  қуаныш шынында да. Өйткені, шеттегі қазақтар бір жылда азаматтық алса, үлкен жеңілдік болады. Осы Заң өте қолайлы. Әркім өзі қалаған жеріне орналасқысы келеді. Бұл өте жақсы.
 
Үзбен ақсақал Ахмет немересін домбырамен ән айтуға баулып жүр. Ахмет те атасының көңілінен шығуға тырысып, сәби даусын соза түседі. Ата мен немеренің күндегі әдеті осы.
 
Үзбен ақсақал Моңғолиядан 3-4 жыл бұрын көшіп келді. Кезінде Баян-Өлгий аймағындағы қандастарды елмен жақындастыруға ерекше күш салған қария қазір зейнетте. Биліктің шеттегі ағайынды елге тартудағы оң шешіміне дән риза.
 
Үзбен Құрманбайұлы, қала тұрғыны:
Пәтер мәселесінің шешілуі маңызды. Өте мықты азаматтар келеді. Осы азаматтарымыз бір-бір кірпіш болып қаланып, ірі лауазым иелері болады. Енді көш жалғасады. Қазақстанның өркендеуіне үлкен үлес қосады.
 
Сөйтіп, бұйдасы кері айналған қазақ көші қайта жанданатын болды. Енді қазақ көбейеді.
 
Гүлжан МАРҚАБАЙ

Хабарламаларға жазылу