Назарбаев университетінде саясаттанушылар бас қосты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Назарбаев университетінде саясаттанушылар бас қосты

27.04.2014
Назарбаев университетінде саясаттанушылар бас қосты
Кеше Астанада Назарбаев университетінде саясаттанушылар бас қосты. Бас қосты да, «Қазақстан-2050» стратегиясының басым бағыттарын және бұған дейін тындырылған шаруаларды пысықтады.
 
Саясаттанушылар мен саясаткерлер, тарихшылар мен әлеуметтанушылар, жастар мен үкіметтік емес ұйым белсенділері қатысты. Мақсат - 2050 стратегиясын талқылау.
 
«Бұл жиын Еуразиялық экономикалық одақты құру алдында ұйымдастырылып отыр, сонысымен де маңызды», деді Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев. Ал, «Қазақстан-2050» стратегиясында Қазақстанның интеграциялық бағыттары да қамтылған.
 
Юрий Солозобов, РФ Ұлттық стратегия институтының халықаралық жобалар жөніндегі директоры:
Еуродақтың экономикалық даму туралы конгрестерінің бірінде болғанымда, күнде құбылған мына әлемде экономиканың барлық тарапын қамтитын ұзақмерзімді бағдарламалар жоқ деген пікірлер айтылды. Мен: «Қалай жоқ?! Қазақстанда - бар», дедім. Мемлекеттің 2050 жылға дейінгі дамуы қамтылған стратегия бар екенін айттым. Сол кезде жаһандық сарапшылардың таңғалғаны бар.
 
Меже - айқын, бағыт-бағдар бар. Оны орындайтын тетік кезең-кезеңімен көрсетілген. Енді тек жұмыла жұмыс істеу керек, сонда ғана нәтиже шығады дейді стратег саясаткер.
 
Юрий Солозобов, РФ Ұлттық стратегия институтының халықаралық жобалар жөніндегі директоры:
Стратегия тек Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына керек емес екені түсінікті. Бұл мемлекетке керек, бұл қазір қолда бар даму көрсеткіштерін еселеуге қажет. Сол үшін саясаттанушылар ел ертеңі үшін, Еуразиялық экономикалық одағы үшін жұмыс істеуі керек.
 
Сонымен, сарапшылар сүзгіден өткізіп, экономистер мен қаржыгерлер есептеп, үкіметтегілер тетігін түзіп, бағдарлама жұмыс істей бастады. Одан бері де бір жылдан астам уақыт өтті. Бір қарағанға көп те емес, аз да емес.
 
Сонымен, стратегияның бір жылдығы. 2013 жылдың соңында елдің халықаралық қоры 10,5 пайызға өсіп, 95,2 миллиард АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордың активтері 70,5 миллиард АҚШ доларына жетті. 14 өңірде де өндірістің өсімі тіркелді.
 
Қазақстандық дайын өнім әлемнің 111 еліне экспорттала бастады. Жеңіл автокөлік өндіру 2 есе өсті. 2007 жылдары отандық банктердің сыртқы қарызы ішкі жалпы өнімнің 50 пайызын құраса, 2013 жылы 5 пайызға дейін төмендеді.
 
Ахан Бижанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
«Қазақстан-2050» стратегиясының жүзеге аса бастағанына бір жылдан асты. Мұндай шаралар ғылыми зерттеулер мен сараптамалар жасауға, болашаққа бағыт-бағдар алуға мүмкіндік береді. Саясаттанушылар қауымдастығы жиналып, стратегияның алғашқы жылының жетістіктерін ортаға салмақшымыз. Ауыз толтырып айтарлық жетістіктер де бар. Пікір алмасатын тақырыптар да бар.
 
Тәуелсіздік жылдары 418 адам саясаттану саласы бойынша ғылыми дәреже алса, 180 адам Болашақ бойынша шетелді білім алған. 6000-нан аса саясаттанушы мен әлеуметтанушы бар. Жоғары оқу орындарында саясаттану мен әлеуметтану бағытындағы 36 кафедра жұмыс істейді. Жиында осы саладағы мамандардың жұмысын жүйелеу туралы сөз болды. Сырт көз сыншы.
 
Қазақстанның Сыртқы және ішкі саясатынан хабары бар азаматтардың бірі - Назарбаев Университетінің президенті. Салмақты стратегияны жүзеге асыруда замана талабына сай маман даярлау қашанды маңызды, дейді.
 
Шигео Катсу, Назарбаев Университетінің президенті:
Келесі жылы біздің университеттің алғашқы студенттері бітіре бастайды. Университет қабырғасымен қош айтысатындардың ішінде стратегиядағы жауапты салаларды жүзеге асыратын білікті мамандар бар, деп сенімді түрде айта аламын. Олар елдің дамуына сөзсіз үлесін қосатын болады.
 
Жиын соңында отыз алты жылдық ортақ меженің орындалуына серпін беретін қарар қабылдады. Онда ғылым мен білім саласын, және интернет қоғамдастық пен жалпы қоғамның әлеуетін біріктіруге бағытталған ұсыныстар қамтылған.
 
Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу