1 сәуірден бастап жалақы, зейнетақы, шәкіртақы көбейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 сәуірден бастап жалақы, зейнетақы, шәкіртақы көбейеді

30.03.2014
1 сәуірден бастап жалақы, зейнетақы, шәкіртақы көбейеді

Қазақстанда халықтың хал-ахуалы көршілес елдерге қарағанда көш ілгері. Қашаннан шүкір дескен қазақпыз. Бір күннен соң елдегі жас пен жасамыстың зейнетақысы, жалақысы мен жәрдемақысы көбейеді.

 
Бір айдан соң, ақшаңызды он-он бес пайызға өскен күйде аласыз. Бұл өсім не болады деп мұрынды шүйіретіндер де табылар. Алайда, мойындарына дағдарыстың қамыты киілгенде, еуропалықтардың қалай есеңгірегенін білесіз. Әлеуметтік төлемдер тоқтатылды.
 
Бейнетімнің зейнетін көремін деген шақта шал-шауқанның зейнетақысы қысқарды, ұзақ жыл өндірісте табан аудармай еңбек еткен қарапайым жұрт зауыт-фабрикалары жабылып, бір-ақ күнде жұмыссыз қалды. Ақыры Еуропа елдерінің ереуілдетіп, қауқарсыз билікпен қалай жағаласқаны есте.
 
Мұндай күрделі кезең біздің де бастан өтті. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау. Тоқтаусыз рецессия, асаудай аспанға шапшыған инфляция. Жұрт бірнеше ай зейнетақы, жалақыдан қағылды. Ерлер сенделіп үйде отырды. Қыз-келіншектер қапшық арқалап, базар жағалады.
 
Ірі кәсіпорындар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Қазақстанның капиталимзге өту дәуірінің өз шежіресі бар. Төрт түлік басы азайып, малшылар таяқ ұстап қалды. Сол балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен қиын кез қазір артта қалды. Үлкендердің «Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз» деуі бекер емес екен.
 
Әсел өзінің болашағын болашағы зор қала Астанамен ғана байланыстырады. Сондықтан, Семейде мектепті бітіре салысымен, құжаттарын Астанадағы Еуразия ұлттық университетіне тапсырды. Түсті. Қазір тегін оқып жатыр.
 
Әсел кейбіреулер секілді ақшаны жөнсіз жұмсамайды. Әке-шешесінен де сұрамайды. Ол теңгенің тиыннан құралатынын жақсы біледі, сондықтан алатын 15 мың теңге шәкіртақысын үнемдеп жұмсайды, жеткізеді.
 
Әсел Серікова, Еуразия ұлттық университетінің I курс студенті:
Қазіргі алып жүрген шәкіртақым - 15 мың теңге. Бізге өте қуанышты хабар жетіп жатыр, 1-ші сәуірден бастап шәкіртақымыз 10 пайызға артпақ.
 
Қазір ел бойынша 131 жоғары оқу орнында 520 мыңнан астам студент оқып жатыр. Грантта оқитын студенттердің шәкіртақысын 10 пайыз ұлғайту үшін республикалық бюджеттен 4,7 миллиард теңге бөлінді.
 
Әсел Серікова, Еуразия ұлттық университетінің I курс студенті:
2015 жылдан бастап шәкіртақы 25 пайызға өседі. Бұйырса, сол жылдары мен үшінші курста боламын. 25 пайыз аз емес, ол бізге үлкен көмек болады.
 
1-ші сәуірден бастап зейнетақы да өседі. Бұл - осы жылда қосылып отырған екінші үстеме. Жыл басынан бері зейнетақы 14 пайызға артты, соған сай қазір орташа зейнетақы көлемі Қазақстан бойынша 46 мың 661 теңге болып бекіді.
 
Гүлнәр Тоқсейітова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитет төрағасының орынбасары:
Орташа зейнетақы 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін 41 мың 046 теңге болатын. Ал, енді 1 сәуірден бастап 46 мың 661 теңгені құрайды. 4 миллионнан астам адамға тиісті төлемдер көбейтілді. Бұған 53,4 миллиард теңге жұмсалды. 1,9 миллионы зейнеткерлер. Қалғандарының барлығы жәрдемақы алушылар.
 
Амангелді Кенжеғозинов - зейнеткер, II топтағы мүгедек. Жасы 70-ке жеткен ақсақал қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқ. Облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшесі. Әрі тәуелсіздіктің бастапқы 9 жылында облыстық Әлеуметтік қорғау басқармасына жетекшілік еткендіктен білгені мен көңілге түйгені мол.
 
Амангелді Кенжеғозинов, зейнеткер, II топтағы мүгедек:
Республика бойынша 2 миллион зейнеткер бар, соның 600 мыңы жоғары зейнетақы алады. Қалған 1 миллион 400 мыңы төмен зейнетақы алады. Орта есеппен 40-42 мың алады. Ал енді 1 сәуірден бастап зейнетақының өсуі - үлкен қуаныш.
 
Қазақстанда қазір 485 мың мүмкіндігі шектеулі азамат жәрдемақы алады. Қазір осы топтағы азаматтарға тиісті төлем көлемі ұлғайып қана қоймай, оларды жұмыспен қамту ісі қолға алынды.
 
Гүлнәр Тоқсейітова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитет төрағасының орынбасары:
I топ мүгедегі 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін 25 мың теңге алатын болса, сәуірден бастап 28 мың теңге алады.
 
Көпбалалы аналар да мемлекет қамқорлығынан шет қалмады. Қазір бізде алтын мен күмістен алқа таққан 245 мың 700 ана, 221 мың жас ана бар.
 
Гүлнәр Тоқсейітова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитет төрағасының орынбасары:
Егерде жанұяда 1, 2, 3 бала дүниеге келсе, ол балаға 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін 51 мың теңге төлейтін болса, ал енді 1 сәуірден бастап 58 мың теңге төлейді. Ал 4-тен көп баласы бар жанұяға 1-ші қаңтарға дейін 86 мың теңге төленіп келсе, қазір 96 мың теңге төлейді. 10 мыңдай қосылып жатыр.
 
Алдағы сейсенбіден бастап азаматтық қызметкерлердің жалақысы да 10 пайызға артпақ. Ол үшін республикалық бюджеттен 63,5 миллиард теңге бөлінді.
 
Оралдық дәрігер Жұмаш Садықова өмірінің 40 жылын медицина саласына арнапты. Оралдық дәрігерлер мемлекет тарапынан нақты қолдауды сезінетіндерін айтады.
 
Жұмаш Садықова, дәрігер:
Медициналық көмектің сапасы көтеріліп, біздің техникалық базамыз да жақсарып жатыр. Біз соған қуаныштымыз. Азаматтық қызметкерлердің жалақысының көбеюі орынды деп санаймын. Себебі ол бізді жұмысқа ынталандырады және табыс көзі.
 
Республикалық бюджеттен барлығы 121,6 миллиард теңге бөлінді. Аз ақша емес. Басты мақсат - әлеуметтің әлеуетін арттыру. 
 
Гүлжан МАРҚАБАЙ

Хабарламаларға жазылу