Ұлыстың ұлы күнін Ресейдегі қазақтар да атап өтті. Оның ішінде ел астанасы Мәскеуде ерекше тойланды.
Қазақтар деп қалдық... Өткен ғасырдың 20-шы жылдары Мәскеуде бар-жоғы 15 қазақ өмір сүріпті. Үш жылдан соң, қандастардың саны 110 адамға жеткен.
Ол жақта қазақ мәдениетінің сүт бетіндегі қаймақтары білім алғаны тарихтан белгілі. Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ғазиза Жұбанова сынды ғалымдар мен өнер қайраткерлері дәріс алып, қызмет істеген. 60-70 жылдары Мәскеу өнеркәсіп, ғылым мен мәдениет салалары үшін ұлттық кадр дайындайтын орталық болды.
Сөйтіп, атағы алысқа жеткен ірі қалаға жан-жақтан жұрт көп ағылды, оның ішінде қазақтар да бар. 1979 жылғы санақ бойынша 4 жарым мың қазақ Мәскеуге қоныстаныпты. Ал, он жылдан соң ондағы қазақ диаспорасының саны сегіз мыңға жеткен.
Көбі құрылысшылар мен зауыт жұмысшылары, әртүрлі шығармашылық иелері, студенттер мен аспиранттар, Қазақстанның дипломатиялық өкілдері және кәсіпкерлер еді. Бүгінде олардың саны 17 мыңға жетті.
Мәскеу қазақтарының басын қосқан құндылықтар - тіл, тарих және салт-дәстүр, әрине. Олар Наурыз мерекесін 1990 жылдардан бері атап өте бастады. Биыл қалай? Туған елден тыс жерде жүрген қазақтар мен түркі тілдес халықтар үшін Наурыз несімен есте қалды?
Нұртас Солтанұлы, тілші:
Биыл Мәскеу жұртшылығы Наурызды былтырғыға қарағанда кеңінен тойлады. Жалпы, 2006 жылдан бері Ресей астанасында Ұлыстың ұлы күні жалпықалалық мейрам саналады. Бұл жолы мерекелік шараға қаладағы Наурызды тойлайтын 16 диаспораның өкілдері мен 6 бірдей мемлекеттің елшіліктері қатысты.
Әз-Наурызды алдымен мәскеулік студенттер қарсы алды. Тұңғыш рет Ресей астанасындағы бірнеше елдің студенттері жас та болса бас болып, барлық шараны өздері ұйымдастырды. Мәселен, қазақ студенттері ерекше ауызбірлік танытып, мерекеге жан-жақты дайындалды.
Рауан Кенжетай, И.М.Губкин атындағы Ресей Мемлекеттік мұнай және газ университетінің студенті:
Басқа ұлттардан қалыспай Наурыз көжемізді ертемен дайындап, бауырсағымызды пісіріп, осылай дастарқанымызды жайнатып қойдық. Бәріміз бөлісіп алып, бауырсақты бір университетке беріп, наурыз көжені біреуіне беріп осылай дайындадық ұйымдасқан түрде.
Әлия Шуриева, шараны ұйымдастырушы:
Қазақстаннан, туған жерімізден алыс болсақ та, өзіміздің мейрамымызды және салт-дәстүрімізді ұмытпай, бүкіл университеттердің студенттерін жинап, бәріміз осы мерекені бірге тойлағымыз келді.
Наурызды көрген адам Мәскеуде емес, Астанада немесе Ташкентте жүргендей күйге бөленді. Әр ұлттың дастарқанынан бөлек, қол күрестіру, арқан тартысу сынды спорт түрлерінен сайыс өтті.
Ониама Кеннедс, нигериялық студент:
Наурыз деген өте жақсы мереке екен. Мен Нигериядан келіп, Мәскеуде оқып жатқандықтан, бұл мейрамға бірінші рет қатысып тұрмын. Наурыз құтты болсын!
Ілияс Артықов, өзбекстандық студент:
Наурыз - жылына бір-ақ рет келетін көктем мерекесі. Бұл шараға біз жан-жақты дайындалдық. Осылайша түрлі ұлттардың достығын, бірлігін көрсеткіміз келді. Ендеше бәрімізге ортақ мерекеміз құтты болсын!
Ал қалалық деңгейдегі Наурыз, Ресейдің мемлекеттік орталық концерт залында өтті. Бұл жерде бүкіл қазақ, қырғыз, өзбек, әзірбайжан, түркімен, татар, башқұрт сынды ұлт өкілдері бас қосып мәре-сәре болды. Себебі, әз-Наурыз көктемнің ғана емес, бірліктің, достықтың мерекесі.
Зулфиор Бахтиоров, Тәжік диаспорасының өкілі:
Наурыз - біз үшін ең бір жарқын мерекенің бірі. Бұл күні біз ерте тұрып, жақсы киімдерімізді киіп, үйді тазалаймыз. Дастарқанға 7 түрлі дәм қоямыз. Бұл күні «сумалак» атты ұлттық тағамымызды әзірлейміз. Мәскеуде де осы дәстүрді сақтауға тырысамыз. Барша қазақ халқын осы ортақ мерекемен құттықтаймын!
Шахана Бекирова, Әзірбайжан диаспорасының өкілі:
Әзірбайжандар бұл мерекені 7 күн бойы тойлайды. Мерекеге арнап тәтті, дәмді тағамдар пісіреміз. Сонымен қатар, тілек тілеп, жанып жатқан оттан секіреміз. Мәскеуде жүрсек те, осы дәстүрімізді сақтауға тырысамыз.
Мерекелік шара алдымен ұлттық қолөнер туындыларының жәрмеңке-көрмесімен басталды. Яғни, әрбір диаспора өз шеберлерінің қолынан шыққан түрлі бұйымдарды сөреге қойды. Ал жергіліктің қазақ диаспорасы көппен бірге көрмеге қатысып, ұлттық мәдениетін баршаға паш етті.
Омар Айшах, Қазақ диаспорасының өкілі:
Мәскеуде жүргенде, елді сағынғанда осындай басқосу жақсы. Бүгін атамекенімізден келген әртістерді тыңдап көңілімізді көтердік. Бұл мерекені шын жүректен тойлаймыз. Бұл - нағыз жаңа жыл, өйткені, табиғаттың гүлденетін кезі.
Шекер Қаһарманова, Қазақ диаспорасының өкілі:
Береке, бақыт берсін бәрімізіге де. Бейбітшілік орнығып, аспанымыз ашық болсын. Жаманшылық болмасын. Бақытты болайық.
Мереке кезінде әрбір диаспора өз ұлтының дастарқанын да жайды. Жиналған жұрт қазақтың қазы-қартасы мен бауырсағынан, өзбектің палауы мен әзірбайжанның долмасынан дәм татты. Тіпті, кейбір жұрт өздерінің биін билеп, ұлттық аспаптарында ойнап, шат-шадыман болды. Содан соң Наурыз мерекесі гала-концертке ұласты. Салтанатты кешке әрбір диаспораның өнерпаздарымен қатар, ТМД-ның өзге елдерінен келген танымал әншілер де қатысты.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
Осылайша Наурыз мерекесі биыл бұқаралық сипат алды. Салтанатты шара көңілді әрі қызықты өтті. Ауа райы да дәл мереке қарсаңында күрт жылынып, жұртқа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ